«Қазақтелеком» дивидендтер төлеуге 33,4 млрд теңге бөледі

Жарияланды
Фото: «Қазақтелеком»

27 қазанда өткен «Қазақтелеком» АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысында 2022 жылғы бөлінбеген пайдадан дивидендтер төлеуге 33,4 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылданды.

Дивидендтің мөлшерін анықтауға компанияның директорлар кеңесінің 2023 жылғы 21 сәуірдегі шешімі негіз болды. Оған сәйкес «Қазақтелеком» АҚ бір акциясы 3 038 (үш мың отыз сегіз) теңге 36 (отыз алты) тиын құрайды.

Дивиденд мөлшерін есептеу кезінде акционерлердің жалпы жиналысы бекіткен «Қазақтелеком» АҚ дивидендтік саясат туралы ережеде көзделгендей, қаржылық тұрақтылық пен өтімділік көрсеткіштерін ескере отырып, компанияның 2022 жылдың аяғындағы қаржылық-экономикалық жағдайы ескерілді.

«Қазақстан заңнамасына және компания жарғысына сәйкес артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер сомасы сол кезеңдегі жай акциялар бойынша дивидендтер сомасынан кем болмауға тиіс. Артықшылықты акцияға кепілдендірілген дивиденд мөлшері акциялардың номиналды құнының 30% мөлшерінде белгіленеді. Осылайша, қарапайым және артықшылықты акцияларды қоса алғанда, дивидендтердің жалпы сомасы 33,4 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде жай акциялар бойынша дивидендтер төлеуге 32,5 миллиард теңге, артықшылықты акциялар бойынша – 907,8 миллион теңге бағытталады»-делінген хабарламада.

«Самұрық-Қазына» АҚ орналастырылған жай акциялардың 79,24% -(8 655 561 жай акция) иеленетінін ескере отырып, компания дивиденд түрінде 26,3 миллиард теңге алады. Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 30 мамырында өткен «Қазақтелеком» АҚ акционерлерінің жылдық жалпы жиналысында 2022 жылдың қорытындысы бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған жоқ. Осыған байланысты өткен жылы таза пайданы бөлу мәселесі ашық күйінде қалды. 27 қазанда шешім қабылдануына байланысты «Қазақтелеком» АҚ акциялары бойынша дивидендтер ағымдағы жылдың қараша айында төленетін болады.

Сондай-ақ оқыңыз