Өтінім қабылдау аяқталып қалды: KEGOC акциялары қанша пайыз өсуі мүмкін?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

KEGOC жай акцияларының 7,5%-ына иелік ететін БЖЗҚ ұлттық оператор өткізген SPO аясында акцияларды артықшылықпен сатып алу құқығын пайдаланбаған. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директор Салтанат Сәтжан мәлімдеді. Ал қаржы сарапшылары компания акциялары 27 пайыз өсім көрстуі ықтимал дейді.

«Ол (KEGOC акционерлерінің акцияларды артықшылықпен сатып алу құқығы – Курсив) 27 қазанда аяқталды. Олар (БЖЗҚ – курсив) бірінші бас тарту құқығын пайдаланбады (KEGOC АҚ акцияларының SPO-сы барысында – Курсив)», – деді ол «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің отырысында тиісті сұраққа жауап бере отырып.

Оның айтуынша, мемлекеттік холдинг KEGOC акцияларын сатып алғандардың басым бөлігі жеке инвесторлар болады деп болжап отыр.

«Қазір көріп отырғанымыз, сұраныс бар және сұраныс бөлшек инвесторлар тарабынан туындап келеді. Біз осы SPO-ға негізінен жеке инвесторлардың қатысқанын қалаймыз», – деді Сәтжан.

«KEGOC» АҚ-ның 15,3 миллион акциясы жазылым арқылы Қазақстан қор биржасы (KASE) мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының (AIX) биржасында бір жай акцияға 1 482 теңгеден орналастырылды. «KEGOC» АҚ-ның 17 және одан да көп акцияларын иеленетін қазіргі акционерлері «KEGOC» АҚ хабарландыруы жарияланғаннан кейін 30 күн ішінде, басымдықпен акцияларды сатып алу құқығын пайдалана алды. Өтінімді брокерлер арқылы немесе KEGOC-қа тікелей хабарласу арқылы беруге болады.

Қанша пайда әкелуі мүмкін?

Halyk Finance сарапшыларының пікірінше, «KEGOC» АҚ акциялары 27% өсу әлеуетіне ие. Мамандар KEGOC-тың нарықта монополист екенін, ұлттық электр желісін пайдалану бойынша жаңа қызмет енгізілгенін, жақында тариф көтерілетінін және SPO бағасының жеңілдіктерін атап өтеді. Сонымен қатар, KEGOC – жылына екі рет дивиденд төлейтін санаулы қазақстандық компаниялардың бірі

«Тариф реформасы алдағы уақытта KEGOC-тың ақша ағынына күшті серпін беруі тиіс. Дәл қазір KEGOC акциялары дивиденд тарихы мен өсу тарихының бірегей үйлесімде және оны пайдалану керек», – дейді Halyk Finance Басқарма Төрағасы Фархад Охонов.

KEGOC SPO-сы 16-қазанда басталды. SPO шеңберінде KEGOC акциясының құны 1 482 теңге деп белгіленген, ал KASE-дегі қазіргі бағасы- 1 530 теңге. Өтінім қабылдау 2 қарашаға дейін жалғасады. Оны банктер мен Tabys қосымшалары, сондай-ақ «Қазпошта»АҚ бөлімшелері арқылы беруге болады.

KEGOC SPO-сы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары шеңберінде экономиканы одан әрі мемлекет иелігінен алу, оның ішінде қосымша эмиссия жолымен мемлекеттік активтерді жекешелендіру есебінен өткізіледі. SPO бірлескен үйлестірушілері мен букраннерлері: «Фридом Финанс» АҚ, «Halyk Finance» АҚ және «SkyBridge Invest»АҚ болып табылады. Бірлескен андеррайтерлер «BCC Invest» АҚ және «Jusan Invest»АҚ..

Компанияның 90 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі болса, 7,5 пайыз акциясы БЖЗҚ-ға тиесілі. Қалған 2,5 пайыз акциясы 2014 жылы өткен «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында жеке инвесторларға сатылған. 

Жақында компанияның алты ай аралығындағы есебі жарық көрді. 2023 жылғы 30 маусымдағы және 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша компанияның акционерлік капиталы шығарылған 260.000.000 акцияны құрады, оның ішінде жалпы сомасы 126.799.554 мың теңгеге орналастырылған және толық төленген 259.998.610 акция.  

Сондай-ақ оқыңыз