АҚШ Өкілдер палатасы тек Израильге 14,3 млрд доллар беру туралы заң қабылдады
АҚШ өкілдер палатасы республикалықтардың Украинаға емес, тек Израильге көмектесу туралы ұсынысын қабылдады. Оған сай Америка Израильге 14,3 миллиард доллар көмек жіберуі қажет.
Reuters хабарлауынша, бұл заңға 226 өкіл келісім берсе, 196 өкілге оған қарсы дауыс берген. Келісім бергендердің 214-і республикалықтар. Ал қарсы шыққандардың 194-і демократтар. Енді заң жобасы Сенатқа өтіп, одан кейін президент Джо Байденнің алдына баруы тиіс.
Бұл Өкілдер палатасына республикалық өкіл Майк Джонсон төрағалық еткендегі қабылданған алғашқы заң жобасы болды. Ол «Иран қолдап отырған Хамаспен күрес кезінде Израильге көмек берудің маңызды екенін» айтқан.
Айта кетейік, осыған дейін аталмыш заң жобасын қабылдауға президент Джо Байденнің қарсылық білдіріп, оған вето қоюға мүдделі екенін хабарлағанбыз. Себебі Байден тек Израильге ғана емес Украинаға да көмек беру маңызды екенін ескерткен. Ол Израиль мен Украинаға көмекке, Тынық мұхиты аумағында Қытаймен бәсекелестікке және АҚШ-Мексика шекарасында қауіпсіздікті сақтау үшін қосымша көмекті 106 миллиард деп белгілеуді өтінген болатын. Бұл қаржының жартысынан көбін Украина беруді жоспарлаған.
«Бұл заң жобасы Израиль үшін де, таяу шығыс аймағын үшін де және АҚШ ұлттық қауіпсіздігі үшін де зиянды», – деп хабарлаған Ақ үй.
Кейінірек АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин «Украина Ресей басқыншыларымен күресу үшін АҚШ қолдауына зәру екенін» айтқан.
7 қазан күні Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.
2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады. Осы күнге дейін АҚШ пен Еуропа одағы Украинаға қаржылай және әскери көмек көрсетіп келеді.