Жаңалықтар

2024 жылы бюджеттің шығыс бөлігі 24 трлн теңгеге жетеді

Алдағы жылғы бюджеттің шығыс бөлігі қазіргі бюджеттің шығыс бөлігінен 1,5 трлн теңгеге артық болады.

Алдын ала есептеу бойынша бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,6%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш 2026 жылға қарай 2,3%-ке дейін біртіндеп төмендейді.

Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге трансферт тартылады. Яғни республикалық бюджетті толтыру үшін әдеттегідей Ұлттық қордан ақша алынады.

«2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. Трансферттерді есепке алмағанда, кірістің көлемі 16,1 трлн теңге немесе түсімдердің жалпы сомасының 80%», – деді Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Ол 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің шығыстарын жариялағанда индекстелген зейнетақы мен жәрдемақыны төлеуге 5,4 трлн теңге жұмсалатынын айтты.

«Отбасыларды қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Осы мақсатқа келесі жылға 93,3 млрд теңге көзделген. 2028 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы 61 жас деңгейінде сақталды. Бұл бастама 150 мыңнан астам адамды қамтиды және 3 жылға қосымша 473 млрд теңгені қажет болады», – деді Қаржы министрі.

Ерұлан Жамаубаев «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға, 2,4 трлн теңге, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға,
1,7 трлн теңге қарастырылғанын мәлімдеді.

«Өңірлерді дамытуға 7 трлн теңгеден артық қаражат қарастырылған. Бұл жалпы бюджет шығысының шамамен 30%. Оның ішінде 5,3 трлн теңге субвенция, 1,7 трлн теңге нысаналы трансферт», – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Белгілі болғандай 2024 жылы азаматтарды жұмыспен қамтуға 3,5 трлн теңге жұмсалады. Экономиканың нақты секторын дамытуға 2,8 трлн теңге бөлінеді. Ал күш құрылымдарына 2,6 трлн теңге бағытталады.