ЕО жаңа санкциялар дайындап жатыр. 12 санкциялық пакет Ресейдің 5,3 миллиард долларды құрайтын тауар айналымына әсер етуі мүмкін. Бұл жайлы Bloomberg жазды.
Миллиардтаған долларлық сауда шектеулерімен қоса, санкциялар тізіміне 100 адамның есімі қосылуы мүмкін. Атап айтқанда ЕО қорғаныс саласында қолданылатын дәнекерлеу машиналарына, химиялық заттар мен технологиялардың экспортына шектеу қоюы мүмкін. Сондай-ақ бағдарламалық жасақтаманы лицензиялауға және металдар мен алюминий бұйымдарын импорттауға да тыйым салу жоспарланған.
Басылымның хабарлауынша, жаңа – 12-ші санкциялар пакетіне 100 жеке тұлғаның, сондай-ақ 40-қа жуық заңды тұлғаның тізімі енеді.
Осыған дейін Bloomberg ЕО жаңа санкциялар пакетін қазан айының бірінші жартысында жариялауы мүмкін екенін жазған болатын. 12-ші пакет санкциясы Ресейдің «БАӘ және Түркия сияқты» үшінші елдер арқылы ЕО санкцияларын айналып өту мүмкіндігін шектеуге бағытталған. Онда санкциялар негізінен Ресейдің IT секторы мен, сұйытылыған табиғи газға (СТГ) және атом өнеркәсібіне қатысты болатыны айтылды.
Ресейге қарсы санкциялардың 12-ші пакеті аясында Еуроодақ ресейлік атом өнеркәсібіне шектеу қоюды ілгерілетуді жоспарлап отыр. Баслысымның хабарлауынша бұл бастаманы Польша мен Балтық жағалауы елдері көтерген.
Қыркүйекте Еуропалық комиссия Ресейден ЕО-ға бірқатар тауар тасуға тыйым салған болатын.
Сонымен бірге Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен Киевке сапары барысында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесіп, олар Еуро Одақтың Ресейге салатын 11-ші санкциялар пакетін талқылады. Онда санкцияларды айналып өтуге көмектесетін фирмалар мен компанияларға ерекше назар аудырылатындығы айтылды.