Танымал блогер Аяз Шабутдинов ұсталды
Истаграм желісінде 1,9 миллион оқырманы бар Ресейлік блогер, бизнес-коуч Аяз Шабутдинов ұсталды.
Ол оқу курстарын сатуда алаяқтық жасады деген күдікке іліккен. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.
«Бүгін блогер шетелден Мәскеуге келді, кейін ол үйіне емес, жалға алынған пәтеріне бет алды. Оны сол жерде полиция ұстады. Қазір Шабутдиновтың жағдайы белгісіз», – деп жазылған хабарламада.
32 жастағы бизнес-коуч Аяз Шабутдиновты полиция қызметкерлері 3 қараша күні таңертең Мәскеуде жалға алған пәтерінде ұстаған.
Ресей Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, блогер сыбайластарымен бірге кәсіпкерлерге табыс табуды үйретуге уәде берген.
«Блогер агрессивті маркетинг әдістерін қолдана отырып, табысты бизнесті құруға көмектесетін білім беру бағдарламаларын, тренингтер мен вебинарларды сатып алуды ұсынған. Қазіргі уақытта ол курстарын сатқан коммерциялық ұйымдардың бірінің заңсыз әрекеттері туралы бірнеше эпизодына қатысты ақпарат бар», – деді Ресей Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Ирина Волк.
Риановости басылымының мәліметінше, блогердің үстінен «Аса ірі көлемдегі алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұған Аяз Шабутдиновке жалпы сомасы 5 миллион рубль төлеген бірнеше кәсіпкердің арызы негіз болған.
«Жас жігіт білім беру қызметін желеу етіп, кез келген бизнесті дамытудың бірегей әдістерін сатумен айналысқан. Алайда жәбірленушілердің пікірінше сабақтардың мәні «өзіңе сену керек – сонда қалағаныңның бәрі болады» дегеннен аспайды», – деп хабарлады ресейлік БАҚ.
Басылым атап өткендей, тергеу тобы аталған блогердің алаяқтық әрекетінен зардап шеккен адамдардың саны жүзден асып кетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Жауап алу соңында Аяз Шабутдиновке қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешіледі.
Бұл ретте Ресей Федерациясындағы Қауіпсіз Интернет лигасының басшысы Екатерина Мизулина бірінші болып осы жағдайға қатысты пікірін білдірді.
«Шабутдинов – көп жылдар бойы курстар сатумен айналысқан ірі ақпараттық алаяқ. Шамамен 2023 жылдың сәуір айынан бастап ол инфоалаяқтықпен айналысып, халықты алдап, салық төлеуден жалтарып келген. Блогердің жұмысына қатысты көптеген шағымдар биліктің назарынан тыс қалмады. Бұл біздің елдегі Блиновскаядан кейінгі немесе тіпті оған тең келетін ең ірі ақпараттық алаяқтық болса керек», – деді Мизулина.
Сонымен қатар ол Шабутдинов инфоалаяқтық үшін ұсталған немесе ұсталатын соңғы адам емес деп есептейді.
Еске сала кетсек, сәуірде ресейлік блогер әрі коуч Елена Блиновскаяға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол Алматыға ұшпақ болған кезде ұсталды. Кейін ол өз кінәсін толық мойындады.