«Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеу қажет. Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай бастама көтерді.
«Түркі жұрты Байкалдан Балқанға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты жайлап жатыр. Түркі әлемінің өркениеті Ұлы даладан бастау алатыны баршаға мәлім. Осы ортақ құндылықтарымыздың мұрагері – Түркі мемлекеттері ұйымы. Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі. Түркі ықпалдастығын тереңдету – ортақ мұрат. Біз «Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ынтымағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі», – деді Қ.Тоқаев.
Президент түркі халықтарының ынтымағын нығайтып, әлеуетін арттыруға ықпал ететін 8 бағытқа басымдық беруді ұсынды.
«Біз түрлі саладағы байланысты орнықтыруға, халықаралық беделімізді көтеруге күш саламыз. Түркі бірлігін таныту үшін біздің төрағалығымыз «Түркі Дәуірі» яғни «Turk Time» ұранымен өтеді. Осыған орай салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) атты сегіз мәселеге басымдық береміз. Бұл басымдықтар ұйымның 20 – шы саммитіне дейінгі он жылды қамтитын қысқа және орта мерзімге арналған», – деді Мемлекет басшысы.
«Turk Time» түркі жұртының тұтастығына қызмет ететін мағынаға ие:
Traditions – осыған дейінгі бауырластығымыздың тамыры терең тартады. Бір-бірімізге деген жанашырлығымыз, сүйіспеншілігіміз, құрметіміз артады.
«Түркі бірлігін дәріптеудің маңызы өте зор. Біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн. Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ. Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл – шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар», – деді Президент.
Unification – бірігу. Қанымыз ғана емес, жанымыз бір екенін ұғын үшін қажет. Жалқының емес жалпының сөзін сөйлеп, Түркі мемлекеттерінің мүддесін темірқазық тұтуға тиспіз. Тілдік кедергіден құтылуға қадам жасау қажет.
Президенттің пікірінше, түркі мемлекеттерінің стандарттары мен терминологиясын жүйелеу қажет. Бұл тауарларды ортақ нарыққа еркін экспорттауға жол ашады. Өйткені бірыңғай стандарттар ЖІӨ-нің жыл сайын шамамен 1% өсуін қамтамасыз етеді.
«Қазір біздің елдердің ішкі жалпы өнімі 1,4 трлн долларға жуықтады. Биыл Ұйымға мүше елдер арасындағы тауар айналымы 22 млрд доллардан асты. Бұл көрсеткішті 1,5 есеге арттыруға болады», – деді Қ.Тоқаев.
2010-2022 жылдар аралығында Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы елдерімен сауда-саттығы 3 есеге жуық ұлғайып, 4,5 млрд доллардан 12,9 млрд долларға жетті.
Әлем елдерімен жасаған саудасында түркі мемлекеттерімен алыс-берісінің көлемі 4,8%-дан 9,6%-ға өсті.
2010 жылдан бері сауда жасау көлемі Түркиямен – 3,4, Өзбекстанмен – 3,2 есе артты. ЕАЭО-ға мүше екенімізге қарамастан, Қазақстан мен Қырғызстанның тауар айналымы 91,8%-ға көбейді. Әзірбайжанмен сауда-саттығымыз 3,9% көлемінде қалыптасты.
12,9 млрд тауар айналымының 74%-ы немесе Түркі кеңесі елдеріне бағытталған экспорттың 9,6 млрд доллары Қазақстанға тиесілі болды.
Жеткізілімнің 50%-ы немесе 4,8 млрд доллардың тауары Түркияға, 39%-ы немесе 3,7 млрд доллардың дүниесі Өзбекстанға жөнелтілді.
2022 жылы Қазақстанның Қырғызстанға экспорты 745,3 млн, ал Әзірбайжанға 375,3 млн долларды құрады.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерден келетін импорттың сауда айналымы 26% немесе 3,3 млрд доллар.
Түркия Қазақстанға -1,6 млрд, Өзбекстан -1,3 млрд теңгенің тауарын тасымалдайды. Қырғызстан 384 млн, Әзірбайжан 87 млн доллардың затын жеткізеді.
Reforms – ұйымның жұмысын жетілдіруге, жандандыруға салмақ салынады.
Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының қызметін оңтайландыру шараларын жалғастыру қажет деп санайды.
«Ұйымдағы тұрақты өкілдерімізді тағайындау мәселесін тезірек шешуге шақырамын. Біз хатшылық қызметкерлерінің санын көбейту туралы ұсынысты құптаймыз», – деді Президент.
Қ.Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен ынтымақтастық орнатуды ұсынды.
Knowledge – Түркі әлемінде білім мен ғылымды дамытуға айырықша назар аудару!
Тоқаев түркі елдерінде әлемнің үздік университеттерінің филиалын ашуды ұсынды.
«Ғылыми әріптестік арқылы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту аса маңызды. Осы орайда елдерімізде әлемдегі үздік университеттердің филиалын ашуды ұсынамын. Бірлескен ғылыми шаралар өткізіп, тәжірибе алмасу керек. Тіл үйрететін бөлімдерді ашуға қатысты жұмысты реттеу қажет. Жасанды интеллектіні, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударған жөн», – деді Мемлекет басшысы.
Trust – сенім! Қазіргі геосаяси жағдайға нақты баға беру. Ашылсақ алақан, жұмылсақ жұдырық болу.
Президенттің пікірінше, Түркі мемлекеттерінің қауіп-қатерлерге қарсы бірігуі, өзара көмек көрсетіп, тиімді іс-әрекет жасауы өте маңызды.
«Бабаларымыз «Тірлік басқа болса да – тілек бір, бармақ басқа болса да – білек бір» деген. Біздің Түркі ықпалдастығын нығайту жолындағы ортақ табысымыз – соның айқын көрінісі», – деді Қ.Тоқаев.
Ол Қауіпсіздік кеңесі бас хатшыларының үшінші отырысын 2024 жылы Астанада өткізуді ұсынды.
«Түркі мемлекеттерінің қаржылық тергеу органдары арасында қылмыспен бірлесіп күресу және ақпарат алмасу туралы келісім жасау маңызды», – деді Президент.
Investments – қаржы. Барыс-келісті жиілету, алыс-берісту ұлғайту. Түркі инвестициялық қорының жұмысына серпін беру. Инвестиция құю.
Қ.Тоқаев өңіраралық сауданы кеңейтіп, экономикаға инвестицияны шоғырландыру қажет деп санайды. Президенттің айтуынша, бұл мәселеде Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарады.
Ол Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына Астанаға Түркі әлемінің қаржы орталығы мәртебесін беру бастамасын қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Mediation– елдестіру. Татулыққа тұтқа болу. «Бетегеден биік, жусаннан аласа» саясатын ұстану.
Мемлекет басшысы Қазақстан Палестинаға 1 млн доллар гуманитарлық көмек беретінін мәлімдеді.
«Қазір айналамызда күрделі ахуал қалыптасып отыр. Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа Секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегуде. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осы орайда, Қазақстаннан Палестина халқына 1 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым», – деді Қ. Тоқаев.
Energy – қуат алмасу. Үкіметаралық деңгейде елдік мәселелерді шешу. Өндіріс қуатын, адам қуатын дамыту.
Президент энергия ресурстарын үнемдеу тақырыбына да тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан жаңа энергия көздерін дамытуға, оның тасымалдау бағыттарын жаңғыртуға және әртараптандыруға көңіл бөлуі керек. Ол биыл Қазақстанда Халықаралық энергетикалық форум өткізуді ұсынып, бұл шара өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік беретінін баяндады.
«2026 жылы біз климаттың өзгеруі проблемасына арналған аймақтық саммит өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы бастамалардың барлығын түркі халықтары қолдайтынына сенімдімін», – деді Қ.Тоқаев.
Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Өзбекстан ұйымның төрағалығын Қазақстанға табыстады.
«Өзбекстан өзара ықпалдастыққа тың серпін беру үшін белсенді жұмыс жүргізді. Шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Қазақстан төрағалық тізгінін ресми түрде өз қолына алды. Бұл – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Біздің еліміз ұйымды одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерін салады», – деді Президент.
Жиында Түркі мемлекеттері ұйымының Х мерейтойлық саммитінің қорытынды құжаты – Астана актісіне қол қойылды. Ресми рәсімді ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары атқарды.
«Саммиттің қорытындысы бойынша бірқатар шешім қабылданады, құжаттарға қол қойылады. Оның бәрі Түркі әлемін өркендетуге, елдеріміздің ынтымағын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ аймақтағы ықпалдастықты дамытуға және ұйымның беделін күшейтуге зор үлес қосады деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Түркі кеңесі 2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжанның Нахшыван қаласында құрылды. 2022 жылдың желтоқсанында Самарқандта өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 9 – саммитінде ұйымның төрағалығы Түркиядан Өзбекстанға берілді.
2021 жылғы 12 қарашада Ыстанбұлда өткен Түркі тілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі саммитінде Түркі кеңесінің атауы Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып өзгертілді. Осылайша ұйым «түркі тілдес мемлекеттер» дейтін қисынсыз атаудан, «кеңес» дейтін шартты ұғымнан құтылды.
«Түркі мемлекеттері ұйымы» болып өзгерген құрылымға мүше мемлекеттер басшыларының алғашқы саммиті 2011 жылы Алматыда өтті. Негізі күні бүгінге дейін өткізілген саммиттердің саны 12 болуы тиіс еді. 2016 және 2017 жылдары ұйымның саммиті ұйымдастырылмауына байланысты, биыл X самит өтті.
Өзбекстан Түркі кеңесіне 2019 жылы қосылды. Қазір Түркі мемлекеттері ұйымында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Түркия бас біріктіріп отыр. Венгрия ұйымдағы ресми бақылаушы мәртебесін 2018 жылы, Түркіменстан 2021 жылы алды.