«Қазақфильм» Ұлттық киностудия болып өзгертіледі
Коллаж: kursiv.media
Электронды үкіметтің «Ашық НҚА» сайтында «Қазақфильм» атауына Ұлттық киностудия анықтамасын қосу туралы үкімет қаулысы талқылауға жарияланды.
Үкімет қаулысына сәйкес, 1999 жылы 12 сәуірдегі қаулысына өзгерістер енгізіп, «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ атауын «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудия» АҚ атауына өзгертілуі қажет.
«Жобада өндірілетін кинофильмдердің сапасын арттыру мақсатында «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның атауын «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудия» АҚ атауына ауыстыру, сондай-ақ шетелдік кинокомпанияларға субсидиялардың мемлекеттік операторының функцияларын орындау есебінен сыртқы инвестицияларды одан әрі тарту көзделеді», – делінген қаулыға қосымша жарияланған түсініктемеде.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының тарихы 1934 жылдан бастау алады, дәл осы жылы «Алматы кинохроника студиясы» құрылған. 1941 жылы «Алматы көркем фильмдер студиясы» деп өзгертіліп, киностудияның өндірістік негізі барынша нығая түсті. 1960 жылы «Қазақфильм» атауына ие болды. 1984 жылы киностудияға ұлттық кинематогрфияның көрнекті қайраткері Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың есімі берілді.
Қазір оны актер Азамат Сатыбалды басқарады.