ArcelorMittal компаниясының Қазақстанға келуіне экс-президенттің қатысы бар ма: Кармет тарихы туралы не білеміз?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Фото: kursiv.media

Өнеркәсіп және құрылысы министрі Қанат Шарлапав ArcelorMittal Temirtau компаниясының кезінде қаншалықты заңды түрде жекешелендірілгеніне қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Оның айтуынша, бұл келісімге қол қойылған 1995 жылдан бері 30 жылға жуық уақыт өткен.

«Сондықтан менің қолымда бұл келісім қалай жүзеге асқаны жайлы нақты ақпарат жоқ», – деді министр.

Дегенмен министрдің айтуынша, акционерлердің арасында бұрынғы Президенттің туыстары мен жақындары жоқ.

«ArcelorMittal-дың бізге берген ақпараты бойынша, олар осы кәсіпорынның 100 пайыз акциясына иелік етеді. Бұл акцияларды еш кедергісіз басқаруға толық құқылы», – деді ол.

Кәсіпорын қалай сатылды?

respublika.kz.media сайтының жазуынша, үнді миллиардері Лакшми Миттал құны 3 млрд долларға бағаланатын «Қарағанды металлургия зауытын» бар-жоғы 200 млн доллардан сәл асатын сомаға сатып алған. Бұл ақшаны бірден төлемей, кейінгі 5 жылда алған пайдасының есебінен жапқан. Elge Qaitaru қорының өкілдері Болат Әбілов пен Оразалы Ержановтың айтуынша, Миттал «Карметті» сатып алған қаржысын бюджетке төрт траншпен төлеген. Бірінші төлем 1996 жылы 17 мамырда – 22,5 миллион доллар, екінші төлем 17 қарашада – 112,5 миллион доллар, үшінші төлем 1997 жылы 17 мамырда – 22,5 миллион доллар, төртінші төлем 1999 жылдың 17 қарашасында – 67,5 миллион долларды құраған.

1995 жылы 17 қарашада «Қарағанды металлургия комбинаты» LNM Group меншігіне өтіп, «Испат-Кармет» ААҚ ретінде жұмыс істей бастады.

КСРО құлаған соң, реттелген шаруашылық байланыстардың үзілуі салдарынан «Кармет» құрдымға кеткен еді,  ал зауыт шикізат пен қосалқы бөлшектерге қатысты біраз қиындықтарға тап болды. БАҚ беттеріндегі дерекке сүйенсек, 1996 жылғы 17 қарашадағы жағдай бойынша, «Карметтің» шұғыл қажеттіліктерге берешегі 50 млн долларға жетіп, келісімшартта олар «жалпы берешек» деп аталды. Оған қоса 11 млн доллар көлемінде еңбекақыға қарыз болған. Оларды да бас акционер Митталдың компаниясы бөліп-бөліп өтеген. Басылымның жазуынша, бұл қарызды комбинат бір болат өндірісінен түскен қаржымен-ақ жабуға қауқарлы болған. Кәсіпорын тек болат экспортынан айына 40-45 млн доллар табыс тауып отырған.

Есесіне ел үкіметінен миллиардер үлкен жеңілдіктер алған. Келісімшарттың шарттарына сәйкес, комбинаттың жаңа егесі шикізат, электр қуаты және темір жол тарифтеріне елдегі ең төмен бағамен алған.

2004 жылдың желтоқсанында «Испат-Кармет» ААҚ «Миттал Стил Теміртау» АҚ болып өзгертілді. Ал 2007 жылы компания қазіргі атауына ие болды.

Компанияның табысы қанша?

Компанияның аудиттелген ең соңғы есебі 2021 жылға жарияланған. Соған сәйкес, компанияның жалпы кірісі 215 миллиард теңгені құраған. 2021 жылы компанияның 1 триллион теңге активі, 570,5 миллиард теңге меншікті капиталы және 424 миллиард теңге міндеттемесі болды. АМТ бірнеше облыстағы 15 көмір кеніші мен темір рудасын, Ақтауда құбыр зауытын, Теміртаудағы металлургиялық зауыт пен жылу электр станциясын, Қарағандыда электр желілерінің инфрақұрылымын иеленеді. 2021 жылғы жағдай бойынша AMT-ның 10 еншілес ұйымы бар.

Топтың көмір шахталары бойынша міндеттемелерінің құны 2021 жылдың аяғында 1,66 млрд теңгені құрайған. 2021 жылғы есепте ArcelorMittal компаниясының Қазақстанмен көмір өндіру бойынша келісімі 2022 жылы аяқталатыны көрсетілген. Дегенмен, компания басшылығы келісімшартты тағы 20 жыл, 2042 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғаны және Қазақстанның билігімен белсенді келіссөз жүргізіліп жатқаны жазылған.

Жабдықтарды жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге жұмсалған шығын 2021 жылы 41,5 млрд теңгені құрады. Бүкіл қызметкерлердің жалақысына 145 млрд теңге бөлінген.

Компанияның 2022-2023 жылдарға қаржы есебі жарияланбағандықтан, сарапшылар елдегі болат экспортын негізге ала отырып, кәсіпорын бұл жылдары қанша пайда табуы мүмкін екенін есептеп көрген. Өйткені АМТ – Қазақстанда болат өндіретін жалғыз кәсіпорын.

Ал компанияның 2021 жылғы қаржы есебіне сәйкес, болат экспортынан түсетін қаржы компания табысының 70 пайызына дейін жетеді.

«Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер департаментінің дерегі бойынша, 2023 жылы Қазақстан 1,9 млн тонна болат өнімін экспорттап, одан $1,23 млрд тапқан. Егер өткен жылдарды қарастырсақ, 2021 жылы болат өнімдерін экспоттаудан түскен табыс $2,39 млрд құраған. Ал 2022 жылғы кіріс 2 млрд доллар болған», – дейді сарапшылар.

Осылайша, ресми статистика бізге ArcelorMittal-тың соңғы жылдары Қазақстанда тапқан табысы туралы жалпы түсінік алуға мүмкіндік береді. Оның үстіне бұл тек болат өнімдеріне қатысты жалпылама есеп екенін ескеру қажет. Егер АМТ ішкі нарыққа болат, сондай-ақ көмір концентраты мен басқа да өнімдерді (темір рудасы, шойын, кокс және т. б.) шығаратынын ескерсек, бұдан да үлкен сома шығар анық,

«АрселорМитталТеміртау» Қазақстан меншігіне қашан өтеді?

ArcelorMittal Temirtau компаниясына қарасты Костенко шахтасында 46 кеншінің өмірін жалмаған жарылыстан кейін, Президент Үкіметке АрселорМиттал компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырған болатын.

ArcelorMittal компаниясының өзі бірнеше айдан бері Қазақстан Үкіметімен қазақстандық бизнесті мемлекет меншігіне алу туралы келіссөз жүргізіп келе жатқанын және өткен аптада билікпен осы шотқа «қағидаттық келісім» жасасқанын мәлімдеді.

Костенко шахтасындағы апат пен компанияның мемлекет меншігіне өтетіні туралы ақпараттан кейін ArcelorMittal қағаздары 5%-ға арзандады.

Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртауды» Қазақстан пайдасына беру рәсімі аяқталып қалғанын айтты.

Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, компания қарашаның соңына қарай толық мемлекет меншігіне өтуі тиіс. Қазақстан ArcelorMittal Temirtau компаниясын басқару үшін ешқандай шетелдік инвестор тартуды көздеп отырған жоқ. Оған қоса кәсіпорынды мемлекет меншігіне қайтару барысында бюджеттен қаржы алынбайды.

Министр компания иелігіндегі бүкіл актив мемлекет меншігіне өтетінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз