Evergrande-нің тағдыры, NASDAQ индексі түзету аймағында

Жарияланды
Фото: REUTERS/Aly Song

Технология саласындағы ірі компаниялардың ІІІ тоқсанда бұлтты қызметтер мен AI-дан алған кірісі сарапшылардың болжамын ақтамады. Сондықтан олардың акциялары төмендеп, NASDAQ индексіне кері әсер етті. Сарапшылар кредиторлардың Evergrande-ге қарсы сот ісін алаңдаушылықпен бақылап отыр. Егер компания жабылса, бұл бүкіл Қытайдың құрылыс индустриясында «дүлей толқын» тудырады. Демалыс күндері әлемдік БАҚ осы тақырыптарды жазды.

NASDAQ түзету аймағына енді: инвесторлар нені ескеруі керек?

Өткен аптада NASDAQ индексі өзінің 52 жылдық тарихында 70-і рет түзетуге ұшырады. АҚШ-тағы «Теңдессіз жетілікке» кіретін технологиялық компаниялар басым индекс 2023 жылдың басынан бері шамамен 23% төмендеді.

Ірі технологиялық компаниялардың бұлтты және AI қызметтен ІІІ тоқсандағы кірісі сарапшылардың болжамына жетпей қалды. Дегенмен акцияға шаққандағы жалпы табыс өсті. Бұл ретте тек Microsoft ерекшеленген, Azure бұлтты сервисінің арқасында оның пайдасы бүкіл көрсеткіштерінен асып түсті. Yahoo Finance жазуынша, Meta-ның табысы да болжамдардан асып түскен. Алайда компания әлемдегі геосаяси күйзелістерді ескере отырып, төртінші тоқсанға консервативті болжам жасап отыр.

Interactive Brokers бас стратегі Стив Сосник нарық үлкен технологиялық акциялардың тар тізіміне сүйенсе, бұл қауіпті дейді. Инвесторлар AI-ға салынған инвестициядан жоғары табыс күткені анық, бірақ бұл технология инвестицияны тиімді өтейтіндей монетизацияланған жоқ. Атап айтқанда, Amazon мұны тоқсан сайынғы есебінде мойындады.

GraniteShares бас директоры Уилл Райнд инвесторлар «сәндегі» технологияларға аса назар аудармауы керек деген пікірде:

«Нарықтың болашағы пайыздық мөлшерлемеге байланысты, олар циклдің басында болуы мүмкін, өйткені АҚШ экономикасының жағдайы жақсы. Өсім мен табыс тұрақтылығын байқататын компанияларға назар аударған дұрыс».

Evergrande сотындағы шешуші күн


17 айлық сот талқылауынан кейін Гонконг соты кредиторларға 327 миллиард долларға жуық қарызы бар қытайлық ең ірі девелопер – Evergrande компаниясының жұмысын тоқтату шағымы бойынша шешім қабылдауы керек. Бұл туралы Bloomberg жазады. Бұрын қарызды қайта құрылымдау жоспарын қолдаған бір топ кредиторлар қазір екіұдай күй кешіп отыр. Evergrande 2023 жылдың қыркүйегінде кредиторлар жиналысын тоқтатып, қарызды қайта құрылымдау шартына қатысты келіссөзді қайта бастағаннан кейін, олардың ұстанымы өзгерді.

Егер Evergrandе тараса, ол Қытайдың сатылым төмендеуі, үй сатып алушылар сенімінің азаюы және өтімділік проблемалары салдарынан зардап шегіп отырған бүкіл құрылыс индустриясына үлкен соққы болады. Қытайлық девелопердердің қарыз дағдарысы басталған 2021 жылдан бері Гонконг соты үш құрылыс компаниясының жұмысын тоқтату туралы шешім шығарды. Standard & Poor’s бұған дейін соңғы үш жылда 50-ден астам қытайлық девелопер дефолтқа ұшырағанын айтады.

Сарапшылар бұл жағдайға қатты алаңдар отыр, өйткені кейінгі жылдары Қытайдың жалпы ішкі өнімінің 25%-ы құрылыс секторының үлесінде еді. The Wall Street Journa Оның күйреуі жаһандық қаржылық дағдарысқа әкелуі мүмкін деп жазады.

Хедж-қорлар «уран қорларына» инвестиция салып жатыр

2020 жылдың соңынан бастап уран бағасы 125%-ға өсті. ХЭА бағалауы бойынша, жаһандық атом қуатының қуаты 2050 жылға қарай екі есе артуы тиіс. Бірнеше хедж-қор – Terra Capital, Segra Capital және Anaconda Invest бұл ресурс құнының айтарлықтай өсуін күте отырып, уран өндірушілер мен жеткізушілерінің акцияларына ықпалын арттыра бастады.

Terra Capital өкілі Мэтью Лэнгсфорд Energy Fuels Inc., Ur-Energy Inc. және NexGen Energy Ltd компанияларына басымдық беріп отыр. Ол «бұл компаниялардың акциялары 50%, 100%, одан да жоғары әлеуетке ие болуы мүмкін» дейді. Фукусима апатының күйзелісі өтті, енді атом өнеркәсібі «төмен көміртекті болашаққа» көшудің маңызды элементіне айналып, ал Еуропалық Одақта ол «жасыл» энергия мәртебесін алды.

Google Anthropic AI стартапына 2 миллиард доллар салуды жоспарлап отыр

Anthropic жасанды интеллект жүйесінің әзірлеушісі Google-дан 2 миллиард доллар алуы мүмкін. Бұл туралы Bloomberg өз дереккөзіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. Мәміле стартаптың келесі қаржыландыру раундында стартаптың меншікті капиталына есептелуі тиіс айырбасталатын нота ретінде құрылымдалады. Дәл осындай шартпен Amazon бір компанияға 4 миллиард доллар инвестиция салған.

Сондай-ақ оқыңыз