Жаңалықтар

Астана жарықсыз, сусыз қалды: неге?

Астана қаласы жарықсыз сусыз қалды / Фото: freepik

Жексенбі 29 қазан күні түнде Астана қаласының бірқатар аудандары жарықсыз, сусыз қалды. Төтенше жағдайлар және коммуналдық қызметтер қалпына келтіру үшін шұғыл іске кірісті.
Электр энергиясы толығымен қалпына келтірілді. Қазір елорданың барлық 10 қосалқы станциясы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жарық та, су да бар.
Мәселенің мән-жайын қала басшысы Жеңіс Қасымбек түсіндірді.

«Бірқатар шағын аудандарда апатқа байланысты желілерде электр қуаты жоқ. Барлық төтенше жағдайлар және коммуналдық қызметтер апатты жою үшін жұмыс істеп жатыр. Электр қуаты шахмат тәртібімен қайта қосылып жатыр: ішінара Оңтүстік-Шығыс, Мыңжылдық аллеясы, бірқатар тұрғын алаптары және тағы басқалары. Жақын арада барлық басқа учаскелер электр қуатына қосылады. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім және жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауды сұраймыз», – деді қала басшы.

Өз кезегінде Астана әкімдігінің ресми сайты: «Елордада желідегі апат салдарынан бірқатар тұрғын үй электр қуаты мен байланыссыз қалды. Оқиға орнында коммуналдық қызмет өкілдері жұмыс жүргізіп жатыр», – деген ақпарат таратты.

Энергетика министрлігі: «Астанадағы №2 жылу электр орталығындағы қысқа тұйықталу салдарынан электр өндіру қуаты төмендеп кетті», – деп мәлімдеді.

Кейін жаңартылған деректе Энергетика министрлігі ВЛ-110кВ қалалық сақинасында анықталған апат №2 жылу электр орталығындағы электр өндіру қуатын 530 МВт-тан 120 МВт-қа дейін төмендетіп жібергенін жазды.

«Астана су арнасы» ауыз су тапшылығының туындауына қаланы сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге тисті негізгі насос-фильтрлеу станциясының қосалқы станцияларының қуатсыз қалуы себеп болғанын жариялады.

Өз кезегінде «Астана – өңірлік электр» компаниясы:

«Қалалық ВЛ-110кВ шеңберінде апатқа байланысты жарық сөндірілді», – деп хабарлады.

Өкініштісі, осы аралықта чаттарда №2 ЖЭС жарылды деген фейк сурет пен мәтін тарады. Салалық органдар бұл ақпаратты жоққа шығарды. Электр энергиясы толығымен қалпына келтірілді. Дүйсенбі, 30 қазан, таңғы уақыттағы жағдайға сәйкес, елорданың барлық 10 қосалқы станциясы штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

29 қазан Костенко шахтасындағы апатқа байланысты, елде жалпыұлттыұ Аза тұту күні жарияланған болатын.