Жаңалықтар

Шахтинск кенішінің тау-кен құтқарушылары Қарағандыдағы әріптестерін қолдап, үндеу жариялады

Фото: centrspas.kz

Шахтинск кенішінің тау-кен құтқарушылары әріптестерінің талабын қолдап, Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметін мемлекет меншігіне қайтаруды сұрап, үндеу жариялады.

«Біз Қарағандыдағы 1-ші құтқару бөлімшесінде істейтін әріптестерімізге қолдау білдіру үшін ұндеу жариялаймыз. Әріптестеріміз тау-кен құтқарушыларының проблемасын көтеріп, үндеу жариялады. Бірақ содан бері оларға қысым көрсетіліп жатыр. Біз Қазақстан азаматтарынан оларға қолдау көрсетуді сұраймын. Олардың құқының тапталуына жол бермеуіміз керек», деді.

Олар сонымен бірге басшыларының қазіргі таңда құтқарумен емес, бизнеспен айналысып кеткенін айтты.

«Олар біздің кәсіпорынды сатып алып, содан бизнес жасап отыр. Бизнес дегеніміз не? Бизнесте келісімшартқа қол қою кезінде міндетті түрде екі тарап ымыраға келеді. Осы орайда біздің кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметіміз коммерцияланбауы керек деп санаймыз», деді құтқарушылар.

Осыған дейін «Костенко» шахтасындағы апаттан кейін тау-кен құтқарушылары сұхбат беріп, шахтада қауіпсіздік техникасы сақталмайтынын, басшылардың бизнеспен ымырыға келіп алғанын, талап бұзылған жағдайда оның есеркілмейтінін мәлімдеген болатын. Вадим есімді тау-кен құтқарушысы әріптестерімен бірге апаттан кейінгі жағдайды тексергенін, әдеттегідей шахтадағы жауапсыздық пен орашолақтыққа куә болғанын баяндады.

Сонымен бірге олар құтқарушылардың жалақысы аз екенін, қауіпті аймақта жұмыс істеген тау-кен құтқарушылары үстемақы, сыйақы алып көрмегенін айтты. Құтқарушылардың киімдерінің тозығы жеткенін, ал 2008 жылы сатып алынған респираторлардың қолдану мерзімі 2018 жылы өткенін де жасырмады. Құтқарушылар басшылықтың оларға адам ретінде қарамайтынын, қит етсе орындарына басқа адам табатынын айтып, қысым жасалатынын жеткізді. Олар мұндай кемшіліктерді айтқан қызметкерлер жұмыстан қуылғанын айтып, сондай себептермен жұмыссыз қалған әріптестерін қайта жұмысқа алуды сұрады.  

«Біз шахтаға келеміз. Біздің мұнда қадіріміз жоқ. Біз ештеңе істей алмаймыз. Біздің негізгі міндетіміз жарылыстың болатынын ескерту. Біз барлау жасауға, қарауға, тексеруге, ескерту жасауға тиіспіз. Ескерту жасаймыз, оның тең жартысы болмайды. «Арселор тұрып қалса, бізге бірдеңе айтса, келісімшартты бұзады» дейді. Мен кім екенімді білмеймін. Бізден барлығын тартып алды. Негізі біз тау-кен құтқарушыларымыз. Бірақ қазір шынымды айтсам, құтқарушымыз ба, білмеймін?!» – дейді тау-кен құтқарушысы Александр Григорьев.

Өз кезегінде құтқарушылардың бұл үндеуі мәжіліс депутаты Никита Шаталовтың назарынан тыс қалмады.

«Тау-кен құтқарушыларын жұмысқа қайтару керек. Олар өз жұмысын жақсы көретін және жақсы істейтін азаматтар. Олар болмаса жағдай бұдан әлдеқайда қиын болатын еді. Ал кәсіпорын басшылығы біреудің пікірін ашық айтқаны үшін жұмыстан шығармау керек. Әйтпесе, мұнымен біз, депутаттар және елдегі заңның орындалуына жауаптылар айналысатын боламыз», – деп жазды депутат өзінің Telegram арнасында.

Ол сонымен қатар шахталарда қауіпсіздік талаптарының сақталмай келгені айдан анық екенін, оны ешкім де жоққа шығара алмайтынын айтты. Ал сұхбат берген құтқарушылардың еш қоспасыз шындықты айтқанын атап өтіп, кәсіпорын басшыларынан құтқарушы жігіттердің мазасын алмауды сұрады. Шаталов сенаттағы әріптесі Сергей Ершовтың тау-кен құтқару қызметін мемлекет меншігіне қайтару туралы ұсынысын қолдады.

«Бүгін сенаттағы әріптесім Сергей Ершов Әскерилендірілген жедел-құтқару қызметін жеке қолдардан мемлекет меншігіне қайтаруды талап етті. Меніңше, қауіпсіздікке қатысты барлық нәрсе коммерцияланбауы керек. Жетеді, осы тартқан азабымыз да аз емес!», – деді Шаталов

«Қазақстан» шахтасындағы жарылыстан кейін Никита Шаталов премьер-министр Әлихан Смайыловтан кеншілердің жағдайын үкімет бақылауынан шығармауды әрі «АселорМиттал Теміртаудың» басшылығын заң негізінде жауапқа тартуды сұраған болатын.

«Бұл «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарындағы бірінші апат емес. Өкінішке қарай, қоғам бүгінде шын кінәлілердің жауапқа тартылатынына сенбейді. Көп жағдайда, жауапкершілікке жәй орындаушылар тартылып жатады, шын мәнінде осындай апатқа ұшырататын шешімдерді басшылық қабылдайды», – деген ол тіпті шетел азаматтары саналатын басшылар да жазасыз қалмауы керек екенін айтқан еді.

Ал кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының баспасөз қызметі БАҚ-та тарап жатқан тау-кен құтқарушыларының қысқартылуына қатысты ақпаратты жоққа шығарды.

«Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы тау-кен құтқарушыларының штатында қысқарту жүргізген жоқ. Қысқартулар туралы кең тараған деректердің барлығы шындыққа жанаспайды», делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазіргі уақытта Костенко атындағы шахтада апаттық-құтқару жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі таңда кеніштегі жұмыс бір отрядтың көмегімен атқарылып жатса, бір бөлім құтқарушылары учаскедегі газ жағдайын бақылауға жұмылдырылған.