«Қаскелең» тау шаңғысы курорты мен Silk Road Express турпоезды: Министр Қазақстанда қандай туристік нысандар пайда болатынын айтты
Қазақстанда «Қаскелең» тау шаңғысы курорты мен Silk Road Express турпоезды пайда болады. Бұл жайлы ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты.
Биылғы 9 айда елімізде туризмге 404,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 44% пайызға артық. Өңірлер бөлінісінде ең көп өсім Солтүстік Қазақстан (+698%) өңірінде байқалған. Одан кейінгі орында Павлодар (+414%), Ақтөбе (+351%) және Алматы (+341%) облыстары тұр. Ал теріс динамика 5 өңірде тіркелген. Олар – Ұлытау облысы (15%), Маңғыстау облысы (53%), Жамбыл облысы (64%), Қызылорда облысы (67%), Атырау облысы (68%).
«Инвестициялар бойынша жылдық жоспарға қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірлер жұмысты жандандырып, іске асырылып жатқан әрбір жобаны әкімнің жеке бақылауына алуы қажет», деді министр.
Ол сонымен бірге жалпы туризм саласындағы инвестициялық әлеуетті дамытуға көп көңіл бөлінетінін, алдағы уақытта Қазақстанның туристік әлеуетін жақсартатын ірі жобалар жүзеге асырылатыны айтты.
«Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес 15 инвестициялық жобаның тізбесін қалыптастыру бойынша Ақтау қаласында жылы жағажайдың дамуын аяқтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ «Қаскелең» тау шаңғысы курортының құрылысына инвесторлар іздеу, Silk Road Express турпоездын іске қосу, Алматы қаласында конгресс-көрме орталығы құрылысының жүргізілуі, Қазақстанның оңтүстігінде тақырыптық ойын-сауық паркін ашу сияқты бірнеше жоба іске асырылады», деді ол.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда туризм саласы пандемияға дейінгі көрсеткішке жеткен және бұл бағытта динамикалық өсу де бар. Мәселен, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 3 миллионнан астам отандасымыз ел ішінде саяхат жасаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 мыңға артық екен. Болжам бойынша жыл соңына дейін ішкі туристер саны 9 млн адамға жетеді. Сондай-ақ, шетелдік туристердің саны екі есе өскен. Бұл 6 айдың қорытындысы бойынша 500 мыңнан астам адамды құрайды. Жыл қорытындысы бойынша көрсеткіш 1,4 млн туристке жетеді деп күтілуде.
Бұлайша туристердің өсуі туристік сектордағы кәсіпкерлердің де табысына оң әсер еткен. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша орналастыру орындарына шамамен 100 млрд теңге табыс кірген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 30 млрд теңгеге артық.
Сонымен бірге министр Қытаймен визалық талаптардың үкіметаралық келісімі барысында Қытай бағытының жанданғанын айтты. ол сонымен бірге Қазақстанға шетел туристерінің кіруін жеңілдеу үшін визаны цифрландыру шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді
Еске сала кетсек, туризмді дамыту мақсатында еліміздің туристік картасы бекітілген болатын. Құжатта бектілген туристендіру картасына 102 түрлі туристік нысан мен аймақ енген. Оның ішінде республикалық деңгейдегі 33 туристік аумақ пен нысан бар.
Республикалық деңгейдегі туристік аумақ тізіміне Алматы, Астана, Түркістан қалалары енген. Сонымен бірге бұл тізімге Көлсай-көлдері, Тарбағатай, Іле-Алатау, Шарын, Қатон-Қарағай, Алтын-Емел, Жоңғар-Алатауы, Сайрам-Өгем және т.б. мемлекеттік ұлттық табиғи парктері кірген.
сонымен бірге биылғы жылы «Kids go free» бағдарламасымен 2000-нан аса бала қамтылады деп көзделіп отыр. Осылайша Министрлік ішкі туризмді дәріптеу және қазақстандықтардың демалысқа жұмсалатын шығынын 30%-ға қысқартуға ықпал етуді жоспарлап отыр.
Ал 2022 жылғы көрсеткіштердің қорытындысы бойынша ішкі туристердің саны 8,6 млн адамға жетті. Осылайша, Мәдениет және спорт министрлігі ішкі туристер саны бойынша рекорд жаңартылғанын мәлімдеген. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 1,7 млн адамға көп. Сондай-ақ, елімізде демалыс орындарының қатары көбейген. Мәселен, былтыр туристерді орналастыруға арналған 284 жаңа орын тіркелген, еліміз бойынша олардың жалпы саны 4 мыңға жетті. Ал бір мезгілдегі сыйымдылық 10 мың бірлікке артып, 203 мыңнан астам төсек-орынды құрады.
Сондай-ақ өткен жылы Қазақстанға 1 млн-ға жуық шетелдік турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 1,4 млн адамға дейін артады деп күтіліп отыр. Елімізде туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс жалғасып келеді. Мәселен, өткен жылы құны 27 млрд теңге болатын 28 жоба аяқталды. Оның ішінде Балқаш курорттық аймағында инженерлік коммуникациялар және Ақтау қаласының жылы жағажайына дейін автожол салынуы, сондай-ақ әуе тасымалы мүмкіндіктерін едәуір кеңейткен Үшарал және Үржар әуежайларының іске қосылуы ерекше маңызға ие. Қазіргі таңда 439,3 млрд теңгені құрайтын 83 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып отыр.