Барлық кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырамын – Президент

Жарияланды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді.

«Сіздердің міндеттеріңіз – адамдармен тікелей жұмыс істеу, кездесу, сондай-ақ жедел топты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Біз қазір қалыптасқан жағдайды түсіндіру, ең бастысы, шешім қабылдау үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Жергілікті әкімдік тиісті шешім қабылдауы қажет. Кәсіпорынның сұраныстарына сүйене отырып, қажетті нәрсенің бәрін анықтаңыздар. Үкіметтік комиссия барлық мәселені пысықтауға тиіс. Мен не істеу керек екенін айттым. Әркім өзіне қатысты жұмысты біледі. Министрлер, басшылар өздерінің жұмыс тәсілдерін білуі керек. Президент әр оқиға сайын келіп, тапсырма береді деп күтіп отыруға болмайды», деді президент.

Ол сонымен бірге құрылған комиссияға бұл апатқа кінәлі адамдарды анықтап, барлығын жауапқа тартуды тапсырды.

«Вадим Борисович Басинге кәсіпорынды басқаруды өз қолына алуды тапсырамын. Үкімет пен әкімдікке жан-жақты тиісті көмек көрсетуді, Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі құрылымдармен бірлесіп, апат салдарын жою және кеншілерді құтқару үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырамын. Ішкі істер министрлігі зардап шеккен адамдардың отбасыларымен жұмыс істеуі керек. Үкіметтік комиссияға азаматтардың қаза болуына әкеп соқтырған өрттің мән-жайын тергеуді, барлық кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев сонымен бірге іздестіру-құтқару жұмыстарын барлық қажетті күшті тарта отырып, күшейтілген режимде жалғастыруды және азаматтарға әр 10-15 минут сайын ақпарат беріп тұруды тапсырды.

Еске сала кетсек, бүгін түнде «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды.

Бұл қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл білдірді. Мемлекет басшысы Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Сонымен бірге мемлекет басшысы апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысына барып, қазақ тапқан кеншілерідің отбасымен кездесті. Бұл қайғылы оқиғадан соң, президент 29 қазанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, оны Әлихан Смайыловтың өзі басқарады.

Премьер-министрдің төрағалық етуімен құрылған комиссия құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысы әкімдігінің, еңбек инспекциясының, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдері және т.б. кірді.  

Сонымен бірге шахтада болған апатты Бас прократура тексереді. Шахтадаға қайғылы оқиғадан кейін арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының неғұрлым тәжірибелі қызметкерлері мен ТЖМ мамандары кірген.   

Соңғы ақпарат бойынша кеніште 32 адам қаза тапқан. Қалған адамдарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.   

Сондай-ақ оқыңыз