Жаңалықтар

29 қазан тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 13 – қаралы күн

Елімізде осыған дейін 12 рет Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты бүгін елімізде Мемлекеттік Ту төмен түсіріліп, ArcelorMittal Temirtau компаниясына қарасты «Костенко» шахтасында қайтыс болған адамдар үнсіздікпен еске алынады.

2023 жылғы 29 қазан жылнамаға тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы 13- қаралы күн болып жазылады. Бүгін Қазақстанның шетелдегі өкілдіктерінде де көк байрақ желбіремейді.

Елімізде 13- рет жарияланып отырған Жалпыұлттық аза тұту күнінің үшеуі шахталардағы жарылысқа байланысты болды. Қазақстанда ең алғаш рет Жалпыұлттық аза тұту күні осыдан 17 жыл бұрын жарияланды. Халқымыздың бір жылда 2 рет аза тұтқан сәті де тарих қойнауына кетті.

2006 жылғы 21 қыркүйекте Қазақстан халқы алғаш рет аза тұтты. Қарағанды облысының Ленин атындағы шахтасында болған техногенді апат 41 кеншінің жанын жалмап, 7 адамды зақымдады. Осы үшін шахтаның 6 жауапты қызметкері сотталды. Үшеуі шартты түрде 1 жыл бас бостандығынан айырылды. Қалғандары 1-3,5 жыл арқалап, түрмеге қамалды.

2008 жылғы 11 қаңтарда Қарағанды облысындағы Абай шахтасында жарылған метан 400 метр тереңдікте жүрген 30 кеншінің өмірін үзді. 14 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Бұл жолы 3 инженер-техник кінәлі деп танылды. Іс 2 шенеуніктің қызметтен аластатылуымен жабылды. Алғашқы Жалпыұлттық аза тұтудан 2 жыл өткенде Қазақстан халқы екінші рет 13 қаңтар күні 3 күн қатарынан аза тұтты.

2010 жылғы 11 наурызда бұрынғы Алматы, қазіргі Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасында бөген бұзылып, ауылды су басты. Салдарынан 45 адам келмеске кетті. Оның 11-і бала болды. Ауылдың 300 тұрғыны жарақат алды. Адамдар орасан зор материалдық шығын шекті. 2010 жылғы 16 наурыз Жалпыұлттық аза тұту күні болып бекітілді.

2012 жылғы 30 мамырда «Арқанкерген» шекаралық бекетінде 12 шекарашы мен қорықшы кісі қолынан қаза тапты. Осы қылмысты жасады деп айыпталған шекарашы Владислав Челах 11 желтоқсанда өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Ұлттық аза тұту күнінің жариялануына байланысты, 5 маусымда еліміздің мемлекеттік туы түсірілді. Бұл 2012 жылдың еншісіне жазылған алғашқы Жалпыұлттық аза тұту күні еді.

2012 жылғы 25 желтоқсанда Шымкент маңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің ұшағы құлап, борттағы 27 адам бақилық болды. Мемлекет басшысына осы жылдың 27 желтоқсанын да Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялауға тура келді. Әуе апатына кінәлі деп танылған Шымкент әуежайының диспетчері 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

2013 жылғы 29 қаңтарда Алматы маңындағы Қызылту ауылына жақын жерде Scat авиакомпаниясының Көкшетау-Алматы бағытындағы Chellenger-200 ұшағы жерге құлап, 21 адам көз жұмды. Осыған байланысты 31 қаңтар қаралы күн болып жариялады.

2016 жылғы 5 маусымда Ақтөбе қаласында радикалды ұстанымдағы қылмыстық топ 2 қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасады. Қарулы қақтығыс кезінде 24 адам ажал құшты. Олардың арасында 8 – қала тұрғыны, 3 – әскери адам және 13 – қылмыскер болды. 9 маусым күні қазақстандықтар тағы да аза тұтты.

2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайында 2 қабатты үйге соғылып, 15 адамды жоқ қылды. Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 желтоқсанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Осы оқиғадан соң Bek Air әуе компаниясы лицензиясынан айырылып, біржолата жабылды.

2020 жылғы 13 шілде Қазақстан Республикасында коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін жалпыұлттық аза тұту күні болып бекітілді. 3 жылдан астам уақытқа созылған жаһандық пандемиядан Қазақстанның 13 848 азаматы қайтыс болды. Пандемияның соңы жемқорлық дауына ұласты. Бірқатар лауазымды тұлға сотқа сүйрелгенмен, қылмыстық жауапқа тартылған жоқ.

2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан 28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасындағы өрттен және одан кейінгі жарылыстан 17 адам қайтыс болып, 98 адам зардап шекті. Сол кезде хабар-ошарсыз кеткен Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегі бір жылдан кейін табылды.

Осы оқиғадан соң Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. Ал полковник, марқұм Мейіржан Аймановқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
2021 жылғы 29 тамыз Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

2022 жылғы 8 қаңтарда Қазақстан билігін күшпен басып алу мақсатындағы террористік актілердің салдарынан жазықсыз жандар жапа шекті. Бас прокуратураның мәліметінше, контртеррористік операция кезінде 238 адам қайтыс болды. Президент 2022 жылғы 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп белгіледі.

2023 жылғы 12 маусым Президенттің өкімімен Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Халық мұны Абай облысындағы орман өртінен қайтыс болған 14 орман шаруашылығы қызметкерінің аруағына көрсетілген құрмет деп қабылдады.

2023 жылғы 29 қазан «Костенко» шахтасындағы жарылыстан көз жұмған кеншілерді еске алу үшін Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Қайғылы оқиға осыған дейін айтылған, бірақ шешілмеген мәселелердің жарасын тырнап жіберді.

«АрселорМитталТеміртау» компаниясына тықыр таянды. Бірақ бұл үшін қарапайым еңбек адамдары жер жастануға тиіс емес еді.

Сөз басында айтқанымыздай, елімізде 13- рет жарияланып отырған Жалпыұлттық аза тұту күнінің бірі Ленин атындағы шахтаға, екіншісі Абай шахтасына, үшіншісі «Костенко» атындағы шахтаға қатысты болды. Қарағанды қаласында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Көмір департаментіне қарасты Саран, Қазақстан, Шахтинск, Тентек және Күзембаев атындағы тағы 5 шахта бар. Мұнда да кеншілер күні-түні жұмыс істейді. Оларды қандай тағдыр күтіп тұр? Белгісіз. Өйткені олардың қауіпсіздігіне тиісінше назар аударылмайды.

Бүгінге дейін жер астынан 33 кеншінің мүрдесі шығарылды. Шахтаның астында әлі 13 адам бар. Олардың өлі не, тірі екені белгісіз. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ал халық өмірдің жеңгенін тілеп отыр.