«Денесінің бөлшектері табылды»: ТЖМ Костенко шахтасында табылмаған 46-шы кенші туралы ақпарат берді

Жарияланды
Костенко шахтасынан 46 -кеншінің сүйегі табылды / shutterstock

ТЖМ басшысы сейсенбі күні Үкімет отырысында Костенко атындағы шахтадағы жағдай туралы баяндап, тағы бір кеншінің денесінің бөлшектері табылғанын мәлімдеді. Сырым Шәріпхановтың айтуынша, бұл болжам бойынша табылмаған 46-шы кенші болуы мүмкін.

«Бүгінгі күні іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 45 кеншінің денесі және алдын-ала болжам бойынша 46-шы қаза тапқан адамның дене бөлшектері табылды. Қайтыс болған 40 адамның жеке басы анықталды, 6-уы анықталмады. Оларды сәйкестендіру үшін тиісті сараптамалар жүргізіледі», делінген ТЖМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұған дейін, хабарланғандай іздеу жұмыстары электр энергиясының болмауы, тау-кен қазбаларының ұзындығымен, көптеген бұзылған механизмдерге байланысты күрделенгені хабарланған болатын. Су басқан жекелеген тау-кен қазбаларында жұмыс жасау қиынға түскен.

Ақпаратқа сәйкес, шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізілуде.

«Аварияның себептерін тергеп-тексеру шеңберінде Үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түстім. Біз өте маңызды бұзылуларды анықтадық. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгеттер мен желдету құрылыстары қираған», – деп атап өтті министр отырыста.

Қазіргі уақытта тағы 7 шағын комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар тергеуге Қазақстаннан және шетелдерден сараптамалық ұйымдар тартылды.

Естеріңізге салайық, ағымдағы жылғы 28 қазанда сағат 2-ден 36 минут кеткенде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтада тереңдігі  700 метрде жану болып, кейіннен метан-ауа қоспасы жарылды. Бұл жерге дереу «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының күштері жіберілген болатын.

Авария кезінде ауысымда 252 кенші болды, оның 201-і өздігінен көтеріліп, 5-і тау-кен құтқару күштерімен табылып, жер бетіне шығарылды.

ТЖМ ақпаратынша, 30 қазаннан бастап Қарағанды облысының бес шахталарында (Абай, Саран, Шахтинск, Күзембаев және Ленин атындағы) өндіру процестері қайта жанданды.

«Тентек» шахтасында тек дайындық жұмыстары жүргізілуде. «Қазақстан» шахтасында оның қарқынды жұмыс істеуі үшін барлық жұмыстар қамтамасыз етілуде және аэрогаз жағдайы бақылауда», деп хабарлады ТЖМ.

Сондай-ақ оқыңыз