«Әскерде жауынгерлерді несие алуға мәжбүрлеп, әлімжеттік көрсетеді» деген депутатқа Қорғаныс министрлігі ресми жауап қайтарды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қорғаныс министрлігі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Стамбековтың мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді кредит алуға мәжбүрлеу туралы пікіріне қатысты ресми түсініктеме берді.

Министрлік заң шығарушы билік өкілінің мәлімдемесін негізсіз санап, шындыққа жанаспайтынын айтқан. Қоғаныс министрлігі тарапынан керісінше жауынгерлерге несие төлеуге жеңілдік жасалып, әскери қызмет еткен уақытта несие мерзімі тоқтатылатынын айтқан.

«Мерзімді қызметтегі сарбаздардың әскери қызмет өткеру кезеңінде әскери бөлімде жүріп несие ресімдеуге мүмкіндігі жоқ. Бүгінгі таңда мерзімді әскери қызметке шақырылғанға дейін жастардың алған несиесі қомақты соманы құрайды. Қарулы Күштер қатарына келгенге дейін 12 мыңға жуық сарбаздың екінші деңгейдегі банктер мен микрокредиттік ұйымдарда 4,8 млрд.теңге көлеміндегі 30 мыңға жуық несиесі болған. Барлық несиелер мен ақшалай қарыздарды кейінге қалдыру мәселелерін шешу үшін Қорғаныс министрлігі мерзімді қызметтегі сарбаздарға арналған «кредиттік демалыс» жобасына бастамашылық жасап, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісім жасасты. Соның арқасында бүгінде бес мыңнан астам сарбаздың екінші деңгейдегі банктерде және микрокредиттік ұйымдарда 1,4 млрд теңгеден астам қарызы кейінге қалдырылды. Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде», деленген ресми ақпаратта.

Мұндай фактілермен расталмаған мәлімдемелер Қазақстан Қарулы Күштерінің имиджіне кері әсер етіп, армияның беделін түсіретінін алға тартқан министрлік тарапы:

«Біз мұндай жариялы түрде жасалған мәлімдемені жауапсыздық деп есептейміз. Қарулы Күштер мемлекеттің аумақтық тұтастығының және оның егемендігін қорғаудың кепілі ретінде кез келген сәтте Қазақстан халқы мен оның аумағын сыртқы қауіп-қатерден қорғауға дайын», екенін мәлімдеген.

Сонымен бірге министрлік әскерде әлімжеттік жоқ деп мәлімдейді.

«Әлімжеттік» терминіне қатысты, бүгінгі күні әскери ортада бұл жағымсыз құбылыстың жоқ екенін айтамыз. ҚР Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарында мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер үшін қызмет мерзімі бір жыл. Бұл ретте әскери міндеттерді орындау кезінде аға және кіші буындағы борышын өтеп жүрген әскерилер бір-бірімен тоғыспайды. Барлық фактілер бойынша қандай да бір құқық бұзушылық орын алса, әскери полиция және басқа да қылмыстық қудалау органдары жедел тексерулер мен тергеулер жүргізеді, ал оқиғаның заңды не заңсыз екенін бақылауды әскери прокуратура жүзеге асырады», делінген хабарламада.

Осыған дейін сенат депутаты Жанна Асанова да Қазақстанда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға несие бермеуді ұсынған. 

«Әскердегі сарбаздарға несие алуға тыйым салу керек. Себебі олардың атына қомақты несие алған жағдайлар болған. Мұның неге істелетіні белгілі. Kaspi қосымшасы арқылы оны істеу жеңіл», – деді сенатор.

Оның айтуынша, әскери борышты өтеу кезінде несие төлемеу құқығын беру туралы меморандумға бұған дейін қол қойылғанымен ол декларативті сипатта болды. Сондықтан, бұл мәселені заңмен бекіту қажеттігін айтты депутат

Сондай-ақ оқыңыз