Жаңалықтар

Bloomberg: Макрон уран жеткізу бойынша келіссөздер жүргізу үшін Қазақстан мен Өзбекстанға барады

Эммануэль Макрон Қазақстанға не үшін келеді / shutterstock

Франция президенті Эммануэль Макрон Қазақстан мен Өзбекстанға барады. Бұл сапар Францияның уран жеткізуді кеңейтуге деген ұмтылысымен байланысты, деп хабарлайды Bloomberg екі дереккөзге сілтеме жасап.

Францияның уранға мұқтаждығы Нигерде энергия ресурстарын өндіруді тоқтатумен байланысты. Өз кезегінде Орталық Азия елдері Ресей мен Қытайдың ықпалын азайту мақсатында ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.

Нигердегі әскери төңкерістен кейін Франция бұл елде уран өндірісін тоқтатты, деп жазады агенттік. Француздық Orano SA компаниясы қазақстандық «Қазатомөнеркәсіппен» бірлесіп, қазірдің өзінде Қазақстандағы уран кен орындарын игеруде.

Bloomberg ақпарат көздерінің хабарлауынша, Эммануэль Макрон алдағы сапарында осы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылайды. Францияның Қаржы министрлігінің мәліметінше, өткен жылы Қазақстан аталған елге уранның ең ірі жеткізушісі болды.

Агенттік президенттің сапары 1-2 қарашаға жоспарланғанын, бірақ сапар туралы Франция президентінің сайтында хабарланбағанын мәлім етті.

Елисей сарайының өкілі президенттің энергетика, агро кешен, азық-түлік және тау-кен өнеркәсібі салаларындағы 15 бизнес-көшбасшыдан тұратын делегациямен, соның ішінде Electricite de France SA коммуналдық компаниясы және атом станцияларын салатын Assystem SA инжинирингтік компаниясымен бірге баратынын айтқан.

Бұл ретте Bloomberg агенттігі, өз кезегінде Қазақстан Ресейдің ықпалы мен Қытайдың қысымын азайту мақсатында ынтымақтастыққа мүдделі, деп жазды. Франция Ресейдің энергетикалық ресурстарын пайдалануды тоқтату үшін Еуропалық Одақтың (ЕО) стратегиясына сәйкес әрекет етуде.


Еске сала кесек, 2022 жылы Қазақстан әлемдік уран кені қорының 43%-ын өндіріп, өндіріс көлемі бойынша көшбасшы болды. Бұл ретте ел өз атом электр станциясын салу мәселесін жалпыхалықтық референдум арқылы шешеді. Аталған қадам халықтың Семей ядролық сынақ полигонынан кейінгі атом энергетикасына алаңдаушылығына байланысты.

Еуропалық Одақ Ресейден жалпы уран импортын 16%-ға қысқартты. Бірқатар энергетикалық компаниялар уранды Қазақстан, Канада және Өзбекстаннан жеткізілетін шикізатпен алмастырды. Қазақстан ЕО-ға жеткізілім көлемін 14%-ға арттырды.

Айта кететіні, уран бағасы соңғы 15 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Табиғи уранның қараша айында жеткізілетін фьючерстік келісімшарттардың құны фунтына 74,3 долларға дейін қымбаттады. Comex биржалық сауда деректері бойынша бұл 2008 жылдың сәуірінен бері ең жоғары нәтиже.

Сарапшылар бұл динамиканы бірқатар факторлармен, соның ішінде геосаяси шиеленістің күшеюімен байланыстырады. Дегенмен, қазіргі баға 2007 жылдың мамырында белгіленген фунт үшін 140 доллар абсолютті баға рекордынан әлі де айтарлықтай төмен. Қазіргі көрсеткіш 2011 жылдың наурызында жапондық «Фукусима-1» атом электр станциясында болған апатқа дейін сақталып келген шекті деңгейден (шамамен 70 доллар) асып түсті.