Мәжіліс депутаты Абзал Құспан елімізде заңдар орысша жазылып, қазақ тіліне аударылатынын жайлы бірнеше мәрте сауал жолдаған. Депутат 2024 жылдан бастап Үкімет заңды қазақша жазатыны айтты.
«Бүгін Мәжіліс комитетінде отырысты жүргізген депутат Үнзила Шапаққызы бұл мәселе бойынша Үкіметке сауал жолдады. Бәріміз қолдадық. Содан кейін Үкіметтің атынан вице-премьердің қолы қойылған қағаз келді. Онда «2024 жылдан бастап заңдар қазақ тілінде дайындалады» деп жазылған»-тдеді депутат.
«Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов қызметінен кеткені белгілі. Алайда ол қызметінен кеткенімен, Үкімет орнында ғой. Сондықтан олардың берген уәдесіне сенеміз», – деді ол.
Депутат қазақ тілінде заңдарды дайындауға кіріскенін атап өтті.
«Мысалы, мен 2 заң жобасын дайындап жатырмын. Оның аттарын айта алмаймын. Бірақ оларды қазақ тілінде дайындап жатырмын. Заң шығару бастамасы депутаттардың да қолында бар. Бірақ бізде негізінен Үкімет (заңды) дайындайды. Енді 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап көреміз. Осы мәселеге қайта ораламыз», – деді Абзал Құспан.
Айта кетейік, ҚР Парламенті мәжілісінің баспасөз қызметінде Мемлекеттік тілді дамытуға қатысты Алтай Көлгінов жауабы көрсетілген.
«Министрлік Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын әзірледі.Тұжырымдама жобасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және оның мәртебесін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар көзделген. Министрлік мектеп терминологиясын дамыту, ресми құжаттардың стилистикасын жетілдіру, оқыту тіліне қарамастан жоғары оқу орындарыныңбағдарламасына «Кәсіби қазақ тілі» пәнін енгізу, сондай-ақ қазақ тілінің ғылыми,ресми-іскерлік стильдерін дамыту мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелерін пысықтауда»,-делінген Мемлекеттік тілді дамытуға қатысты Алтай Көлгінов жауабында.