«ҚазМұнайГаз» бұрғылау департаментінің экс-басшысына тиесілі компания Түркістан облысында кен орнына барлау жүргізеді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
ҚазМұнайГаз компаниясы экс қызметкері енді кен өндіреді / shutterstock и freepik

ҚазМұнайГаз компаниясы бұрғылау департаментінің экс-директорына тиесілі компания «Aurum Mining» Түркістан облысында пайдалы қазбаларды іздеу үшін барлау жұмыстарын жүргізуге қайтадан рұқсат алды.

Электронды үкіметтің Ашық НҚА порталында жарияланған қаулыда Түркістан облыстық соты Түлкібас аудандық сотының шешемін өзгеріссіз қалдырғаны жазылған. Енді әкімдік сот шешімін орындауға міндетті.

«Түлкібас ауданы, Арыс, Балықты ауылдық округтерінде орналасқан жалпы алаңы 226,64 га. жер учаскелеріне «Aurum Mining» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатты пайдалы қазбаларды барлау үшін жер учаскелерін жер пайдаланушылардан алып қоймай 2027 жылдың 24 желтоқсанына дейін қауымдық сервитут белгіленсін», – делінген қаулыда.

Сервитут, яғни өзгенің меншігіндегі жерде шектеулі түрде қолдану туралы шешімді мамырда болған сот отырысында Түлкібас аудандық соты шығарған. Енді аудан әкімдігі сервитут бойынша пайдалануға берілетін жер телімдерінің тізімін жариялап отыр. Тізімге жеке шаруашылықтардың, ауыл тұрғындарының жер телімдерімен қатар, мемлекет меншігіндегі телімдер де кірген.

Дау неден туды. 2021 жылдың желтоқсанында «Aurum Mining» ЖШС Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия алған. Бірақ жергілікті тұрғындар мен жер пайдаланушылар барлау жұмысына қарсы болған.

«Aurum Mining» ЖШС қауымдық сервитут белгілеу туралы қаулы шығару туралы Түлкібас ауданының әкімдігіне өтініш берген. Аудан әкімдігі қауымдық сервитут белгілеуден бас тартқан. Компания осы қаулының күшін жойып, сервитутке рұқсат алу үшін әкімдікті сотқа берген.

«Aurum Mining» ЖШС 2019 жылы құрылған компания қатты бағалы металлдарды барлау және қазба жұмыстарымен айналысады. Ол «Интел Инвест» ЖШС-мен тең серіктес компания. Оның құрылтайшылары қатарында бұрын ҚазМұнайГаздың бұрғылау департаментінің басшысы болған Әбдіғалиев Мұрат Беркінбайұлы бар.

«Интелл Инвест» компаниясы Абай облысы Жарма ауданында алтын іздеп, барлау жұмыстарымен айналысып, шаруашылық жерлерін қаза бастағанда жергілікті тұрғындар қарсылық білдірген.

Алайда компанияның тиісті лицензиясы болғандықтан, жұмыс тоқтамаған.

Сондай-ақ оқыңыз