Фото: shutterstock.com
Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тауар айналымын 1 млрд долларға дейін жеткізуге толық мүмкіндік бар. Бұл туралы Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанның Қазақстанға ресми сапаря асындағы келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өтті. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 24%-ға артып, 172 млн долларға жеткен.
Келіссөз барысында барысында тараптар энергетика, көлік, логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты салалардағы байланыстарды дамытуға өзара мүдделі екенін білдірген.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстан арасында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жақсы институционалды негіз бар деп санайды.
«Геосаяси шиеленістерге қарамастан, былтыр тауар айналымы 20 пайыздан астам өсті. Таяу болашақта бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар екеніне сенімдімін», – деді Президент.
Сонымен қатар келіссөз барысында екі елдің заң шығарушы органдарында жұмыс істейтін достық топтары арқылы парламентаралық байланысты нығайтудың маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМҰ және түрлі халықаралық платформалар аясындағы өзара ықпалдастық перспективалары қарастырылған.
Тараптар қандай келісімге келді?
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан келіссөз қорытындысы бойынша БАҚ үшін өткізген брифингте мемлекет басшысы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған нәтижелі келіссөз жүргізгенін айтып өтті.
- Сауда-саттық көлемін ұлғайту және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту. Президенттің айтуынша, Қазақстан Мажарстанға құны шамамен 700 миллион доллар болатын 95 түрлі тауар жеткізе алады. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша өнім экспорттауға мүмкіндік бар.
- Инвестициялық серіктестікті одан әрі жандандыру үшін ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыру. Атап айтқанда, жыл соңына қарай ашылатын Батыс Қазақстандағы «Рожковское» ірі газ конденсатты кен орнында Мажарстанның «MOL» мұнай-газ компаниясының үлесі 192 миллион доллар болмақ. Сондай-ақ «Globalia» кәсіпорны еліміздің бірқатар аймағында күн энергиясы станцияларын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 150 миллион доллар.
- Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық – қазақ-мажар қатынастарының алтын көпірі. Мажар үкіметінің қолдауымен соңғы 10 жылда Қазақстан студенттері үшін оқу гранттары бөлініп келеді. Осы бағдарламаны жалғастыру туралы Меморандумға қол қойылған. Биыл мажар халқының ұлы перзенті Шандор Петефидің туғанына 200 жыл толуына орай бүгін Астанада жаңа көшеге ақынның есімі беріледі.
- Сонымен қатар тараптар көлік-логистика, атом энергетикасы, су ресурстарын басқару, сирек кездесетін метал өндіру бағытындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылаған.
Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасында қаржы саласындағы байланыстар да қарқынды дамып келеді.
«Жақында «Equilibrium Capital» компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығында шетелдік қорларды басқару мәртебесіне ие болды. Бұл – осындай мәртебеге қол жеткізген Мажарстанның алғашқы компаниясы. Кәсіпорын жасыл энергетика және денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды қаржыландыра алады. Компанияның Қазақстанда 3 инвестициялық қор құруға ниеті бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Мажарстан Премьер-министрі осыдан тоғыз жыл бұрын қазақ-мажар қатынастарын стратегиялық деңгейге жеткізу туралы шешім қабылданғанын атап өткен,
«Соңғы жылдары бұл бағытта көптеген нәтижелі іс атқарылды. Екі ел арасындағы тауар айналымы едәуір қарқын алғанын көріп отырмыз. Мұны жоғары бағалаймыз. Экономикалық байланыстарды анағұрлым жоғары деңгейге көтеру үшін берік негіз қаладық. Мажарстан халқы сіздермен туыстық байланысы бар екенін біледі. Қазақтар – ортақ тарихымыздың бір бөлшегі. Елдеріміз арасында саяси достықтан бөлек, экономикалық ықпалдастық нығайып келе жатқанына қуаныштымыз. Біз Еуропадағы теңізге шығатын жолы жоқ мемлекет ретінде көп нәрсені сырттан аламыз. Мажарстанға Ресей мен Қазақстан мұнайы экспортталады. Әзірге мұнай көлемі соншалықты үлкен емес. Әйтсе де тасымалдау арнасы бар. Бұл – еліміздің қауіпсіздігі тұрғысынан өте маңызды қадам, – деді Виктор Орбан.