Қазан айында инфляция баяулап 10,8% құрады. Ал қыркүйекте бұл көрсеткіш – 11,8% болған.
Ұлттық статистика бюросы келтірген мәліметтерге сәйкес инфляция динамикасы азық-түлік тауарларға бір жылда – 10,4%, азық-түлік емес тауарларға – 11,1% ақылы қызметтерге – 11%-ға өскен. Атап айтқанда өткен жылғы қазанмен салыстырғанда бағаның өсуі қырыққабатқа 69,1%, жүзімге – 46,7%, күрішке – 40,3%, апельсинге – 28,1%, сәбізге – 22,4%, консервіленген сүтке – 22%, минералды суға – 21,1%, газдалмаған сусындарға – 21%, пастерленген сүтке – 17,2%, майлылығы 2,5% айранға – 16,3%, қаймаққа – 15,6%, тоқаш және ұннан дайындалатын өнімдерге – 14,6%-ды құрады. Ал бағасы төмендеген өнімдер ішінде қарақұмық жармасы бар, ол – 20,1%-ға арзандаған, ал күнбағыс майы – 16,2%-ға, құмшекер 16%-ға бағасы төмендеген.
Баға деңгейі жеке қолданылатын тауарларға – 16,6%, жиһаз және үйге қажетті заттарға – 15,2%, жуғыш және тазалағыш құралдарға – 13,9%, ыдысқа – 13,7%, киім және аяқ киімге – 12%, құрылыс материалдарына 8,4%-ға өсскен. Ал дизель отыны – 35,1%, бензин – 13,6%, баллондағы сұйытылған газ 12,8% қымбаттаған.
Баға санаторийлер қызметтеріне – 15,7%, кешенді демалыстарды ұйымдастыру қызметтеріне, денсаулық сақтау қызметтеріне – 14,3%-дан, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне – 14,2%, демалыс және спорттық іс-шаралар саласындағы қызметтерге – 13,9%, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне – 11,3%, білім беру қызметтеріне 10,1% жоғарыласа, жолаушылар темір және әуе жол көліктерінің қызметтері 7,9%-ға артқан.
Ал коммуналдық қызметтер құны айтарлық өсе түскен. Қоқыс шығару – 32%, су бұру – 27,6%, ыстық су – 16,9%, суық су – 16,4%, электр энергиясы – 12,3%, орталықтан жылыту – 10,1%, тұрғын үйді күтіп ұстау 9% қымбаттаған.
Өңірлер бөлінісінде 2023 жылғы қазанда ең жоғары инфляция Ақмолада – 12,7%, Солтүстік Қазақстанда – 12,1% және Жетісу облысында – 11,7% тіркелген.
Осыған дейін Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов жыл соңына дейін инфляцияның 10%-дан төмендеуі мүмкін екенін айтты. Банк басшысы елдегі инфляциялық жағдайға бірнеше проинфляциялық факторлар әсер ететінін, бірінші кезекте оған коммуналдық реформаның әсері болатынын айтқан.