Қазақстанда биыл қызылшамен 11 мың адам ауырған: ауырғандардың 85% екпе алмаған

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

Қазақстанда биыл қызылшамен 11 мың адам ауырған. Бұл жайлы Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев айтты.

«Биылғы жылы 11 мың қызылшамен ауру жағдайы тіркелді. Соның ішінде Шымкент, Алматы, Алматы және Жамбыл облыстарында жағдай күрделі. Қызылшамен ауырғандардың 83 пайызы 0-14 жас аралығындағы балалар болса, оның 85 пайызы қажетті екпе алмаған»,- деді ол кулуарда.

Вице-министрдің айтуынша, екпе алмағандардың көпшілігінде медициналық қарсы көрсетілімдері бар болса, кейбіреулері түрлі әлеуметтік желілерден жалған ақпарат естіп алып, екпеден өз еркімен бас тартқандар екен.

Ал жұқпалы аурудың осы өңірлерде кең тарауының себебін халықтың тығыз орналасуымен түсіндірді.

«Бұл аймақтарда халық тығыз орналасқан және сәйкесінше туу көрсеткіші де жоғары. Адам саны көп, туу көрсеткіші мен балалардың тығыздығының жоғары болуы осы өңірлерде ауру жұқтыратындар санын еселей түседі. Қызылша ауруы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде кең тарап жатыр. Негізінен ковидке қарсы шаралар кезінде вакцинацияның жүргізілмеуі қазіргі таңда бұл аурудың етек жаюына себеп болып отыр», деді Сұлтанғазиев.

Осы күрделі жағдайды ескере келе, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер 6 айдан 11 айға дейінгі балаларға қосымша екпе жасау туралы шешім қабылдаған. Сонымен қатар, 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға да қосымша екпе қарастырылған.

Тамызда еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова Елімізде қызылшамен ауырғандар көбейгенін айтқан болатын.

«Биыл қызылшамен сырқаттанғандар көбейді, қазірге дейін 3 037 жағдай тіркелген. Қызылша ауруы елдің барлық аймақтарында тіркеліп жатыр. Алматы қаласында 1 101 адам, Жамбыл облысында 430 адам, Алматы облысында 352 адам, Атырау облысында 237 адамнан анықталды. Астанада 209 жағдай, Шымкентте 194 адамнан тіркелді», – деді Есмағамбетова.

Сондай-ақ оқыңыз