Жаңартылатын энергия көздерінен қуат алуда Қазақстанның әлеуеті қандай?
Жаңартылатын энергия көздерінің бүгінде маңызы өсуде. Өйткені, энергетика саласы ауа ластануының басты себепкеріне айналып отыр. Мысалы, елімізде барлық парниктік газдар шығарындыларының шамамен 75 пайызы осы секторға тиесілі.
Қазақстанның Париж келісімі шеңберінде парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемесі бар. Соның шеңберінде 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы қабылданды. Осы мақсаттарға қол жеткізуге, соның ішінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға көшу арқылы экономиканы декарбонизациялау процесі елеулі үлес қосар деген сенім мол.
Жаңартылатын энергия көздері күн, жел және гидроэнергия дейтін үштағаннан құралады. Олар мүлде СО2-сіз немесе өте аз мөлшердегі шығарындылармен электр энергиясын өндіреді, бұл оларды декарбонизация процесінің маңызды бөлігіне айналдырады. ЖЭК-ке көшу қазіргі уақытта жаһандық деңгейде қарқын алып келеді. Мәселен, әлемдегі жалпы белгіленген қуаттағы 2022 жылы қосылған ЖЭК-тің үлесі 83 пайызға жетті.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының хабарлауынша, Қазақстан Үкіметі ЖЭК объектілері өндіретін электр энергиясының бірыңғай сатып алынуын қамтамасыз етіп, салықтық және кедендік жеңілдіктер, мемлекеттік заттай гранттар бере отырып, ЖЭК жобаларын белсенді қолдап келеді.
«Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығының соңында елде белгіленген қуаты 2500 МВт-тан асатын 133 ЖЭК объектісі жұмыс істейді. Бұл объектілердің жұмысы 2018 жылдан бастап аукциондық сауда-саттық тетігінің енгізілуінің арқасында мүмкін болды. Аталған тетіктің енгізілуі инвесторлар тарапынан ЖЭК жобаларына сұраныстың артуына ықпал еткен болатын. 2023-2027 жылдар ішінде шамамен 6770 МВт-ты құрайтын ЖЭК-тің белгіленген қуатын аукциондық сауда-саттыққа шығару жоспарлануда», делінеді орталық хабарламасында.
Энергетика министрлігі болса 2030 жылға таман жаңартылатын энергия көзінің үлесі 15 пайыздан кем болмайды деп мәлімдеме жасады.
«Қазақстан өңірдегі энергетикалық лидер мәртебесін нығайта түсуге талпынады. 2030 жылға қарай энергияны экологиялық таза ету үшін жыл сайын 4 трлн доллар инвестиция құйып отыру керек», дейді Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев.
Энергия көздерін жаңарту бойынша халықаралық агенттіктің хабарлауынша, бұл ретте енгізілген энергия көздері отынға жұмсалатын 500 млрд доллардан астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді.
«Біріншіден, энергетикалық инфрақұрылымдарды кеңейту және модернизациялау маңызды. Екіншіден, қазба отыннан жаңартылатын энергияға көшуді саяси деңгейде басымдыққа айналдыруды жеделдету керек. Сонымен қатар білікті кадрлар қажет болады. Бұл салада миллиондаған жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар, ал ол үшін білім беру мен кәсіби даярлықта үйлесімді жұмыс жүргізілгені жөн. Қазақстан жақсы жағдайда, өйткені бұл елде күн мен желдің мол ресурсы бар», дейді халықаралық агенттік директоры Франческо Ла Камера.
«KAZENERGY» қауымдастығының атқарушы директоры Марат Қалменов ЖЭК-ті дамытудағы Қытай жетістігін мысалға келтіреді.
«Әлемдегі ЖЭК қуаттылығының 40 пайызы Қытайға тиесілі. Әлемдік теңіз жел турбиналарының да 48 пайызын еншілеп отыр. Қазақстандағы ЖЭК-тің 30 пайызы да солардың иелігінде. Бұл Жамбыл облысында жарияланған Total Energy жобасы сияқты ауқымды (гигаватт) станциялардың құрылысы. Бірақ француздық компаниядан айырмашылығы, Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің жабдықтарын өндіруді белгілі бір деңгейде оқшаулау ұсынылады (құрылғыға сұраныс туындау үшін минималды талап 500 МВт-тан басталады және 5 жыл ішінде). Болашақта қытайлық жобалардың қызықты ерекшелігі ретінде Қазақстанда жасыл бизнесті жүргізудің RES+ деп аталатын жаңа форматын пайдалану мүмкіндігін айтуға болады. Мысалы, ЖЭК+орнықты (жасыл) ауыл шаруашылығы. Бұл ең болмағанда, жайылымдық жерлер мен мал шаруашылығын дамыту үшін күн батареяларының астындағы бос кеңістікті пайдалануды білдірсе керек», дейді сарапшы.
Елімізде әзірге жел (60-қа жуық) және күн (40-қа жуық) станцияларының саны басым. Алдағы уақытта «жасыл» энергетика нысандары болып есептелетін гидроэлектр станцияларының каскадтары мен құрылыстары басталмақ. Отандық мамандардың айтуынша, жаңартылатын энергия көздерінен энергия жинақтау технологиялары әлемде дамыған, бірақ әзірге олар айтарлықтай қымбат бүкіл станцияны орнату мен жабдықтың құнымен салыстыруға болады) және қазақстандық нысандарда қолданылмайды. Соған қарамастан энергетикалық холдинг әлемдік нарықтағы жағдайды бақылап, жаңа жобаларды жүзеге асыруда сақтау құрылғыларын пайдалану мүмкіндігін қарастыруда.
«Жел электр станциясы үшін инвестициялық тартымдылық секундына 5 метрден жоғары жылдамдықпен үнемі жел соғатын алаңқай және тиісті рельеф болған жағдайда ғана бастау алады. Сонымен қатар тиісті инфрақұрылым керек – қосалқы станциялар мен желілер. Мұның бәрі ЖЭК нысандарын салу кезінде кешенді түрде шешіледі», дейді «Самұрық-Энерго» АҚ «Жоба портфелдерін басқару» кеңсесінің жетекшісі Аңсар Айдаров.
Мамандар жел мен күнді біріктірген комбинациялық станция да салуға болатынын, алайда бұған нысан орналасқан территория мүмкіндік бере бермейтінін айтады.
«Әуелі нысан салынатын алаңдағы күн түсетін күндер мен жел соғатын күндер есепке алынады. Күн электр станциясының аумағы үлкен болады, себебі жоба қымбаттауы мүмкін. Әртүрлі факторларды ескере отырып, шешім қабылданады. ЖЭК-тен алынған бүкіл энергия жалпы электр желісіне кетеді. Ең жоғары жүктемені жабу үшін резервуарлар салынады, сонымен қатар маневрлік қуаттар салынуы керек – бұл, ең алдымен, су электр станциялары. Газға көшкен жылу электр стансалары да жұмысын жалғастырып, әзірге қолданыстағы көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС жұмысын жалғастырады. Яғни жел және күн электр станциялары электр энергиясының жалғыз және негізгі көзі бола алмайды. Маңызды маневрлік қуаттардың бірі, егер ол Қазақстанда салынса, атом электр станциясы болуы мүмкін деп ойлаймын. Бүгінгі таңда әлемнің бірде-бір мемлекеті ЖЭК-ке 100 пайыз толық көшкен жоқ. Мұндай көрсеткішке өте жақын тұрған дамыған елдердің өзі толықтай ЖЭК-ке ауыспады», дейді Алмат Қабыкенов.
Биыл қаңтар-қыркүйек аралығында елдегі ЖЭК 4,91 млрд кВтсағат электр энергиясын өндірген. Бұл 2022 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 25 пайызға жоғары көрсеткіш. Энергия өндіріп беру бойынша жел (2,575 млрд кВтсағат) және күн (1,572 млрд кВтсағат) электр станциялары алда тұр. Гидроэлектр станциялары мен биоэлектр станциялар сәйкесінше 760,9 млн кВтсағат және 2,25 млн кВтсағат энергия берген. Осылайша, жалпы электр энергиясы өндірісіндегі ЖЭК үлесі 5,97 пайызға жетті.
Энергетика министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, елдегі орнатылған ЖЭК нысандарының жалпы қуаттылығы – 2,7 ГВт:
- Жел электр станциялары – 1,247 ГВт;
- Күн электр станциялары – 1,198 ГВт;
- Шағын су электр станциялары – 269,6 МВт;
- Биоэлектр станциялары – 1,77 МВт.