Ұлттық қордағы қаржының 40%-ын кірісі жоғары активтерге салғымыз келеді – Тимур Сүлейменов
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қордағы қаржы айналымына қатысты пікір білдірді. Сонымен қатар, қордағы қаражат қандай порфельдерге салынғанына қатысты ақпарат берді.
«Бізде 2 портфель бар – тұрақтандыру және жинақ портфелі. Тұрақтандыру неғұрлым өтімді саналады. Бұл портфель 17%-ды құрайды. Ұлттық қордың шамамен 10 млрд теңгесі тұрақтандыру қоржынында. Бұл қаржылық жағдай күрт нашарлаған жағдайда, өтімді активтерді тез арада сатып, бюджетке тиісті транш арқылы көмектесу үшін қажет. Қалған 83% – жоғары кіріс алуға бағытталған ұзақмерзімді және ортамерзімді тетіктер. Біз үйлестірген деңгей 80/20 шамасында болды. Яғни 20%-ы акциялар мен қаржы нарығының басқа да құралдарына, ал 80%-ы дамыған елдердің облигацияларына салынды. Олар өте сенімді, бірақ көп кіріс бермейді», – деді Т.Сүлейменов Мәжілістің жалпы отырысында.
Ұлттық банк төрағасы Ұлттық қорды басқару саясатын өзгертудің маңызына назар аударды.
«Ұлттық қорды неғұрлым прогрессивті және көбірек кіріспен басқару үшін бізге не қажет? Біз тәсілдерді 80/20 деңгейінен 60/40-қа өзгертеміз. Яғни 60% бұрынғысынша ұзақмерзімдегі сенімді бағалы қағаздарда қалады, бірақ табысы төмен болады. Біз 40%-ын кірісі жоғары активтерге салғымыз келеді», – деді Т.Сүлейменов.
Ол бұл ретте теңгерімді сақтап, пайдакүнемдікке салынбау маңызды екенін мәлімдеді.
«Біз шамадан тыс табыстың соңына түсіп кетсек, пайдаға алданып қалсақ, 2025-2026 жылдары ұзақмерзімді перспективада ұтылып қалуымыз мүмкін», – деп нақтылады Т.Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасы Норвегия қорындағы жағдайды мысал ретінде келтірді.
«Былтыр бұл қор өз құнының шамамен 20%-ын жоғалтты. Себебі олар агрессивті саясат жүргізді. Акцияларға көп инвестициялады және бірден айтарлықтай үлкен соманы жоғалтты. Сондықтан біз бұл теңгерімді базалық түрде, яғни активтерді үйлестіруді өзгерту арқылы іске асырамыз. Бұл өз кезегінде бізге қосымша жауапкершілік жүктейді», – деді Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, қазан айында Ұлттық қордан сатылған валюта жалпы сауда көлемінің 47%-ын құрап, тәулігіне 72 млн АҚШ долларын құраған. Өткен аймен салыстырғанда, Ұлттық қордан валюта сату күрт өскенін байқауға болады. Қыркүйек айында жалпы сауданың 34 пайызын құраған еді. Яғни, 1,1 млрд АҚШ долларына тең валюта сатылған.
«Қазан айының соңында теңге бағамы 1,1%-ға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 469,64 теңгені құрады. Қазақстан қор биржасындағы орташа күндік сауда көлемі 162-ден 155 миллион АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауданың жалпы көлемі 3,2 млрд долларды құрады», – делінген хабарламада.
Ал қараша айында Ұлттық банк Ұлттық қордағы қаражаттан 1,3-1,4 млрд АҚШ доллары көлемінде валюта сатуды жоспарлап отыр.
Қаңтар-тамыз айларында Ұлттық қорға мұнай секторындағы компаниялардан түсетін тікелей салық түріндегі түсім 3,24 трлн теңгені құрады. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29%-ға аз.