Әлихан Смайлов оқушылар мен студенттерге арнап қаржылық сауат курстарын енгізуді ұсынды
Ел азаматтарында «банкрот болсақ, қарызды жаба салады екен» деген қате түсінік қалыптаспауы керек. Қазақстандағы интернет-алаяқтықтық 65%-ын шетелдіктер жасаған. Премьер-министр Әлихан Смайлов Үкімет отырысында халықтың қаржылық сауатын арттыру туралы мәселе көтерді.
Қазақстандағы бір қарыз алушыға шаққандағы берешектің орташа мөлшері шамамен 1,5 млн, ал проблемалық тұтыну кредиттері бойынша 1 млн теңгені құрайды.
Бірінші қыркүйектегі жағдай бойынша банктердің тұтыну кредиттерінің портфелі 9,2 трлн теңгеден асты.
«Халықтың шамадан тыс кредит алуы үлкен әлеуметтік-экономикалық проблемаға айналып барады. Кейбір азаматтар мерзімі өтіп кеткен кредиттерін жабу үшін одан да жоғары пайызбен жаңа кредит алады. Осылайша шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен бата береді. Ал банк кредит беруден бас тартқан жағдайда, олар пайыздық үстемесі өте жоғары микроқаржы ұйымдарына жүгінеді», – деді бүгінгі Үкімет отырысында премьер-министр Ә.Смайылов.
Естеріңізге салайық, бұдан былай Қазақстанда несие қарызы кешірілмейді.
Үкімет басшысы мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырғанын мәлімдеді.
«Жоба халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, азаматтардың кредит бойынша проблемалық берешектерін реттеуге және жұмысқа орналасуда консультациялық көмек беруге бағытталған. Қазірдің өзінде Қазақстанның 8 өңірінде 45 мың адам қаржылық сауаттылық негіздері бойынша білім алды. 2023 жылдың соңына дейін 60 мың азаматты қамту жоспарлануда», – деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысының баяндауынша, алдағы 3 жылда 550 мың оқушы мен студентті қаржылық сауаттылыққа оқыту, мектептер мен жоғары оқу орындарының 8 мыңнан астам оқытушысын даярлау, банктер мен микроқаржы ұйымдарының 200 мың қарыз алушысына көмек көрсету жоспарланған.
«Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту үшін Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, кредит беру кезінде тәуекелдердің алдын-алу және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнамалық түзетулерді пысықтауда», – деді Ә.Смайылов.
Премьер министр негізгі 5 мәселені тізбектеп берді.
«Бірінші, шамадан тыс кредит алу проблемаларын түбегейлі шешу үшін банктерде және алушылардың санаттарына қарай тұтынушылық кредит шарттары бойынша шектеу енгізу қажет. Микроқаржы ұйымдарының әсіресе «жалақыға дейін» қарыз беретін ұйымдардың шекті кредиттеу мөлшерлемелерін, сомалары мен мерзімдерін қайта қарау қажет. Осыған байланысты ұсынылып отырған барлық заңнамалық түзетулер пысықталып, жыл соңына дейін Парламентке енгізілуі тиіс. Аталған шаралар азаматтардың шамадан тыс қарыз алуын шектеуге және тұтыну кредиттерін беруде тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді», – деді Ә.Смайылов.
Айта кетейік, еліміздегі микроқаржы секторында проблемалық қарыз көлемі 180%-ға ұлғайып 100 млрд теңгеге жуықтаған.
Үкімет басшысы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін Оқу-ағарту министрлігі оқу бағдарламалары шеңберінде қаржылық сауаттылық курстарын енгізу мәселесін пысықтауы тиіс екенін екінші мәселе ретінде қарастырды.
Ол Ғылым министрлігі бұл мәселелерді жоғары оқу орындарымен бірге қарауы тиістігін тілге тиек етіп, кәмелетке толған жастар өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін қалай дұрыс есептеуі, кредитті қалай және қандай кредит алу керектігін нақты түсінуі керек екенін білуі керек деген байлам жасады.
«Үшінші, халықтың шамадан тыс кредит алу проблемасын шешу құралдарының бірі – азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық институты болып табылады. Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды», – деді Ә.Смайылов.
Сейсенбі Қаржы министрі азаматтар үшін банкроттық рәсімдеу талаптарын жеңілдетуді ұсынды.
Премьер-министр борышкерлердің барлығында бірдей банкроттық рәсімді пайдалану мүмкіндігі жоқ екеніне назар аударды.
«Проблемалық қарыз алушыларды көбірек қамту үшін Қаржы министрлігі осы жылдың соңына дейін құжат беруді оңайлату және соттан тыс банкроттықты қолдану рәсімін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бірақ адамдарда «банкрот болсақ, қарызды жаба салады екен» деген қате түсінік болмауы тиіс. Бұл – үлкен жауапкершілігі мен белгілі бір шектеулері бар маңызды қадам», – деді Ә.Смайылов.
Мұның алдында Мемлекеттік кірістер комитеті қандай жағдайда банкроттыққа өтініш қабылданбайды деген сұраққа жауап берген
.Ал Қаржы министрлігінің «Ақпараттық есептеу орталығы» АҚ баспасөз қызметі 3,7 мың адам банкрот болғанын хабарлаған болатын.
Банк саласындағы интернет-алаяқтық төртінші мәселе ретінде зерделенді. Бұл туралы Үкімет басшысы: «Соңғы жылдары мұндай фактілердің саны 5 есеге дейін көбейіп кеткен. Осы жылдың басынан бері интернет-алаяқтыққа байланысты 15 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді. Келтірілген зиянның мөлшері 13 млрд теңгені құрады. Оның 65%-ын шетелден келген алаяқтар жасаған. Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және мобильді байланыс компанияларымен бірге осындай жағдайларға мониторингті күшейтіп, алаяқтық фактісі бойынша азаматтардың өтініштерін жедел қарауы керек», – деді.
Бұған дейін телефон алаяқтығы үшін ұялы байланыс операторларына жауапкершілік енгізу ұсынылғанын жариялағанбыз.
«Ұялы байланыс операторына абоненттік нөмірді үшінші тұлғаларға айырбастауда немесе беруде жасырын телефон нөмірлерін пайдаланғаны үшін жауапкершілік енгізу ұсынылады», – деген еді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжілісте өткен парламенттік тыңдауда.
Сонымен қатар шетелдік интернет алаяқтардың алдауына түскен қазақстандықтар 5,8 млрд теңгеге кредит рәсімдеп, 7 млрд теңге шығынға батқанын жариялағанбыз.
Үкімет басшысы халықтың шамадан тыс несие алу мәселесінің ұтымды шешімі жаңа өндірістер мен тұрақты жұмыс орындарын құру деп санайды.
«Бесінші, халықтың шамадан тыс несие алу мәселесінің ұтымды шешімі – жаңа өндірістер мен тұрақты жұмыс орындарын құру. Бұл халықтың табысын арттыруға және кредит алуын төмендетуге барынша оң әсер етеді. Осыған байланысты, жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жоспарланған инвестициялық жобаларды, әсіресе шикізаттық емес секторларда іске асыруды жеделдетіп, жаңа жобаларды пысықтауы тиіс», – деп түйді ойын Ә.Смайлов.