Қашаған мен Теңіздегі мұнай өндіру көлемі 102 млн тоннаға дейін ұлғаяды – Әлібек Қуантыров
Қазақстан 2024-2028 жылдары Қашаған мен Теңіздегі өндіріс қарқынын күшейтіп, мұнай өндіру көлемін 102 млн тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.
«Экономиканың барлық базалық саласында оң динамика күтіледі. Шикізаттық емес сектор болжамды өсудің негізгі драйверінің біріне айналады. Өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 2024-2028 жылдары 4%-ға жетеді. Өңдеу өнеркәсібі орта есеппен 4,9% деңгейінде өседі және тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқыны артады. Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарындағы өндірісті кеңейту есебінен есебінен мұнай өндіру көлемін 95,4 млн тоннадан 102 млн тоннаға дейін арттырамыз», – деді Ә. Қуантыров Мәжілістің жалпы отырысында.
Бұған дейін Энергетика министрлігі 2024 жылға арналған мұнай өндіру болжамын 6 ай кейінге шегерілген Теңіз кенішін кеңейту жобасының іске қосылу күніне қарай түзететінін хабарлаған болатын.
Естеріңізге салайық, Қазақстан бұған дейін 2023 жылға жоспарланған мұнай өндіру көлемін 90,5 млн тоннадан 89 млн тоннаға дейін қысқартқан болатын.
Теңіз мұнай-газ кен орны Қазақстандағы ең ірі кен орындарының бірі. Оның мұнай қоры 3,2 млрд тоннаны құрайды. Кен орны Атырау облысында, еліміздің батысында орналасқан. Кен орнын игерумен «Теңізшевройл» айналысады. Қазіргі уақытта ТШО Теңізде жалпы құны 45,2 млрд АҚШ долларын құрайтын өндірісті кеңейту және ұңғыма сағасының қысымын басқару жобасын жүзеге асырып жатыр. Жобаны 2022 жылдың соңында аяқталуға тиіс еді.
Chevron (50% қатысу үлесі), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы арқылы Қазақстан (20%), Lukarco (5%) «Теңізшевройл» ЖШС қатысушылары болып табылады.
Қашаған кен орны соңғы онжылдықта ашылған әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі болып саналады. Оның мұнай қоры 9- 3 млрд баррельді құрайды. Қашағандағы коммерциялық өндіріс 2016 жылдың күзінде басталды.
KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%) компаниялары Қашағанның операторы NCOC консорциумының акционерлері болып табылады.