Жеке тұлға банкроттығы: Атырау тұрғыны 8 млрд теңге қарызын жабуға арыз берген

Опубликовано
Ең ең үлкен жастағы банкрот деп танылған адам 79-да, ең жас банкрот 20-да / Фото: kursiv.media

Жеке банкроттыққа арыз беруде ең үлкен соманы Атырау қаласының тұрғыны көрсеткен. Оның қарызы арыз бойынша – 8 130 033 900 теңгені құраған. Бұл жайлы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты.

Банкроттардың ең көп саны Алматы, Жамбыл облыстарында және Алматы қаласында тіркелген. Алматы облысында – 801 адам, Жамбыл облысына – 677 адам, Алматы қаласына – 606 адам банкрот деп танылған. Ең аз банкроттық СҚО-да – 114 адам және Ұлытау облысында – 41 адам тіркелген.

Банкрот деп танылған 645 азамат АӘК алушылары екен. Олардың берешегі 674 млн теңгені құраған. Сондай-ақ 3 538 азамат 5 жылдан астам төленбеген кредиттер бойынша банкрот деп танылды, олар бойынша 6,3 млрд астам теңге есептен шығарылды. Бұл – барлық 6411 банкрот деп танылған адамның 50%-дан астамы.

Бір қызығы, берешек бойвнша ең үлкен соманы Атырау қаласының тұрғыны көрсеткен. Ол арыз бойынша – 8 130 033 900 теңге қарыз көрсеткен. Ал кредиттік бюро бойынша қарызы – 1 380 870,94 теңгені құрайды. Ал ең аз соманы Қызылорда облысының тұрғыны көрсеткен. Арыз бойынша қарызы 1 383 теңге, ал кредиттік бюро бойынша – 1 184 733,05 теңге.

«Азаматтар соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға арыз берген кезде берешектің дұрыс емес сомаларын көрсетті, бұл ретте, кредиттік бюро мәліметтеріне сәйкес, бұл азаматтарда қаржы ұйымдары алдындағы борыш сомасы басқа», дейді министрлік өкілі.

Ал ең үлкен жастағы банкрот адам 79-да, ең жас банкрот 20 жаста. Жалпы банкрот деп танылғандардың орташа жасы – 43-те екен. Статистика бойынша банкрот еркектер әйелдерге қарағанда көбірек, олардың үлесі 58%-ды құрайды.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев үкімет отырысында жеке тұлғаның банкроттығын рәсімдеу үрдісін жеңілдетуді ұсынды.

Министр жекелеген борышкерлердің кейбір заңнамалық кедергілердің салдарынан банкроттық рәсімін кеңінен қолдана алмай отырғанын айтты. 

Еске сала кетсек, банкроттыққа өтніш қабылдау  eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы осы жылдың 3 наурызында басталды.

Соттан тыс банкроттық туралы алғашқы өтініш 29 наурызда мақұлданды.

3 қазанда Қазақстан Қаржы министрлігінің «Ақпараттық есептеу орталығы» АҚ баспасөз қызметі Қазақстан азаматтары банкроттық аясында 110 млрд теңгеден астам қарызды кешіруге өтініш тастағанын мәлімдеді. Бұл өтініштердің басым бөлігі Түркістан және Алматы облысы тұрғындарынан түскен. Наурыздан бері 3,7 мың адам банкрот деп танылды.

Қазіргі кезде соттан тыс банкроттыққа жалпы саны 67 мың өтініш келіп түскен. Ал сот арқылы банкрот деп тануға 1 мыңнан аса арыз берілген. Банкроттық процесі басталғалы бері 3768 өтініш беруші банкрот деп танылды.

Өзін банкрот деп жариялағысы келетіндер Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, электронды үкімет порталы сондай-ақ «e-Salyq Azamat» немесе «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады.

Сонымен қатар, 1414 нөміріне телефон шалып, немесе https://t.me/SalyqBot Telegram чат-ботына сұрақтар қоюға болады.

Банкроттыққа өтініш берген соң, соттан тыс банкроттық туралы шешім шыққан-шықпағанын тексеруге болады. Ол үшін tazalau.qoldau.kz сайтына кіріп, өз ЖСН мен аты-жөніңді енгізу керек.

Айта кету керек, соттан тыс банкроттық рәсімі тегін жүргізіледі. 

Читайте также