Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінен консерві, субөнім жасауға стандарт жасауды сұрап отыр – Арман Шаққалиев
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев журналистердің ақбөкеннің етін шетелге экспорттауға қатысты сұрағына жауап берді.
«Министрлік ақбөкеннің етін шетелге сатуды жоспарлап отырған жоқ. Тіпті ішкі нарықта, базарларымызда киік етін ешқайсымыз көрген жоқпыз. Астана маңайында бір көлік ет тиеген адамның ұсталғаны туралы ақпарат болды. Ол заңсыз жұмыс істеген. Қазір біздің құзырет бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінен консерві, субөнім жасауға стандарт жасауды сұрап отыр. Сол стандарттау жағынан жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді министр журналистерге.
А.Шаққалиев нақты стандарт болса, сертификат, декларация, тексеру жұмыстары қолға алынатынын айтты.
«Барлығы сұранысқа байланысты. Ақбөкеннің етіне сұраныс білдірген елге сауда жағынан ұйымдастыру шараларын шешуге көмек көрсетеміз. Ең бастысы, техникалық реттеу, қауіпсіздік және сапа талабы сақталуы тиіс», – деді Сауда және интеграция министрі.
А.Шаққалиевке ақбөкен етінің экспортына қатысты сұрақтың қойылуына министрліктің:
«Қазіргі уақытта ақбөкендерді, оның ішінде мүйіздерді коммерциялық пайдалануға халықаралық нарықта нөлдік квота белгіленді. Халықаралық сарапшылардың ұсынымдарына сәйкес, Министрлік ақбөкендерге республикадан тыс жерлерде оларды іске асыру мақсатында квота алу үшін қажетті құжаттарды дайындап, СІТЕЅ Хатшылығының қарауына жолдайтын болады. СІТЕЅ конвенцияларының келесі сессиясы 2025 жылы өтеді» – деп таратқан хабарламасы негіз болған.
Тілшілер құжат дайындау жұмысы басталмағанына және CITES конвенциясының келесі сессиясы 2025 жылға жоспарланғанына назар аудармаған.
Елімізде ақбөкеннің шектен тыс көбеюі және осыған орай қабылданып жатқан шаралар қызу талқыланып жатыр. Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі 1 қазан мен 15 қараша аралығында ақбөкенді атуға рұқсат берді. Құжат «Ашық НҚА» порталына жарияланды.
Ақбөкендерді атуға берілген рұқсат мерзімінің ұзартылуы елді елең еткізді. Ал ақбөкенді атуға рұқсат 4200 теңгеден сатылып жатыр деген ақпаратқа Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа жауап беруге тура келді.
«Жалпы, осы науқанды дайындаған кезде екі тәсіл қарастырылды. Біріншісі – қарал тәсілімен тор құру арқылы ұсталып, бауыздалып, комбинаттарға жеткізіледі. Екіншісі – түн ішінде ату тәсілі. Біз алғашқыда қарал тәсілімен азайту науқанын бастаған болатынбыз. Бірақ соңғы екі аптада жаңбыр көбейіп, бұл тәсілді қолдануда біраз қиыншылықтар туындады. Сол себепті биологиялық негіздемеде көрсетілген екінші тәсілді де қолдануға шешім қабылдадық. Бүгінде бұл жұмыстар тоқтап тұр. Өйткені оған біраз дайындық қажет болып жатыр. Киік аңшылыққа арналған жануар», – деп жауап берді Е. Нысанбаев.
Мамандар күзде елдегі ақбөкен саны 2,6 миллионға жетеді деп болжаған. Популяцияның өсуі өңірлердегі шаруаларды шығынға ұшыратып, жайылымдық жерлердің тапшылығын тудыруы мүмкін. Осы жылдың өзінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, БҚО өңірлерінде шамамен 122 мың га егіс алқаптарына 12 млрд теңге көлемінде шығын келген.
Айта кетейік 1999 жылдан бастап ақбөкен санының күрт азаюына байланысты Қазақстанда ғылыми мақсатты қоспағанда, оны 2023 жылға дейін аулауға тыйым салынды. Ақбөкендердің саны 2 млн-ға жуықтағанына байланысты жоғарыдағы тыйымның күші жойылды.