Қазақстан ресейлік «Газпром» компаниясымен газ сатып алу, тасымалдау, өндіру және қайта өңдеуге қатысты стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы ресейлік холдингтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярмен «Газпром» холдингінің басшысы Алексей Миллер 1 қараша күні өткен Петербордағы халықаралық газ форум аясында қызметтік кездесу өткізді.
«Роман Скляр мен Алексей Миллер стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Құжатта газ сатып алу, тасымалдау және қайта өңдеумен қатар, геологиялық зерттеулер жүргізіп, газ өндіру мәселелері туралы жазылған», – делінген хабарламада.
Петербордағы халықаралық газ форумында Роман Скляр Ресей Қазақстанға 3 млрд кубометр газ жеткізетіні туралы келіссөз жүргізілгенін айтқан. Және Ресей газын Қазақстан арқылы үшінші елдерге сату мүмкіндігі туралы сөз қозғаған. Бірақ нақты қай елдерге жеткізілетінін айтпаған.
Айта кетейік, Қазір Қазақстан арқылы Ресей газы Өзбекстанға тасымалданады. Осы жылдың маусым айында өткен Петербор халықаралық экономикалық форумында «Газпром» мен «QazaqGaz» арасында Өзбекстан тұтынушылары үшін ресейлік табиғи газды тасымалдау туралы шартқа қол қойылды. Газ құбырлары арқылы Өзбекстан Ресейден жылына 2,8 млрд текше метр газ сатып алуға келісті.
Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға экспорттау 2023 жылдың төртінші тоқсанында басталады деп жоспарланған. Екі жылдық келісімде тәулігіне 9 миллион текше метр, жылына шамамен 2,8 миллиард текше метр жеткізілетіні жазылған.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің бұйрығымен 2020 жылғы 7 қазанда №347 бұйрығымен сұйытылған мұнай газын үш жыл бойы автомобиль көлігімен экспорттауға тыйым салынды. Сол мерзім биыл қайта жаңартылып, тағы ұзартылды.
Қазан айының басында Атырау облысында газ тапшылығы байқалып, Энергетика министрлігі елдегі сұранысты қанағаттандыру үшін Ресейден газ сатып алынатыны туралы мәлімдеді.