1-сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11,1 текше шақырым су келеді деп күтілуде. Осыған орай Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов көрші елдермен Шардара су қоймасының суын пайдалану жөніндегі келісімге қол қойды.
«Ташкентте өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 85-ші отырысы аясында Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Сырдария және Әмудария өзендерінің бассейндеріндегі су қоймалары каскадтарының болжамды жұмыс тәртібі кестесі мен 2023-2024 жылғы вегетациялық кезеңде су алу лимиті көрсетілген хаттамаларға қол қойды», делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
1-ші сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11,1 текше шақырым су келеді деп болжанып отыр. Ал «Достық» мемлекетаралық каналы бойынша 487 млн текше метр су алынады деп күтілуде. Бұл көлем Түркістан және Қызылорда облыстарын 2024 жылдың вегетациялық кезеңіне қажетті сумен қамтуға, сондай-ақ Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік береді.
Жиын барысында әр мемлекет өкілдері «Сырдария» өзені бассейніндегі су қоймалары каскадының жұмыс тәртібіне мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету туралы келісімге келді. Бұл мониторинг арқылы болжамнан ауытқу анықталған жағдайда Қазақстан мен Тәжікстан және Өзбекстанды дереу хабардар етеді.
«Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысы табысты өтті. Біз бүкіл аймақ үшін өте маңызды мәселелердің тиімді шешімін табу үшін талқылау жасадық. Атап айтқанда, Сырдария мен Әмудария өзендерінен су алу көлемі бойынша келісімге келдік. Бұл мәселеде жұмыла жұмыс істесек, Орталық Азияда су ресурстарын ұтымды пайдалану мен үнемдеуді қамтамасыз ете аламыз», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ бұл елдердің 86-шы отырысы келесі жылы Қазақстанда өтетініні айтылған.
Осыған дейін «Қамбар-Ата ГЭС-1» су қоймасы Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстанның 34%, 33%, 33% үлестік қатысуымен салынуы мүмкін екені айтылды.
Жалпы су мәселесін шешу мақасатында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында суды тиімді және ұқыпты пайдалануға, экожүйені сақтауға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 2023-2029 жылдарға арнайы дайындалып жатқан жаңа Су кодексі де бұл саладағы мәселерді шешуге көмектеспек.