АҚШ реттеушісі базалық мөлшерлемені 5,5% деңгейде қалдырды

Жарияланды
ФРЖ
ФРЖ АҚШ базалық мөлшерлемені 5,5% деңгейінде қалдырды /Фото: kursiv.media

Федералды ашық нарық комитетінің (FOMC) мүшелері қысқа мерзімді пайыздық мөлшерлемелер бойынша дауыс беріп, базалық мөлшерлемені 5,5% деңгейінде қалдырды.

Бұған дейін сарапшылар базалық мөлшерлеме 5,5% деңгейінде қалады деп болжаған. Экономистер бағамның болжамнан жоғары болуы АҚШ долларына оң әсер ететінін, керісінше, бағамның болжамнан төмен болуы, американдық валюта үшін теріс факторы болатынын айтқан. Сол себепті де отырыс соңында ФРЖ негізгі пайыздық мөлшерлемені 5,5% деңгейінде қалдырды. Бұл шешім бірауыздан қабылданған.

Отырыста FOMC-тің ұзақ мерзімді мақсаты – максималды жұмыспен қамту және 2% инфляцияға қол жеткізу екендігі айтылды. Сонымен бірге ФРЖ үшінші тоқсанда Америка экономикасы жақсы өсім көрсеткені айтылды. Атап айтқанда, шілде-қыркүйек айларында ЖІӨ 4,9%-ға артқан. Ал жұмыс орындарының өсімі жыл басымен салыстырғанда баяулаған. Жұмыссыздық деңгейі де төмен. Ал инфляция жоғары деңгейде қалып отыр. Сол себепті де, федералды ашық нарық комитеті (FOMC) инфляциялық тәуекелдерді жіті қадағалап отырады.

Баспасөз мәслихаты барысында ФРЖ басшысы Джером Пауэлл инфляцияны 2 пайыздық нысанаға қайтару процесі ұзаққа созылатынын, экономистер мен FOMC мүшелерінің рецессияны болжамайтынын айтқан. Десе де сарапшылар инфляцияны төмендету үшін экономиканы әлсірету қажет болуы мүмкін екенін айтады. Атланта федералды резервтік жүйесінің GDPNow қызметі төртінші тоқсанда елдегі ЖІӨ динамикасы 1,2%-ға дейін әлсіреуі мүмкін деп болжайды.

Еске сала кетсек, осыған дейін ФРЖ басшысы Джером Пауэлл реттеушінің Директорлар кеңесі қараша айындағы алдағы отырыста федералды қорлар мөлшерлемесін (ФРЖ базалық мөлшерлемесі) қазіргі 5,25–5,5% деңгейінде қалдырады деп болжаған.

Ол тіпті Федералды резерв жүйесі қажет болған жағдайда базалық пайыздық мөлшерлемені тағы көтеруге дайын екенін де айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз