Жаңалықтар

Мектеп оқушыларының бір реттік тамағына бөлінетін сома салыстырмалы түрде аз: Оқу-ағарту министрі не дейді?

Оқушылардың тамағына қанша ақша бөлінеді /shutterstock және primeminister.kz

Бастауыш сынып оқушыларына берілетін мектептегі тегін тамаққа қанша қаржы бөлінеді. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, ол сома 480 мен 850 теңге аралығында. Министрдің пікірінше, бұл қаржы балаларға ыстық тамақ беруге жеткілікті.

«Осыған дейін, бір баланың тамақтануына күніне 200 теңгеден артық сома бөлінбеген болатын. Ал, биыл ең көп сома Алматы қаласында бөлініп отыр – 850 теңге, Ақмола облысында 700 теңгеден аса, ал бір реттік ыстық тамаққа бөлінетін ең аз сома Қарағанды облысында – 480 теңге. Өзге аймақтарда орта есеппен 579 теңгенің айналасында. Сарапшылардың есептеуінше балаланы күніне бір рет ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін осы сома жеткілікті», деді Бейсембаев.

Алайда, брифингке қатысқан журналистердің бірі мемлекеттік мектепте оқитын оқушылар мен бас бостандығынан айыру орындарында отырғандардың тамағына бөлінетін соманы салыстырды. Журналистің анықтауынша, балалардың тамағына бюджеттен бөлінетін сома анағұрлым аз екен.

«Мен бұлай салыстырғым келмейді, біз бір реттік тегін тамақ туралы айтып отырмыз», деді Бейсембаев.

Сонымен қатар ол Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқушыларының тамақтануына бөлінетін сома мен берілетін тағам көлемін ұлғайу бағытында жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Айта кету керек, бұған дейін ақпарат құралдары Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бір сотталушыға жұмсалатын күндік шығыны туралы мәліметті таратқан болатын.

Оған сәйкес, бір сотталушыныуң немесе тергеу орындарында қамауға алынғанды қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 2 235 теңге бюджеттен бөлінеді. Бір айда түрмедегі адамның тамағына 68 мың теңге, бір жылда 816 мың теңге жұмсалады екен. Егер, бір күндік тамаққа кететін шығынды үшке (таңғы, түскі, кешкі ас) бөлсек – 745 теңге болады.

Еліміздің мектептерінде бастауыш сынып оқушылары бір реттік тегін тамақпен қамтылған. Оған қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді.

Оқу-ағарту министрі өзінің екі баласы мектепте оқитынын, алайда олар бастауыш сыныпта болмағандықтан тегін тамақпен қамтылмағанын айтып өтті.