Бұрынғы вице-министр Тимур Тоқтабаев сотталғаннан кейін никель мен кобальт кен орны мемлекетке қайтарылды

Жарияланды
Бұрынғы вице-министр Тимур Тоқтабаев кен орындарын иеленген / фото: shutterstock и primeminister.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бұрынғы вице-министрі Тимур Тоқтабаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Kursiv.media. Тоқтабаев қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы (ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкілетін теріс пайдалану) бойынша кінәлі деп танылған.

Ол вице-министр қызметін атқарып жүрген кезінде министрлік атынан тікелей келіссөздер жүргізіп, Қостанай облысындағы кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға өзі жетекшілік ететін АҚ-мен келісімшарт жасасқан.

Келісімшарт жер қойнауын пайдалану құқығын одан әрі оның «С.» ЖШС-ға заңсыз беруді көздеген. Бұл ЖШС-да сенімді тұлға арқылы Тоқтабаевтың 20% үлесі болған. Ал аталған кен орнында бұрын никель-кобальт кендерінің өнеркәсіптік қорлары орнатылып, «Г.» ЖШС-мен өндіру бойынша келісімшарт бұзылған.

Кен орны қоры бар объект ретінде өндіруге келісімшарт немесе лицензия алу үшін аукционға шығарылуға тиіс болатын, бұл аукционнан кейін мемлекетке бюджетке – 40,6 млрд теңгеден астам қомақты түсімдер алуға мүмкіндік болған.

Кейінірек вице-министр кезінде Тоқтабаев «С.» ЖШС жарғылық капиталындағы осы 20% үлесті үшінші тұлғаларға сатқан, оның 10%-ы 425 млн теңгені құрады.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарлауынша, вице-министр баланстық өнеркәсіптік қорлары 5,5 трлн теңгеден асатын кен орнын барлауды «К.» АҚ-на заңсыз берген. «К.» АҚ өндіруге келісімшарт жасасу ниетімен «С.» ЖШС-не жер қойнауын пайдалану құқығын берген.

Жарыссөз барысында прокурор сотталушыны кінәлі деп тануды және оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамай, соттан оны ақтауды сұрады.

Судья Дәуренбек Даумов сотталушы Тимур Тоқтабаевты лауазымдық өкілетін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Алайда сот үкімінен кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекетке никель мен кобальт кен орны қайтарылғанын хабарлады.

«Мемлекет басшысының заңсыз сатып алынған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау барысында бұрынғы вице-министр Тимур Тоқтабаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу шеңберінде мемлекетке Қостанай облысындағы «Шевченковское» бірегей кен орны қайтарылды. Кен орнында никель (1,075 млн тонна) және кобальт (585,9 мың тонна) қоры бар. Пайдалы қазбалар қорларының құны 5,6 трлн теңгеден асады», – делінген агенттік таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ Тоқтабаевтан Алматы қаласы Бостандық ауданы Көкшоқы шағын ауданындағы жер учаскесі; Алматы бау-бақша серіктестігі мекенжайында орналасқан тұрғын үй; 2021 жылы шыққан «Mercedes-Benz Maybach S580 4MATIC» маркалы авто; 2021 жылы шыққан «Bentley Bentayga V8» маркалы авто тәркіленді.

Айта кетейік, 2016-2019 жылдар аралығында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болған Тимур Тоқтабаев 2022 жылдың қарашасында қамауға алынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Т. Тоқтабаевқа қатысты тергеуді аяқтағанын 31 шілде күні жазған болатынбыз.

Тергеу соттың санкциясымен Тимур Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының (элиталық жеке үйлер, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8) қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлкі анықталды.

Сондай-ақ оқыңыз