Bloomberg: дәстүрлі ортасында сүйкімі кеткен соң Франция алысты бағындыруға кірісті

Жарияланды
Blommberg: Макронның Қазақстанға сапары жайлы / архив kursiv.media

Bloomberg басылымы Франция президенті Эммануель Макронның Қазақстанға сапарын Францияның бұрынғы ортасынан алыстатылуымен байланыстырады.  

Басылым «дәстүрлі ортасында сүйкімі кеткен соң Франция алысты бағындыруға кірісті» деп жазады. Сондықтан да энергия ресурстарына бай Орталық Азия елдері Қазақстан мен Өзбекстанға сапарын тегін емес дейді. Өйткені қос мемлекет ядролық реактор – уранмен қамтамасыз етеді. 

Агенттік Франция президентінің көзқарасымен таныс екі саясаткермен сұхбаттасқан. Спикерлер дипломатия себебімен атын ашық көрсетуден бас тартыпты. Олардың айтуынша, Эммануель Макрон бұл сапарында Францияның энергетика қауіпсіздігін арттыруды қарастырған. Оның бұл жоспары Еуропа бұған дейін тәуелді болған Ресейдің қазбалы отынынан диверсификациялану мақсатына сай келеді. 

Жоғарыда аталған спикерлер Макронның екінші себебі барын да алға тартады. Франция пост кеңес мемлекеттерін Ресейге тәуелділік мәселесін қайта қарауға шақырады.  Эммануель Макрон Украинадағы соғыс аймақтағы бұрыннан қалыптасып қойған қатынасты бұзып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғанын меңзейді.

Орталық Азия қойнауындағы мұнай, газ бен пайдалы қазбаның мол қоры оны осы аймақтағы орны үшін күрестің басты фигруанты етеді. Бұл орын бұған дейін Ресейге тиесілі  болып келді.

Аймаққа көз тіккендердің аз емесін басылым бірнеше рет атап өтеді. Осы ретте Қытай өз әсерін президент Си Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» инфрақұрылым бағдарламасы арқылы арттырып жатқанын да айтып өтеді. Одан бөлек АҚШ аймақтағы саяси орнын бекітуге жұмыстанып жатыр. Ал Еуропа одағы болса Орталық Азияны сауда мен энергетика дәлізіне айналдыруға тырысып бағуда. Еуропа одағы ойға алған дәлізді Еуропаға Кавказ арқылы әкелуді, яғни Ресейді айналып өту арқылы байланыстыруды көздейді.

Франция бұған дейін де қарап қалмады. Ол Орталық Азияға құйған ірі инвестициясымен мақтана алады. Мысалы, әуелде «Арева» деп танылған «Орано» ядролық компаниясы жергілікті «ҚазАтомӨнеркәсіп» мемлекеттік компаниясымен бірлесіп Қазақстанда уран өндіреді.

Францияның уран өндіруге ұмтылысы биылғы шілдеде Нигерде болған төңкерістен кейін арта түсті. Осы  жерде былтыр Нигер Еуропа одағын шикізатпен қамту бойынша Қазақстаннан кейін екінші орында болғанын айта кеткен жөн. Төңкеріс салдарынан «Орано» Сахарадағы уран рудасын өндіру жұмыстарына тоқтатуға мәжбүр болды. Өйткені әскери хунтаға қарсы халықаралық санкциялар логистика мәселесін күрделендіріп жіберген.

«Қазақстан Францияның энергетика қауіпсіздігі мәселесінің кілті», – дейді Мишель Левистон Франция халықаралық қатынастар институтының Париждегі зерттеушісі. «Макронның сапары – Париждың серіктестікке қадам басуға әзір екенін еске салу».

Францияның Экономика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстан «Бесінші мемлекет» үшін ірі уран жеткізуші ғана емес, өңделмеген мұнаймен де қамтамасыз етеді. Тіпті 2021 жылы шикі мұнаймен қамтамасыз ету бойынша алғашқы орында болған. 

Bloomberg «Үлкен жетілік» көшбасшыларымен таныс дипломаттың да пікірін сұраған. Сарапшы «Үлкен жетілік» бірігіп Қазақстанмен серіктестікті арттыруға уағдаласқанын айтады. Оған Украинадағы жағдай мен Қытайдың жоспарлары әсер еткен. Теңізге шықпайтын, Қытай мен Ресей арасында қалған елмен серіктес болу арқылы Макрон үлкен тенденцияның бөлігіне айналмақ.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Орталық Азия елдеріне көз тіккен державалар серіктестікті нығайту бойынша нақты қадамдар жасауды бастап кетті. Өткен аптада ғана Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрлері Еуропа одағына мүше 27 елдің сыртқы істер министрлерімен алғаш рет бас қосты. Ал қыркүйекте АҚШ президенті Джо Байден аталған елдің президенттерімен БҰҰ Бас ассамблеясында жолыққан еді. Сол айда Германия канцлері Олаф Шольц та мемлекет басшыларымен Берлинде жүздесіп үлгерді. 

Францияның жағдайына келсек, оның қолы бұрынғыдан қысқарды. Еуропа саясаттағы қазіргі әсері де әлсірей түскендей. 2020 жылдан бері Сахараның оңтүстігіндегі 9 мемлекеттегі төңкеріс көптеген франциялық дипломаттың үйіне қайтуына себеп болды. Одан бөлек Францияға Ресейдің, нақты айтқанда Вагнердің де қаупі төніп тұр. Ал Орталық Азияның Украинадағы соғысқа деген қатынасы Макронның пайдасына жарағалы тұр.

Агенттік Франция президенті Қазақстанға өзімен бірге энергетика, агроөнеркәсіп, пайдалы қазба өндіру саласында қызмет етіп жүрген 15 бизнес көшбасшыны ертіп барғанын жазады. Олардың қатарында Electricite de France пен Assystem инженерлік компаниясының басшылары бар. Бұлар ядролық реактор салудан хабардар.

Bloomberg олардың Қасым-Жомарт Тоқаевтың атом электр станциясын салу бойынша референдум өткізу жоспарын байқағанын да жазады. Сонымен қатар Қазақстанның келесі жылы сирекжер металдарды өндіру жоспарын да айтып өткен.

Макрон болса Францияны электромобиль өндірісінде үлкен маңызға ие Қытай шикізатына тәуелділіктен арылуға шақырады. Соған қарамастан биыл Макрон Қытайға ресми сапармен барып келді. Сапар барысында ол АҚШ-тың Бейжіңге қатысты көзқарасын талқылап, одан алыс екенін айтып, Францияның Азиядағы ықпалын нығайту ұмтылысын білдірді.

Сонымен қатар ол Моңғолияға барған алғашқы француз президенті болды. Онда уран сатып алу бойынша үлкен келіссөздерге қол қойып, Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің экономикалық серіктестігі саммитіне қатысты.

Сондай-ақ оқыңыз