Израиль Газа секторындағы бейбіт тұрғындар лагеріне бомба тастап, 50 адам қаза тапты
Израиль әуе күштері Газа секторының солтүстігінде орналасқан Джабалия босқындар лагеріне бомба тастап, салдарынан кемінде 47 адам қаза тапты деп хабарлайды ВВС. Палестина Қызыл Крест өкілдері үйінді астынан 25 бейбіт тұрғынның денесін тапқанын растады.
Ал Газа Денсаулық сақтау министрлігі қаза тапқандар саны 50-ге жеткенін, ал жараланғандар саны 150 адам екенін хабарлады.
Израиль армиясы бұл соққыдан 50 бейбіт тұрғынмен қоса, ХАМАС-тың жоғары шенді қолбасшысы қаза тапқанын, сонымен бірге «терроризмнің жерасты инфрақұрылымы» жойылғанын мәлімдеді.
Тығыз орналасқан үйлердің үстінен түскен авиабомба салдарына бірнеше ғимарат үйіндіге айналған.
«Олар жай үйлерінде болған. Сол кезде үстінен бомба түсті. Қаза тапқандар к-б3нде балалар мен әйелдер және қарттар», – деп пікір білдірген басылымға палестиндік дәрігер.
Джабалия Газадағы босқындардың сегіз лагерінің ең үлкені саналады. БҰҰ мәліметі бойынша, 2023 жылдың шілде айындағы жағдай бойынша онда 116 мың палестиналық босқын тіркелген. Босқындар 1948 жылғы соғыстан кейін осы лагерьге орналаса бастаған. Оның аумағы 1,4 шаршы км аумақты алып жатыр. Халқы көп болғандықтан, тығыз орналасқан. Лагерьде тұрғын үйлермен бірге 16 мектеп ғимараты, тамақ тарату орталығы, екі сауықтыру орталығы, кітапхана және жеті су құдығы бар.
Израильдің бұл әскери қимылын бірнеше ел айыптады. Чили президенті Габриэль Борич «Газа секторындағы халықаралық гуманитарлық құқықтың бұзылғанын» айыптап, Израильдегі елшісін кеңесу үшін шақыртып алуға бұйрық берген. Ал Колумбия президенті Густаво Петро Израильді «Палестина халқын қырғынға ұшыратты» деп ашық мәлімдеп, өз елшісін шақыртып алған.
Боливия мемлекеті Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасын толық үзгенін мәлімдеді. Ол Газа секторындағы «бейбіт халыққа таңдаусыз соққы жасап жатқан» Тель-Авивті «адамзатқа қарсы қылмыс жасады» деп айыптады.
Палестина Денсаулық сақтау министрлігі Газа секторындағы әуе шабуылынан қаза тапқандар санының 8 мыңға жеткенін хабарлады. Оның 70 пайзы әйелдер мен балалар. Ал Израиль тарапына 1,4 мыңнан астам адам қаза тапқан.
Осыған дейін ХАМАС кепілге алынған Израиль азаматтарын Израиль түрмелерінде қамалып отырған палестиналық тұтқындарға айырбастауды ұсынды.
Еске сала кетсек, 7 қазанда ХАМАС тобы Израиль аумағына шабуыл жасап, бейбіт тұрғындар қаза тапты. ХАМАС 200-ден астам тұрғынды кепілге алды. Нәтижесінде Израиль Газаға соғыс жариялады. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптайтынын мәлімдеді.
«Біз БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің кепілге алынған адамдарды алдын ала шартсыз дереу босату және гуманитарлық көмекке кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігі туралы үндеуін қолдаймыз», – делінген хабарламада.
Израиль СІМ ХАМАС шабуылына байланысты бір қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен екі қазақстандық туралы хабарлады. ҚР Сыртқы Істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Ал Газада қалып қойған қазақстандықтардың туыстары Тоқаевтан көмек сұрады. Олар күнделікті Израиль бомбасы түсіп жатқан елде тірі қалу мүмкіндігі өте төмен екенін айтты. Туыстарының тіпті гуманитарлық көмекті алу үшін көшеге шығуға қорқып отырғанын мәлімдеген олар, президенттің бұл жағдайды шешетініне сенеді.