Жаңалықтар

Шетелде жүрген 200 мыңға жуық еңбек мигрантының құқығы қалай қорғалады?

Фото: kursiv.media

Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы шет елдерде еңбек мигранты болып жүр. Отандастырмыздың еңбек құқығын қорғау үшін Еңбекмин еңбек мигранттарына квота бөлу мәселесін қарастырмақ. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Курсив» сауалына берген жауабында жазылған.

Министрліктің хабарлауынша, халықаралық еңбек нарығында қазақстандықтарға сұраныс географиясы кеңейіп келеді. Осыған байланысты Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасында шетелде жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік-еңбек құқығын қорғауға бағытталған шаралар қарастырылған. Оның ішінде қазақстандық жұмыс күшін тартатын елдермен еңбек мигранттарының әлеуметтік және еңбек құқықтарын сақтау жөніндегі екіжақты келісімге келу де бар.

«Жоғарыда аталған Келісімдер қабылдағаннан кейін, министрлік жеке жұмыс агенттіктері арқылы шетелдегі еңбек мигранттарына квота бөлу мәселесін қарастырады. Бұл Қазақстан азаматтарына шет мемлекеттердің аумағында рұқсат құжаттарымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Ресми дерек бойынша, 192,4 мың отандасымыз шет елдерде еңбек мигранты ретінде жұмыс істеп жүр. Халықаралық еңбек нарығында қазақстандықтар инженер, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету саласының жұмысшылары ретінде сұранысқа ие. Олардың басым бөлігі Түркия, БАӘ, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі, Польша, Корея Республикасы, Қатар, Германия, Израиль мемлекетіне қызмет етуде.

Министрлік өз жауабында Қазақстан Республикасының шетелдегі азаматтары мен заңды тұлғаларының құқығы мен мүддесін қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты және уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарын тіркеумен Сыртқы істер министрлігі айналысатынын атап өткен.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасынан шетелге жұмыс күшін шығарумен жеке жұмыспен қамту агенттіктері айналысады.

Жеке жұмыспен қамту агенттігі:

1) өтініш берушілерге кеңес береді, ел ішінде және одан тыс жерлерде жұмысқа орналасу мүмкіндігі, сондай-ақ еңбек делдалдық қызметтері туралы ақпарат береді;

2) бір елден екінші елге жұмысқа орналасу үшін жұмысшыларды тартады;

3) кейiннен ел iшiнде және одан тыс жерлерде жұмысқа орналастыра отырып, өтiнiш берушiлердi кәсiптiк даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастырады;

4) адамдарды шетелге жұмысқа орналастырған жағдайда әкетуге құқылы.

Жеке жұмыспен қамту агенттігі ешқандай дискримнацияға жол бермей, еңбек құқығын сақтау, миграттардың жеке дерек қауіпсіздігін сақтау, еңбек мигрантарымен арнайы шарт жасау, жұмыс уақыты біткен соң мигранттарды елге қайтаруға міндетті. Оған қоса, тоқсан сайын халықты жұмыспен қамту орталығына жазбаша немесе «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталы арқылы еңбек делдалдығына жүгінген және мамандығы бойынша ел ішінде және шетелде жұмысқа орналастырылған адамдардың саны туралы ақпарат ұсынуы тиіс.

Жеке агенттіктер жұмыс күшін шетелге олардың елге қайта оралатынына кепілдік бере отырып, қызметкер атынан банк жарнасы енгізген соң ғана шығаруға құқылы.

«Қазақстан Республикасынан жұмыс күшін шетелге әкету кезінде шетелдік жұмыс берушінің банктерге кепілдік жарна енгізу тәртібі мен шарты жұмысқа орналасқан елдің заңнамасымен реттеледі», – делінген жауапта.