«Қазатомөнеркәсіп» пен Framatome компаниясы атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты дамытпақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: «Қазатомпром» АҚ

Франция президенті Эмманюэль Макронның ресми сапары аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Framatome компаниясы келімге келді. Бұл келісім ядролық отын циклі саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

«Framatome – ядролық отын циклі жобаларын дамыту саласында Қазатомөнеркәсіп үшін стратегиялық маңызды әріптестердің бірі. Бірлескен кооперация атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы елдеріміз арасындағы екіжақты қатынастарды дамыту үшін жаңа перспективалар ашуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деп атап өтті Қазатомөнеркәсіп басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.

Келісім ядролық отын циклі саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін компаниялар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуді, сондай-ақ мамандарды оқыту мен даярлауды көздейді.

«Framatome компаниясы бүгін әлемдегі ең ірі уран өндіруші – Қазатомөнеркәсіппен келісімге қол қойғанына қуанышты. Бұл біздің бұрыннан келе жатқан серіктестіктерімізді нығайтып, ядролық отын циклі саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді Framatome компаниясының сату және маркетинг жөніндегі вице-президенті Винсант Мерсье.

Кеше Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Қос мемлекет басшылары екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыруды және тереңдетуді жалғастыруға уағдаласты.

Қазақстан 2032 жылға дейін АЭС салуға ниетті. Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында  Қазақстанда  АЭС салынатын жер анықталғанын айтып өтті.

2022 жылдың маусым айында Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жария етті. 

Жыл басында министр Болат Ақшолақов Қазақстанда салынатын АЭС-қа реакторлық технология биыл таңдалатынын айтты.   

Атом қуаты халықаралық агенттігінің мамандары Қазақстанға келіп, 27 ақпан-3 наурыз аралығында еліміздің атом-энергетика инфрақұрылымына инспекция жүргізді. Миссия шеңберінде Қазақстанның ядролық-энергетикалық инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде бірінші АЭС салу жөніндегі мәселелердің кең спектрін қамту жоспарлаған.

Жақын Энергетика министрлігі Қазақстанда АЭС-ті Ресей, Корея немесе Франция салуы мүмкін екенін, қазіргі таңда келіссөз жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оған қоса АЭХА (МАГАТЭ) Қазақстанда АЭС құрылысына арналған орын таңдауға қатысты Бағалау миссиясын бастады. «Қазақстандық атом электр станциялары» АҚ Бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, Қазақстанда АЭС салуға 15 млрд доллар қажет.

Қазатомөнеркәсіп – 2022 жылы әлемдік бастапқы уран өндірудің жиынтық көлемінен шамамен 22%-ы мөлшерінде компанияның қатысу үлесіне барабар табиғи уран өндіретін әлемдегі ең ірі уран өндіруші. Топтың саладағы ең ірі резервтік уран базасы бар. Қазатомөнеркәсіп еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 26 кен орнын игеруде. «Қазатомөнеркәсіп» АҚ жыл соңына дейін Транскаспий маршруты арқылы Еуропаға уран жеткізу көлемін 71%-ға арттырады.

Сондай-ақ оқыңыз