Алматы сотының шешімімен журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтірді деп айыпталған Аркадий Клебанов (Маневич) еріксіз емдеуге жіберілді.
Сот журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтірді, кәмелетке толмағандарды қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға тартты, ақпараттық жүйенің жұмысын бұзды және бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтірді деген айып тағылған Клебановқа қатысты медициналық сипаттағы еріксіз емдеу шараларын қолдану туралы істі қарады.
Жәбірленушілер полиция органдарына журналистердің қызметіне байланысты қауіп-қатер төндіру, бұзақылық әрекеттер жасау, мүлікті зақымдау және жою фактілері бойынша белгісіз тұлғаларға қатысты өтінішпен жүгінген.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысында 6 адамның осы іске қатысы бары анықталды.
Тергеу барысында күдіктілердің бірі – Клебановқа 2 сот-психиатриялық сараптамасы жүргізілді.
Сарапшылардың қорытындыларына сәйкес, Клебанов созылмалы психикалық бұзылысқа шалдыққан.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы бойынша оған қатысты материалдар мәселені қарастыру және медициналық сипаттағы еріксіз емдеу шараларын қолдану үшін сотқа жіберілді.
«Сот сараптамалардың қорытындылары негізінде Клебанов қоғамдық қауіпті әрекеттерді жасаған кезде қабілетсіз күйде болған деген қорытындыға келді. Ол өзінің іс-әрекеттерінің нақты сипаты мен қоғамға қауіпті екенін түсінбеген және созылмалы психикалық аурудың салдарынан өзін-өзі басқара алмаған», – делінген Алматы соты таратқан ақпаратта.
Сотталушы психиатриялық стационарға еріксіз емдеуге жіберілді. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды. Материалдық залал және моралдық зиянды өтеу есебіне сотталушының заңды өкілінен 14 млн теңге өндіріп алынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, 2023 жылдың 4 наурызында Ішкі істер министрлігі Аркадий Клебановтың ұсталғанын хабарлады. Министрліктің ақпаратына сәйкес, күдікті Қазақстан азаматы Аркадий Клебановқа (Маневич) ҚР Қылмыстық кодексінің 115-ші «Қауіп-қатер», 147-ші «Жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу», 158-ші «Журналистік қызметке кедергі жасау», 202-ші «Бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру» және 293-ші «Бұзақылық» баптарымен қарастырылған айыптар тағылды. Ұсталған адам істеген әрекетін мойындады.
Жауап алу барысында барлық шабуылдарды өз бетінше ұйымдастырғанын, жеке себебі мен бірқатар қазақстандық танымал БАҚ өкіліне бұрынғы талабының болғанын мәлімдеген.
Алдымен журналист Вадим Борейконың пәтерінің есігін белгісіз біреулер өртемек болғаны хабарланды. Содан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына журналистерге қарсы қылмыстарға қатысты тапсырма берді.