Қазақстанда сұйытылған газ біртіндеп 110 теңгеге дейін қымбаттайды
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев журналистерге елімізде сұйытылған газдың біршама қымбаттайтыны туралы ақпаратты растады.
«Біз кенеттен сұраныстың артуына дайын болу үшін экспортқа кететін газды ел ішінде жұмсаймыз. Бірақ бұл ресурстардың шектеулі екенін білеміз. Біз бірден қымбатшылық болмауы үшін бағаларды болжап, кезең кезеңімен өсіріп, сұйытылған газ бағасын өз құнын өтегенге дейін көтереміз. Осылайша нарықтағы өндірушілер шығынға батпайды. Қазіргі баға 50-80 теңге аралығында, ал газдың өз құны 110 теңге. Бірақ біз бірден бұл бағаны қоймаймыз, бәрі ретімен болады», – дейді министр.
Оның сөзіне сүйенсек, бағаны кем дегенде жанармайдың өз бағасы, яғни литріне 110 теңгеге дейін бірнеше кезеңмен өсіру жоспарланып отыр. Ол қазіргі баға әсерінен сұйытылған газ өндірушілер шығынға батып, өндірісті кемітіп жатқанын еске сала кетті.
6 қазанда министр Атырау облысында халықпен кездесіп, бөлшек сауда үшін автогаз бағасы өсетінін айтқан.
Елдегі сұйытылған мұнай газының бағасын мемлекеттік тұрақтандырады. Министрлік хабарлауынша, мысалы, сұйытылған газ бағасы Атырау облысында 54-59 теңге болса, салыстырмалы түрде Aи-92 бензинінің бағасы 205 теңге. Сол себепті Атырауда осы жылдың 8 айында 62,5 мың тонна сұйытылған газ сатылған. Былтыр дәл осы уақыт ішінде 40,7 мың тонна сатылған.
Қыркүйек айында Энергетика министрлігі сұйытылған газ бағасын бір жылда екі рет өзгерту туралы шешім қабылдаған. Осыған дейін жылына бір рет өзгертуге болатын. Оған қоса, шетелден келетін сұйытылған газ бағасына да шектеу қойылуы керек болған.
Қыркүйек айының соңында Вице-премьер Серік Жұманғарин басқаратын Сыртқы саясат бойынша үкімет аралық комиссия сұйытылған газды теміржолмен немесе автожолмен тасымалдауға шектеу қойды.
1 шілдеден бастап, сұйытылған газ бағасы 20%-ға өсіп, ҚҚС қоспағанда бір тоннаға 40 320 теңгеге дейін жетті. Бұл өз кезегінде бөлшек саудаға әсер етіп, бекеттерде аумаққа қарай газ бағасы 4-6 теңгеге дейін өсті.
2022 жылдың 2 қаңтарында Жаңаөзенде, одан кейін Қазақстанның батысындағы өзге қалаларда жүздеген адам газ бағасының күрт өсуіне байланысты қарсы митингке шыққан. Олар батыс өңірлерде автокөліктің көп бөлігі газға көшкендіктен бағаның күрт өсуі әділетсіз екенін айтқан.
Бағаның күрт өсуіне автогазды электронды сауда алаңдары мен биржалар арқылы сату себеп болған. 2022 жылдың 5 қаңтарында президент Қасым-жомарт Тоқаев электронды сауданы бір жылға кейінге қалдырды. Сол жылы газ бағасын мемлекеттік тұрақтандыру тағы жарты жылға созылды. Ол мерзім өткеннен кейін де мемлекет баға саясатына жауап беріп келеді.
Сұйытылған мұнай газын Қазақстаннан әкетуге тыйым салынатынын жазған болатынбыз.