«Ұлттық қор – балаларға»: Ең көп қаражатты 2023 жылы туған балалар алады

Жарияланды
«Ұлттық қор – балаларға»

«Отбасы Банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова өз отбасын мысалға келтіре отырып, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында балаларға ашылатын арнайы шоттарда қаражат қалай жинақталатынын түсіндірді.

«2007 жылы туған кенже ұлым бар. Оның атына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан шот ашылады. 2023 жылы ол 17 жаста болады. Сондықтан қаражатты ала алмайды. Ал 2024 жылы ол кез келген екінші деңгейлі банкті, не бөліп төлеу тәсілін, я болмаса өзіне ыңғайлы болса, «Отбасы банкін» таңдай алады. Электронды цифрлық қолтаңба арқылы өтініш береді. 2006 жылы туған балалардан айырмашылығы, ол 2 жылдық жинағын ала алады», – деді Ләззат Ибрагимова.

Басқарма төрағасы Ұлттық қордан кімдер, қай жылы 18 жыл жинақталған жинақты толық ала алатыны туралы сұраққа да жауап берді.

«2023 жылы дүниеге келген немерем бар. 2041 жылғы 19 қаңтарда 18 жасқа толады. Дәл сол күні оның БЖЗҚ-дағы жеке шотында жинақталған ақшасын талап ету құқы бар. Яғни ең көп соманы 2023 жылы туған балалар алады», – деді Л. Ибрагимова.

Басқарма төрағасы арнайы есепшот иелеріне жинақталған қаражатты білім саласына салуға кеңес берді.

«Бізде білім берудің мемлекеттік жинақтаушы жүйесі болады. «Келешек» жобасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жоба аясында көптеген мүмкіндіктер болады, соның ішінде оқу ақысын төлеу, болашақта табыс табуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар ел ішіндегі ғана емес, шет мемлекеттердегі оқу ақысын төлеуді де қолдады», – деді Л. Ибрагимова.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде ата-аналар жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы 200 мыңға жуық балаға депозит ашып қойған. Депозиттері бар балалар платформадан автоматты түрде арнайы ағымдағы шот аша алады. Бұл шотты кеңесшілер мен бейнебанкинг арқылы да ашуға болады.

Белгілі болғандай, арнайы ағымдағы шоттағы ақша үшінші тұлғалардан қорғалады. Бұл ақшаны басқа банктерге есептен шығару немесе оған қандай да бір талап қою мүмкін емес.

«Ағымдағы шотына ақша түскенде жасы 18-ге толған адам қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға, депозитін толтыруға немесе білім алуға жұмсау үшін таңдау жасай алады», – деді «Отбасы Банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Бұған дейін Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков «Ұлттық қор – балаларға» жобасын жүзеге асыру тетігін түсіндіріп, ата-аналарға ешқандай құжат жинаудың қажеті жоқ екенін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз