Қазақстанда құрамында спирті бар дәрілік заттар қымбаттауы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Спирті бар дәрілік заттар қымбаттайды / коллаж: kursiv.media

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап құрамында денатуратталмаған этил спирті бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға акциз салынады. Бұл өз кезегінде, құрамында спирті бар, йод, корвалол, этанол секілді заттардың қымбаттауына алып келуі мүмкін.

«Атамекен» ҰКП медициналық қызметтер департаментінің директоры Назгүл Қабдрахманованың айтуынша, бұл норма құрамында спирті бар отандық өнім бағасының 30-100%-ға өсуіне алып келеді. 

Акциздің салынуына байланысты отандық өндірушілер өз өнімдерінің бағасы өсіп, шетелден келетін арзан тауарлармен бәсекеге түсе алмай, өндірістік қуаттылық төмендеп, қызметкерлердің саны да қысқаратынын айтып жатыр.

«Этанолды сатып алуға акцизді қосу өнімдеріміздің 80%-ға қымбаттауына алып келеді. Тиісінше, алкогольге акциз салынбайтын Беларусь және Ресей елдерінің өнімдерімен салыстырғанда бірден бәсекеге қабілетсіз боламыз.  Бәсекеге қабілетсіз баға өндірістің қысқаруына немесе банкроттыққа әкелуі мүмкін. Қазір компаниямызда 80 қызметкер жұмыс істейді. Біз персоналдың жартысын қысқартуға мәжбүр боламыз, өйткені этил спирті негізіндегі дезинфекциялау құралдары өндірісіміздің жалпы көлемінің 70%-ын құрайды», – дейді «БО-НА» ЖШС директоры Нұрлан Ережепов.

«Фармация 2010» ЖШС директоры Серік Қуанышев өз компаниясы өндірісінде 100-ден 140-қа дейін жұмысшы тартылғанын атап өтті. Кәсіпорын әр қызметкер үшін салықтың 9 түрін төлейді. Акциз әсерінен өндіріс жабылып қалуы мүмкін.

«Қазақстан ФарМедМндустриясы» фармацевтикалық және медициналық өнімдерді өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Гүлдария Манақбаева құрамында спирті бар өнімдердің қымбаттауы медициналық ұйымдардың сатып алуына да әсер ететінін атап өтті.

«Қазір ауруханаларға тегін медициналық көмек шеңберінде құрамында спирті бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 30-ға жуығы жеткізіледі. Бұл йод, салицил спирті, повидон йоды, этанол және т.б. Осы өнімдерге акцизді енгізу сатып алу шеңберіндегі бағаға әсер етеді. Құн өскен жағдайда мемлекеттің осы препараттарды сатып алмау қаупі туындайды. Ауруханалар осы өнімдерге қол жеткізе алмай, тегін көмек тізімінен шығып қалады», – деді спикер.

Еске сала кетейік, бұл норма Салық кодексіне 2022 жылдың желтоқсанында қабылданды. Әзірге «Атамекен» ҰКП бұл норманы кері қайтаруға талпынып жатыр. 

Сондай-ақ оқыңыз