Президент 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады

Жарияланды
29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды / Фото: kursiv.media

29 қазанды Мемлекет басшысы Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысына барған. Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасыларымен және туған-туыстарымен кездесіп, көңіл айтты.

«Қасым-Жомарт Тоқаев апаттың мән-жайын анықтап, кеншілерді құтқару үшін және зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына шұғыл көмек көрсету жөнінде қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді. Президент сондай-ақ ертеңгі күнді, яғни 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын айтты», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бүгін түнде «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды.

Бұл қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл білдірді. Мемлекет басшысы Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, оны Әлихан Смайыловтың өзі басқарады.

Премьер-министрдің төрағалық етуімен құрылған комиссия құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысы әкімдігінің, еңбек инспекциясының, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдері және т.б. кірді.  

Сонымен бірге шахтада болған апатты Бас прократура тексереді. Шахтадаға қайғылы оқиғадан кейін арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының неғұрлым тәжірибелі қызметкерлері мен ТЖМ мамандары кірген.  

Сондай-ақ оқыңыз