Жаңалықтар

Каспий-Батыс-Шығыс дәлізін дамытуға басымдық береміз – Режеп Тайип Ердоған

Газа секторындағы гуманитарлық апат, Ауғанстанда тұрақтылық орнатудың маңыздылығы және энергетикалық қауіпсіздік пен түркі елдеріне ортақ әліпби әзірлеу.
Түркия президенті Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде осы мәселелерді тілге тиек етті.

«Жаһандық сын-қатерлерге қарсы күрестегі ең маңызды күшіміз – түркі әлемінің бірлігі мен ынтымағы. Соңғы кездері басымыздан өтіп жатқан оқиғалардан ақиқатты көреміз. Әзірбайжан Қарабақта 30 жылға созылған оккупациядан толық құтылды. Біз бұл тарихи жетістікті мақтан тұтамыз және қуанамыз», – деді Режеп Тайип Ердоған.

Палестина әлемнің көз алдында бұрын-соңды болмаған адамзаттық трагедияны бастан кешіріп жатқанына тоқталған Түркия президенті Израильдің ауруханаларды, мектептерді мешіттерді бомбалап жатқанын айыптады.

«Газа секторында 28 күн адамзатқа қарсы қылмыс жасалып жатыр. Біз осы дағдарыстың басынан бастап гуманитарлық ұстаным ұстандық. Біз атысты тоқтатуға басымдық береміз. Біз мұсылман, христиан немесе еврей болғанына қарамастан, әрбір адамның қауіпсіздігіне кепілдік болатын жаңа механизмдермен жұмыс істеп жатырмыз», – деді Режеп Тайип Ердоған.

Айта кетейік, Анкара бүгінге дейін Газа секторына гуманитарлық көмек тиелген 10 ұшақ жөнелтті.

Түркия Президенті Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы мемлекеттердің бірлігі өзге елдерге үлгі болуы керек екенін мәлімдеді. Ол бүкіл әлем Украинадағы соғыстың жағымсыз салдарын бастан кешіп жатқанына назар аударды.

«Біз бейбітшілік орнату жолындағы күш-жігерімізді жалғастырамыз. Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнаса, Орталық Азиядан тыс бүкіл континенттің гүлденуі мен тұрақтылығына ықпал етеді», – деді Түркия Президенті.

Режеп Тайип Ердоған түркі мемлекеттері үшін Баку-Тбилиси-Жейхан шикі мұнай құбырының, табиғи газ құбырының, ТрансАнатолия құбырының маңызы зор екенін атап өтті.

«Каспийдің табиғи газын Еуропа мен Түркияға тасымалдау жалғасады. Бұл жоба Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігі мен түркі мемлекеттерінің гүлденуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар біз көлік желілеріне көбірек көңіл бөлуіміз керек. Осыны ескере отырып, біз өзіміздің ортақ Каспий-Батыс-Шығыс дәлізін дамытуға басымдық береміз. Біз сауда мен көлік байланыстарына кедергі келтіретін олқылықтарды азайтуымыз керек. Яғни виза процестерін жеңілдетіп, кедендік кедергілерді шешуіміз керек», – деді Түркия Президенті.

Режеп Тайип Ердоған түркі елдеріне ортақ әліпби жасауды ұсынды.

«Бірлігіміз үшін ортақ әліпби сияқты тілдің де маңызы зор. Президенттердің қолдауы да өте маңызды. Біздің жоғары білім беру кеңесі ұйымдардың хатшылығына өз ұсыныстарын берді. Ұсыныстар жоғары бағаланады деп үміттенеміз», – деді Түркия Президенті.