Отандық инвесткомпаниялар биыл ІІІ тоқсанды қалай аяқтады?

Жарияланды

Қазақстандағы инвестициялық компаниялар 2023 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша өз есептерін мәлім етті. Байқауымызша, биылғы жылдың І тоқсанында шарықтап өскен активтердің қарқыны баяулап, тіпті тоқтап та қалса керек. Үстіміздегі шілде-қыркүйек айларында сектор іші 4%-ға шөгіп қалған. Жаһандық нарықтардың қалыпқа келуімен кіріс көрсеткіштері де өсе бастағаны байқалуда.

коллаж Илья Ким

Инвестициялық портфель басқарып отырған компаниялардың жиынтық активтері 2023 жылдың қазан айының басында 618,3 млрд теңгені құрады. ІІІ тоқсанда бұл көрсеткіш 25,5 млрд теңгеге қысқарып кеткен (– 4%). Активтердің қысқаруына нарық ішіндегі ойыншылар санының азаюы және жекелеген компаниялардың көрсеткіштері ықпал еткен. Биылғы жылдың алғашқы алты айында компаниялардың өсуіне септік еткен төмен база әсері біртіндеп сейіле бастаған…

Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында отандық инвесткомпаниялар өз қоржындарына шамамен 200 млрд теңгедей қоса алған (+43%). Мұндай елеулі көрсеткішті нарықтағы ойыншылар басқарушы компаниялардың активтеріндегі бағалы қағаздар құнының өсуімен (әңгіме 2022  жылы құлдырап кеткен қағаздар туралы) және брокерлердің меншік капиталын инвестициялау барысында леверидж (қаржылық тетік) қолдануды шектейтін пруденциалдық нормативтердің жойылуымен түсіндіреді.

Ағымдағы жылдың үш тоқсанын қоса алғанда инвестициялық компаниялардың меншік капиталының жиынтық көлемі 4,5%-ға немесе 16,3 млрд теңгеге азайып кеткен. Осы кезең аралығында міндеттемелер де қысқара түскен: 9,1 млрд теңгеге, яғни 267,8 млрд теңгеге дейін.

Позициялардың ауысуы

2023 жылдың 1  қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанда 20 шақты инвестициялық басқарушы компания жұмыс істейді. Бағалы қағаздар нарығында жұмыс істеу лицензиясын жыл басынан бері екі компания алған – N1broker және Standard инвестициялық компаниясы. Биыл тамызда нарық ішіндегі ойыншылар қатарынан Fincraft инвестициялық үйі шығып қалды. Компания брокерлік-дилерлік қызмет пен инвестициялық портфельді басқаруға рұқсат беретін лицензиясы тоқтатылғаны туралы хабардар етті. Fincraft ең ірі басқарушы он компанияның қатарында болатын – ашық көздердегі соңғы статистикалық деректерге сай, компания активтері 11,3 млрд теңгені құраған.

Ағымдағы жылдың шілдесі мен қыркүйегі аралығында сектор ішіндегі 12 компанияның активтері ұлғайып, өскен. Бұл өсімнің 73%-ын бір ғана ойыншы қамтамасыз етіп отыр – ол «Фридом Финанс» АҚ. Соңғы тоғыз айда басқарушы компанияның түпкілікті активтері 144,2 млрд теңгеге өскен (оның ішінде ІІІ тоқсандағы өсім көрсеткіші 32,8 млрд теңге). Бұл, тіпті, сектор ішіндегі өзге ойыншылардың жиынтық активтерінен де асып түсетін көрсеткіш. Компанияның баспасөзге арналған мәліметінде: өсім көрсеткішіне құнды қағаздар портфелін 114,8 млрд теңгеге арттыру нәтижесінде (88,9%-ға) қол жеткізілді, деп көрсетілген.

Биылғы жылдың ІІІ тоқсанында жарғылық капитал 20 млрд теңгеге ұлғайтылғаны туралы «Фридом» жария еткен қаржы есебінде де айтылады. Бұл қаражат компанияның бірден-бір акционері Freedom Holding Corp. корпорациясынан тартылған. Жарғылық капиталды ұлғайту: ағымдағы жылдың шілдесінде және қыркүйегінде 10 млрд теңгені құраған екі транш негізінде жүзеге асырылған.

Halyk Finance актив ауқымы бойынша екінші орынға қайта оралды. Бірақ компанияның көрсеткіштері соңғы тоқсанда айтарлықтай өзгере қойған жоқ. 2023 жылдың қазанындағы деректерге сай, басқарушы компанияның активтері 52,2 млрд теңгені құрады, бұл бұдан үш ай бұрынғы көрсеткіштен 0,4% жоғары. «Халық» тобындағы тағы бір компанияның активтері ептеп төмендеп кеткен: тоқсан ішінде Halyk Global Markets (7-орында тұр) активтері 4,1%-ға, яғни 18,4 млрд теңгеге дейін қысқарған. Айта кету керек, былтыр Halyk Finance негізінде екі басқарушы компанияның клиенттік бизнесі біріктірлген болатын.

Инвесткомпаниялардың актив ауқымы тізімінде BCC Invest екі позицияға жоғары көтеріліп, үшінші орынға жайғасты. Компания активтері ІІІ тоқсанда 15,2%-ға – 48 млрд теңгеге дейін, ал міндеттемелері 37,8%-ға – 20,5 млрд теңгеге дейін өскен. Қаржы көрсеткіштерінің жақсаруын компанияның баспасөз қызметі котировкалардың қалыпқа келуімен (өткен жылмен салыстырғанда), ел ішіндегі инфляцияның тұрақтануымен және базалық мөлшерлеменің көтерілуімен, сондай-ақ компанияның меншікті бағалы қағаздары портфелін 30,4%-ға, яғни 45,7 млрд теңгеге дейін ұлғайтумен түсіндіреді.

Бұл тізімде Jusan Invest те өз позицияларын қалыпқа келтіруде. Биылғы жылдың алғашқы алты айында компанияның актив ауқымы 29,6%-ға қысқарған болатын, ал ІІІ тоқсанда компания активтері 4,7%-ға, яғни 46,1 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл инвестициялық бағалы қағаздардың құнын ұлғайту мен кері РЕПО операциялары бойынша дебиторлық берешек есебінен мүмкін болған. Jusan холдингіне кіретін First Heartland Capital компаниясының ІІІ тоқсандағы нәтижелері де осы шамалас. Соңғы үш айда компания активтері 4,5%-ға, яғни 29,7 млрд теңгеге дейін өскен. Холдинг құрамында бағалы қағаздар нарығының тағы бір ойыншысы –  «First Heartland Securities» АҚ броекрлік компаниясы да бар. Биыл қазанда аталған комания – топ құрылымын оңтайландырып, функциялардың қайталануын жою мақсатында Қазақстан қор биржасындағы бағалы қағаздарына өз еркімен делистинг жасап, лицензия күшін тоқтататыны туралы мәлім етті.

2023 жылдың алғашқы алты айында шарықтап өскен NGDEM Finance активтері артынша елеулі деңгейде құлдырауға жол берді. Бірінші жарты жылдықта компания 30 есе өссе: 3,5 млрд теңгеден 102 млрд теңгеге дейін, ІІІ тоқсанның қорытындысы бойынша компания активтері 2 еседей қысқарған: 44,2 млрд теңгеге дейін. Қаржы есебіне жүгінсек, көрсеткіштердің бұлайша құлдырауы – әділ құны бойынша есепке алынатын бағалы қағаздар негізінде орын алған. Компания тарапынан өз нәтижелеріне қатысты түсіндірме мәлімет болған жоқ. Айта кету керек, басқарушы компанияның АХҚО-да тіркелген NGDEM Global Limited атты еншілес компаниясы да бар. Биыл маусымда бұл компания «қор» және «деривативтер» санаттары бойынша KASE мүшесі болып қабылданды.

Сектор ішіндегі бәсекелестік

Сектор ішіндегі жаңа ойыншылар да қарап отырған жоқ, салыстырмалы түрде алып қарасақ, олардың актив көрсеткіштері айтарлықтай деңгейде өсіп жатқанын байқай аламыз. Шілде айынан бері N1broker көрсеткіштері екі еседей өскен: 789,6 млн теңгеге дейін.  Инвестициялау бағытында технологиялық шешімдер ұсынатын бұл брокер өзін инновациялық fintech компания деп таныстырады. Компанияның негізін қалаған – Bereke Bank басқармасының төрағасы Андрей Тимченко.

Standard инвестициялық компаниясының активтері 35,8%-ға, яғни 3 млрд теңгеге дейін өскен. Активтердің өсуіне бағалы қағаздар портфелін ұлғайту барысы әсер еткен. Нәтижесінде – актив ауқымы бойынша ҚР инвесткомпаниялары ішінде аталған компания 15-ші орыннан 10-шы орынға көтерілді. Басқарушы компанияның ірі акционері – Мақсат Әлжанов, ол, сондай-ақ, өмірді сақтандырумен айналысатын Standard life компаниясында да үлеске ие.

Teniz Capital Investment Banking (бұрынғы «YURTA қаржы үйі») те өз көлемін ұлғайтуды әрі қарай жалғастыруда. ІІІ тоқсанда компания активтері 27,5%-ға, яғни 2,9 млрд теңгеге дейін өскен (11-орын). 2023 жылдың сәуірінде компанияның бірден-бір акционері Сәкен Үсер екендігі жария етілді. Акционерлік қоғамның сайтында: «компания маркет-мейкер және андеррайтинг қызметтерін көрсету үшін өзінің клиенттік базасын ұлғайтуды жоспарлап отыр және ішкі облигациялар нарығында бәсекеге қабілетті позицияны иеленуге ниетті» деп көрсетілген. Қазан айының соңында компания қарапайым акцияларының 92 930 данасын орналастырғанын мәлім етті, қазір бұл компанияның үш ірі акционері бар.

Сектор ішіндегі компаниялардың сегізінің актив ауқымы қысқара түскен. Активтерінің азаюы бойынша антилидерлер қатарында N1broker-мен бірге, Private Asset Management, «Орда Капитал» БК және SkyBridge Invest басқарушы компаниялары да бар. ІІІ тоқсанда бұл компаниялардың балансы, сәйкесінше, 11,9%, 8,6% және 5,9% дейгейінде қысқарып кеткен. Олар қазір актив ауқымы бойынша инвесткомпаниялар тізімінің соңында тұр.

Оптимизмнен де кенде емес

2023 жылдың үш тоқсанын қоса алғанда, сектор бойынша пайда көрсеткіші 30,1 млрд теңгені құрады (былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде: 0,5 млрд теңге). Қаржы нарықтарының қалыпқа келуімен, былтыр шөгіп қалған инвесткомпаниялардың табыс көрсеткіштері біртіндеп өсіп келеді.

«Жаһандық макроэкономикалық турбуленттілік 2022 жылы қор индекстерінің құлдырауына әкеп соқты, өз кезегінде, бұл әлем бойынша көптеген қорларды шығынға батырды. Соңғы 13 жылда АҚШ қор нарығында алғаш рет бағалардың ұзаққа созылған құлдырауы байқалды («аю нарығы»): жыл соңында S&P 500 индексі 19%-ға, Nasdaq Composite технологиялық индексі 33%-ға, Dow Jones Industrial Average индексі 9%-ға құлдырап кетті. KASE де 11,5%-ға төмендеді», – деп көрсетеді өз зерттеуінде BCC Invest.

Ағымдағы жылдың үш тоқсанында Nasdaq Composite индексі 28,1%-ға, S&P 12,1%-ға шарықтап өсті. Былтырғы құлдыраудан кейін KASE 2023 жылдың шілдесіне қарай толығымен қалыпқа келіп, өз өсуін әрі қарай жалғастырды, тіпті, бірқатар көрсеткіштерін жаңартты да. Жыл басынан бері индекс 26,9%-ға өсіп, басқарушы компаниялардың меншік капиталының негізгі бөлігін құрайтын корпоративтік облигациялардың табыстылығы (KASE_BMY) биылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында 14,2%-ға ұлғайды.

Жиынтық түрде алғанда, отандық инвесткомпаниялардың қаржылық нәтижелеріне ең көп үлес қосқан – комиссиялар түріндегі табыстар: 14,6 млрд теңге, былтырғымен салыстырғанда биыл олардың көлемі 1,7 есе көп. Комиссиялық табыстың ауқымды бөлігі брокерлік қызметтен түскен табыстарға тиесілі, үштен бірге жуығы – андеррайтерлер қызметінен түскен. Жыл басынан бері KASE-нің ресми тізіміне облигациялар бойынша 72 шығарылым (13-і жаңа) енгізілді, ІІІ тоқсанда листинг рәсімінен 27 облигация шығарылымы өтті.

Сыйақы алудан түскен таза кіріс 11,8 млрд теңгені құрады, компаниялардың былтырғы тапқан табысы да осы деңгейде. Сол сияқты, қаржы активтері құнының өзгеруінен де инвесткомпаниялар осы сомада таза кіріс ала алды. Аталған бап бойынша бұл сектор былтыр 22,4 млрд теңге шығынға ұшыраған болатын. Қаржы активтерін сатып алу мен сатудан түскен таза кіріс 3,2 млрд теңгеге өсті, яғни 7,8 млрд теңгеге дейін. Ал валютаны қайта бағалаудан түскен пайда былтырғымен салыстырғанда біршама қысқарып кеткен: 11,8 млрд теңгеден 7,1 млрд теңгеге дейін. Басқарушы компаниялардың операциялық шығындары да өсіп келеді: 11,4 млрд теңгеден 20,2 млрд теңгеге дейін.

Табысты да табыссыз компаниялар…

Басқарушы компаниялардың үшеуі ІІІ тоқсанды шығынмен аяқтады. Салыстыру үшін айта кетсек: өткен жылдың сәйкес кезеңінде шығынға батқан компаниялар саны тоғыз болатын.

Теріс көрсеткіштің бірі сектор ішіндегі жаңа ойыншыға тиесілі – N1broker-дің шығыны аталған кезеңде 563,8 млн теңгені құрады. Қаржы нарығында әрекет ету лицензиясын компания 2023 жылды 1 маусымында алған болатын. SkyBridge Invest шығыны 260 млн теңге. Көрсеткіштің қысқаруына операциялық шығындардың өсуі мен валютаны қайта бағалау шығыны септік еткен. Сол сияқты, «Private Asset Management» ІІІ тоқсанды 136,1 млн теңге көлеміндегі шығынмен аяқтады.

Биылғы жылдың тоғыз айында мол табысқа кенелген компания – «Фридом Финанс». Компанияның аталған кезең бойынша таза кірісі 10,9 млрд теңгені құрады, бұл былтырғы жылғы кірістен 35% жоғары көрсеткіш. Пайда, негізінен, бағалы қағаздар құнының өсуі мен қаржы активтерін сатып алу-сату есебінен түскен. Компанияның комиссиялық сыйақылары 8,8 млрд теңгені құрады, оның басым бөлігі (5,3 млн теңгесі) брокерлік қызметке тиесілі. Басқарушы компанияның андеррайтер қызметінен түсірген пайдасы 2 есе  өсті: 3,3 млрд теңгеге дейін.

Активтердің қысқаруына қарамастан, NGDEM Finance кірісі де біршама өскен. Ағымдағы жылдың тоғыз айында бұл компания 4,7 млрд теңге пайда тапқан (былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі пайда көрсеткіші 0,8 млрд теңге). Брокерлік қызмет есебінен компания шамамаен 1 млрд теңге пайда тапқан (сектор бойынша 3-орын).

​​«Жусан» тобындағы инвесткомпаниялардың көрсеткіштері де өсіп келеді: ағымдағы жылдың үш тоқсанын қоса алғанда Jusan Invest 4 млрд теңге табыс тапқан, бұл қаржы активтері құнының өсуі мен валютаның айырбас бағамын қайта бағалау шығынының қысқаруы негізінде мүмкін болған. Айта кету керек, былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде компания 2,1 млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған болатын. Өткен жылмен салыстырғанда, компанияның комиссиялық кірісі ептеп төмендеу шықты. Ал First Heartland Capital биылғы жылдың тоғыз айында 1,6 млрд теңге табыс тапты. Оның 1,3 млрд теңгесін – ІІІ тоқсанда. Бұған, негізінен, шығындарды оңтайландыру септік еткен. Комиссия түріндегі кіріс компанияда жоқ деуге болады.

Еліміздегі ең табысты басқарушы компаниялар бестігіне «Халық» тобының ойыншылары да кіреді: 2022 жылғы шығыннан кейін бұл компаниялар қазір табыстылық деңгейін қалыпқа келтіруде. 2023 жылдың тоғыз айында Halyk Finance 2,8 млрд теңге табыс тапты (компания былтыр 3,7 млрд теңге шығынға батқан болатын). Пайда көрсеткішінің едәуір бөлігі (1,9 млрд теңге) комиссиялық төлемдерден түскен. Активтерді басқару және маркет-мейкер қызметтерінен түсетін комиссиялық кіріс бойынша компания көш басында тұр.

Былтырғы 0,9 млрд теңге шығынмен салыстырғанда, Halyk Global кірісі 2,2 млрд теңгені құрады. «Халық» тобындағы инвестициялық компаниялардың портфельдері консервативті сипатта, негізінен, инвестициялық рейтингі бар облигациялардан тұрады (былтыр олардың бағасы жыл бойы құлдыраумен болды). Қазір енді біртіндеп қалыпқа келуде, сәйкесінше компания да пайдаға кенеле бастады.

Ал отандық инвестициялық сектордағы ең нәтижелі компания тұғырына осымен екінші тоқсан қатарынан Tansar Capital орналасты (бұрынғы CAIFC Investment Group). 2023 жылдың тоғыз айында компания 686,4 млн табыс тапқан. Компания активтерін ескерер болсақ (орташа есеппен алғанда биылғы қаңтар мен қыркүейк аралығында 1,9 млрд теңге), рентабельділік көрсеткіштері бойынша бұл ең тиімді нәтиже деп түйіндеуге болады.

Сондай-ақ оқыңыз