Қазақстан мен Франция стратегиялық минералдар бойынша ынтымақтастық туралы келісті
Бүгін елордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макронның кеңейтілген құрамдағы кездесуі өтті. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан мен Францияның ресми делегация мүшелері бірқатар құжатқа қол қойды.Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Франция басшылары бірлескен мәлімдеме жасады.
«Тараптар «QazBioPharm «ҰХ» АҚ мен Boehringer Ingelheim Animal Health France компаниясы арасында Қазақстан Республикасында аусылға қарсы вакцинаны жергілікті өндіру бойынша ынтымақтастық, лицензия және жеткізу туралы келісімге қол қойды.
Энергияны жинақтау жүйесі бар, жиынтық қуаты 1 ГВт жел электр станцияларын салу жобасы бойынша бірлескен кәсіпорын мен Қазақстанда теміржол техникасының қосалқы бөлшектерін өндіру және оларға сервистік қызмет көрсету» жобасын іске асыру жөніндегі инвестициялар туралы келісімге де қол қойылды»-делінген Ақорда баспасөз қызметінде.
«Самұрық-Қазына» холдингінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазақстандық тараптан жел электр станцияларын салу жобасы бойынша бірлескен кәсіпорын туралы келісімге «Самұрық-Қазына» АҚ және «ҚазМұнайГаз»ҰК АҚ қатысады.
«Жобаны екі кезеңде жүзеге асыру көзделуде, атап айтқанда бірінші кезекте 300 МВт қуат, ал қалған 700 МВт – ты енгізу. ЖЭС-те электр энергиясын жинақтау жүйесі орнатылады, бұл жел генерациясының үзілуіне байланысты желінің тұрақсыздық қаупін азайтуға мүмкіндік береді»,-деп нақтылады холдингте.
Француз тарапынан әлемдегі жаңартылатын энергетика саласындағы көшбасшылардың бірі Total ceran компаниясы қатысады. Компанияның портфолиосы 2400 МВт-тан астам белгіленген қуаттарды, сондай-ақ әзірлеу сатысында 2000 МВт-тан астам қуаттарды қамтиды.
Сонымен қатар, екі ел басшылары кездесу барысында Эмманюэль Макрон Қазақстан мектептеріне француз тілі оралуына байланысты өз пікірін білдірді.
«Мәдени, адами байланыстарды нығайтқымыз келеді. Қарым-қатынасымыздың осы қырын дамытсақ дейміз. Қазіргіден де терең байланыс орнатқымыз келеді. Мысалы қазақ мектептеріне француз тілін оқыту тәжірибесі қайта оралғаны маңызды», – деді Франция Президенті.
«Қазақстан мен Франция арасындағы Қазақстанда Француз даму агенттігі тобын құру және оның жұмыс істеуі туралы келісімге қол қойылды. Елімізде халықаралық (француз) мектептер ашуға және Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында француз тілін оқытуға қатысты келісім, сондай-ақ, екі арасындағы стратегиялық пайдалы қазбалар бойынша ынтымақтастық туралы бірлескен ниет декларациясына қол қойылды»-делінген баспасөз қызметінде.