«АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен келісімді біржақты бұзу туралы депутаттар мен сарапшылар не дейді?

Жарияланды
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен келісімді бұзу туралы сарапшылар не дейді? / shutterstock

«АрселорМиттар Теміртау» компаниясының көмір департаментіне қарасты «Костенко» шахтасында болған апат салдары Қазақстан қоғамын дүр сілкінтті. Аталған компанияға қарасты шахталарда апат жиі болады, өлім-жітім де көп.

1995 жылғы 17 қарашада сол кездегі Қарағанды металлургия комбинаты Лакшми Митталдың «LNM Group» компаниясының меншігіне өтті және «Испат-Кармет» ААҚ деп аталды.

Қарағанды облысының көмiр өнеркәсiбi кәсiпорындарын дағдарыстан шығару жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң  1996 жылғы 20 қыркүйек № 1153 Қаулысымен жекеменшікке шығарылғаны туралы құжат бар.

«Үкімет Қарағанды көмiр бассейнi  шахталарының экологиялық қауiпсiздiгiн, олардың жұмыс iстеудi жалғастыруын қамтамасыз ету мақсатында және «Жекешелендiру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күшi бар Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы» шыққан.   

«Испат-Кармет» 2004 жылы «Миттал Стил Теміртау», 2007 жылы «АрселорМиттал Теміртау» деп аталды.

Алайда, бұл компания осы жылдар ішінде ең көп апат болған және адам шығын жиі болатын компания ретінде ерекшеленуде, өкінішке орай. «Kursiv» редакциясының есебінше, бұл – биыл болған екінші апат. Ал, Миттал меншігіне өткелі мұнда 9 рет апат болыпты.

«Сарапшылардың айтуынша, бұл апаттардың барлығы өндірістік қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындаған. Бұл туралы компанияға мемлекет тарапынан талай аудит жүргізіліп, мониторинг жасалды, компания басшылығына талай ескерту жасалды, айыппұлдар салынды», деп жазды апат туралы заңгер, мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Депутат 1995 жылдан бері «АрселлорМитталТеміртау» «кен орындарында болған апаттан 100-ден аса адам қаза тапқан, 150-ден аса адам түрлі деңгейдегі жарақат алған», деген дерек келтіреді.

«Оның ішінде жарақатының ауырлығынан мүгедек болып қалып, еңбекке жарамдылық қабілетінен айрылғандары да бар. Былтыр бір аптаның ішінде бес жұмысшы қаза болғаны есімізде. Биыл тамыз айында «Казахстанская» шахтасында болған өрт салдарынан 4 адам бақилық болды. Осындай кезде Үкімет қайда қарап отыр деген сұрақ туындауы заңды» ,деп жазды депутат Facebook парақшасында.

Тамыз айындағы апаттан соң Президент атышулы компанияның орнына басқа инвестор табу туралы Үкіметке тапсырма бергенін айтқан Абзал Құспан, «мұндай шешім бір күнде қабылданбайды, себебі оның құқықтық астары көп. Шамасы, былтырдан бері жүргізілген тексерулер мен бірнеше айдан бергі келіссөздердің нәтижесі осыған әкелді» деп топшылайды.

Белгілі саясаткер Данияр Әшімбаев кен орындарындағы қайғылы оқиғалардың тым көбейіп кетуіне тек қана үндістандық инвестордың өзін ғана кіналай беруге болмайды. – деген сыңайда пікір білдірді. Оның ойынша мәселенің осыншалықты ушығып кетуіне тиісті қадағалаушы орындар тарапының салғырттығы себеп болған көрінеді.  

  «Миттал, әрине, жиіркенішті инвестор, бірақ осы жерде  әділдік үшін айтуымыз керек. Бізде Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты  Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті бар екенін  ескерген жөн», деп жазады Данияр Әшімбаев.

 Сондай-ақ, оның дерегінше, облыстық әкімдіктерде  өнеркәсіп және еңбек инспекциясы басқармалары жұмыс істейді.

«Бұрын өнеркәсіптік қауіпсіздіктің ұлттық ғылыми-техникалық орталығы (бұрынғы тау-кен өнеркәсібіндегі қауіпсіздік жөніндегі Шығыс ғылыми-зерттеу институтының Қарағанды ​​филиалы) болды. Оны үкімет 2017 жылы таратқан болатын. Сондықтан сұрақтар тек Митталға бағытталмауы керек», – дейді сарапшы.

 Ол сонымен қатар, аталған кен орындарын Үкімет бүгін қайтарып алғанымен, ертеңгі тағдыры қалай болатынына қатысты да өз ойын айтып кетті.

«Кармет» пен оның кеніштері мемлекет қарамағына берілсе, ерте ме, кеш пе, үкімет оны басқа қожайынға итеріп жібереді, ал одан кейін де өнеркәсіптік және еңбек қауіпсіздігі мәселелерін мемлекет жіті қадағалап отыратынына кепілдік қайда?»,- деді Д. Әшімбаев өзінің Telegram арнасындағы парақшасында.

Ал, белгілі экономист-сарапшы Атамұрат Шәменов болса , «Арселор Митталды» ел қазынасына қайтару қиынға соғатынын айтады.

  «Арсело́рМи́ттал Темірта́у» – сонау тоқсаныншы жылдары алғашқылардың бірі болып  жекешелендірілген ірі компания. Өндіріске 1,5 миллиард доллар инвестиция тартқан. Біріншіден, кен орындары үкіметтің қатысуымен кезінде жекешелендіріп, оны үнді магнаты сатып алды, енді оны тегін қайтарып алу мүмкін емес. Жалғыз жолы – қайтадан сатып алу. Бірақ ол қымбатқа түседі. Екіншіден, Қазақстан экономикасы әлем экономикасына байланған. Нарық тілімен айтқанда  интеграцияланған, енді шетелдіктерге алдымен сатып, соңынан қайтып аламыз деу – мемлекетіміздің имиджіне де нұқсан келтіреді»,-дейді белгілі сарапшы.

28 қазан күні болған қайғылы жағдайға қатысты пікір білдірген, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев  осындай жағдайдан кейін  ешкімнің абырой беделі мен байлығына қарамау керек деген пікір білдірді.   

«Олигархтар миллиардтаған ақша пайда табады.. Оны қарапайым қазақстандықтар өз өмірімен төлейтін  «инвестициялары» халқымызға және экономикамызға бітпейтін қайғыдан басқа ештеңе әкелген жоқ. Мемлекеттік комиссия апатты жан-жақты тексеріп, қайғылы оқиғаның нақты кінәлілерін анықтап, жауапкершілікке тартуы керек. Кеншілерді қанаушылардың тікелей бенефициарларының жоғары мәртебесі мен байлығына қарауды доғаруымыз керек. Қазақстанның табиғи байлығын пайдаланудан ең алдымен еңбекқор халқымыз пайда көруі тиіс. Өзгенің табысы үшін қайта-қайта адам өліміне әкелетін жағдай орын алмауы қажет», – деді Перуашев.

Дегенмен, мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, АрселорМиттал Теміртаумен ынтымақтастық байланысты үзуі – мемлекеттің халықаралық аренадағы бет-бейнесіне инвестициялық тартымдылығына зиянын тигізбеуі керек. «Қазақстанның экономикасына қаржысын салуға дайын, өз ісіне адал шетелдік инвесторларды тарту» маңызды екенін айтты депутат.

«Бұған дейін «АрселлорМиттал» кен орындарындағы өндіріс қауіпсіздігін сақтауға қатысты, жергілікті халықтың денсаулығына тигізген зиян мен қоршаған ортаны ластауды азайтуға қатысты берілген шағымдар мен ескертулерді дұрыс орындаған жоқ. Мұны дәлелдейтін айғақ жеткілікті. Сонда да онымен келісім-шартты біржақты түрде бұзу халықаралық деңгейдегі жанжалға апармауын қадағалау керек. Кеше ғана қамауға алынған экс-министрдің ісінен белгілі: шетелдік кәсіпкер Статимен болған сотта Қазақстан миллиардаған шығынға батты, бірақ сонда да жеңіліске ұшырады. Яғни, мемлекет мүддесін кім қалай қорғайды деген мәселені майшаммен қарау керек».

Депутат Абзал Құспан бұл мәселеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «кәсіби биліктілігі, халықаралық аренадағы тәжірибесі мен беделі көмек бола сөзсіз» деп сенім білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз