Израиль – Палестина қақтығысының экономикалық тәуекелі қандай?
GnS Economics бас экономисті, Хельсинки университетіндегі экономика доценті Туомас Малиненнің айтуынша, Газа секторындағы ушыққан ахуал тудыратын тәуекел тым жоғары болмақ. Бұл ретте маман бірнеше қауіпті тізбелеп өтеді.
Қауіпті салдарлар:
• Қақтығыс ауқымы кеңейіп, тікелей АҚШ-тың қатысуымен өңірлік соғысқа ұласады;
• ОПЕК мұнай эмбаргосымен жауап қатады;
• Иран Ормуз бұғазын жауып тастайды;
• Мұнай бағасы барреліне 300 долларға жетеді;
• Сұйытылған табиғи газдың тапшылығынан Еуропа толықтай энергетикалық дағдарысқа ұшырайды;
• Энергия тасымалдаушылар бағасының жаппай көтерілуі инфляцияны үдетіп, Орталық банктер бұған амалсыз назар аудара бастайды;
• Қаржы нарықтары және әлемдік банк секторы құлдырайды;
• Қарыз кризисі АҚШ-қа да жетеді, бұл өз кезегінде ФРЖ-ны қаржы нарығына тағы бір мәрте көмек беруге мәжбүрлейді;
• Мұнай долларымен жасалатын сауда-саттық әлсірейді;
• Гиперинфляция күш алады.
Мұны сарапшылардың тектен текке жорамалдап отырмағаны белгілейді. Қазір күні жасалып жатқан әрбір қадамның артында өткен тарихтың елесі тұрады. 1973 жылы Израиль Мысыр мен Сирия бастаған араб мемлекеттері коалициясымен соғысып, мұның соңы ОПЕК-тің Израильді қолдап-қуаттап тұрған батыс елдеріне мұнай эмбаргосымен жариялауымен аяқталған еді. Эмбаргоға ұшыраған елдер ішінде АҚШ та болды. Соның нәтижесінде небәрі алты ай уақыттың ішінде «қара алтын» құны 300 пайызға өсіп шыға келді.
Екінші маңызды тармақ – Ормуз бұғазының жабылып қалу қаупі. Әлемдік мұнай нарығында Ормуздің бәсі жоғары. Ол арқылы бүкіл әлемде тұтынылатын мұнайдың алтын бір бөлігі (1/6) және бүкіл сұйытылған табиғи газдың (СТГ) үштен бірі (1/3) өтеді. Бұғазға кіретін сегіз аралдың жетеуін Иран тікелей бақылайды.
Осыдан бірнеше күн бұрын Иранның сыртқы істер министрі «Израиль әскери қимылын доғармаса, онда бүкіл өңір бақылаудан шығып кетеді» деген қауырт мәлімдеме жасады. Ал егер Израиль бұған құлақ аспаса (құлақ аса қоюы тіпті де екіталай) онда Иран өзінің Ливан, Сирия және Ирактағы жалдамалы экстремистік ұйымдарын соғысқа араластыруы ықтимал. Соның өзінде Иран тарапына санкция салынуы мүмкін. Бұған жауап шара ретінде Иранның ең бірінші кезекте қолдануы мүмкін әрекеті – Ормуз бұғазын жауып тастау.
Жоғарыда үстірт айтып өткен Ормуз жайына енді кеңінен тоқталып өтелік. Бұл өзі Оман мен Иран арасында жатқан, Парсы шығанағын солтүстігінде Оман шығанағымен, оңтүстігінде Араб теңізімен жалғап жатқан аса маңызды мұнай «артериясы». Ең қысылтаяң өткелдегі енінің өзі 33 шақырымды құраса, әр бағыттағы кеме жолының ұзындығы 3 шақырыммен шектеледі. Қазір Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) мен Сауд Арабиясы бұл бұғазды айналып өтетін балама бағыт іздеп, жанталасып жатыр.
Күн сайын бұғаз арқылы бүкіл әлемде тұтынылатын мұнайдың алтыдан бір бөлігі өтеді. 2023 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін тәулігіне орта есеппен 20,5 млн баррель мұнай және мұнай өнімдері тасымалданған екен. ОПЕК мүшелері – Сауд Арабиясы, Иран, БАӘ, Кувейт және Ирак бұғаз көмегімен шикі мұнайдың басым бөлігін экспортқа шығарып отыр. Әлемдегі сұйытылған табиғи газдың аса ірі экспорттаушысы саналатын Катар өзінен шығатын газдың толық көлемін осы Ормуз арқылы сыртқа сатады. Vortexa аналитиктерінің айтуынша, бұғаз арқылы жыл сайын шамамен 80 миллион метрикалық тонна немесе әлемдік СТГ ағынының 20 пайызы өтеді.
Осы жағдайлардың фонында Иран тарапы Израильге қарсы мұнай эмбаргосын жариялайық және санкциялар салайық деп мұсылман мемлекеттеріне үндеу тастады. Алайда ОПЕК мұндай сценарийді жоққа шығарды.
Әрине, Ормуз бұғазының жабылып қалуына көптеген ел мүдделі болмайды, соның ішінде Германия да бар. Өйткені Германия жақында ғана Оманмен газ жеткізуге байланысты келісімшартқа қол қойған еді. Оманнан шығатын газ да Ормуз арқылы Еуропаға тасымалданады. Аталған келісім бойынша Оман Германияға 2026 жылдан бастап жыл сайын 400 мың тонна СТГ жеткізіп тұруы тиіс.
Ал мұнайдың қадірі әлемде газдан да биігірек екенін ескерсек, қазір әлем нарығы екіұдай күйде тұр. 1970 жылғыдай «қара алтын» бағасы шарықтап шыға келе ме, әлде тосыннан туындаған тәуекелдерге төзімділік таныта ма? Әлбетте, Израиль мен Палестинада мұнай өндірілмейді, бірақ олар орналасқан өңір – Таяу Шығысқа жаһандық мұнай жеткізілімінің үштен бірі тиесілі.
BBC News-тің энергетикалық аналитигі Саул Кавониктің айтуынша, қақтығыстың қазіргіден де ауқымдырақ сипат алып кету перспективасына байланысты мұнай бағасы өсім көрсетті. Ахуалдың нашарлауы Иран, Сауд Арабиясы секілді ірі мұнай өндіруші елдерге салқынын тигізуі әбден мүмкін дейді ол.
HSBC банкінің өкілі Джеймс Чео болса жағдайдың әрі қарай қалай өрбуіне қатысты белгісіздік АҚШ-тың қазынашылық облигацияларына және дағдарыс кезінде инвесторлар дәстүрлі түрде сатып алған долларға инвестицияларды ынталандыруы мүмкін.
«Бұл кезеңде инвесторлар тарапынан біршама мазасыздық туындайды. Олар экономикалық деректер мен геосаяси белгісіздікке байланысты оқиғаларға қатысты біршама айқындықты көргісі келеді», дейді Чео.
BCA Research компаниясының геосаяси стратегі Мэтт Герткеннің айтуынша, АҚШ Иранмен толыққанды конфронтацияға түсуді қаламайды. Құрама штаттар да, Иран да мұнай ағынын тоқтатып тастауға құлықты емес. Егер соғыс тоқтамаған және ауқымы кеңейе түскен жағдайда, онда алдағы 12-18 ай бедерінде мұнай бағасы күрт қымбаттауы ықтимал.
«Бұл ретте себепкер жалғыз Газа мәселесі емес. Украинаға басып кірген Ресейде әлі батыс санкцияларында жатыр. Олар да өз кезегінде мұнай өндірісін қысқартуы мүмкін. Олай болған жағдайда жеткізу тізбегіндегі шектеулер шикізат бағасының өсуіне алып келеді», дейді маман.
Сарапшылардың пайымдауынша, егер соғыс өрті басқа территорияларды шарпымайтын болса, онда Brent маркалы мұнай бағасы 3-4 доллардан артық қымбаттамайды. Ал егер Иран соғысқа араласатын болса, онда өзінің жылдық 700 мың баррель мұнайына қолжетімділікті жабады, сол кезде баға 10 долларға дейін өсуі мүмкін. Үшіншісі – ең қауіпті сценарий, яғни соғысқа АҚШ-тың араласуы. Bloomberg economics есептеуінше, бұл сценарийдің жүзеге асуы әлемдік жалпы ішкі өнімнің 1 трлн долларға дейін қысқаруына әкеліп соғады. Ал бұл өз кезегінде әлемдік рецессияға ұрындыруы ықтимал. Сәйкесінше ондайда мұнай бағасы барреліне 150 доллар межесіне жетеді.
Дүниежүзілік банк бірер күн бұрын баяндама жариялап, Таяу Шығыстағы қақтығыстың жаһандық шикізат нарығына әсері қандай боларын салмақтап, саралап көрген. Банктің базалық болжамы бойынша, осы төртінші тоқсанда мұнай бағасы барреліне 90 доллар төңірегінде тұрақтайды. Ал келер жылы 81 долларға төмендеуі мүмкін, өйткені ол кезде жаһандық экономикалық өсім де баяулайды.
«2024 жылы шикізат тауарларының жалпы бағасы 4,1 пайызға құлдырауы мүмкін. Сонымен қатар ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасы жеткізілімдердің өсуі шегінде төмендейді деп күтілуде. Түсті металл да біршама құнын жоғалтады. Шикізат тауарларының бағасы тек 2025 жылы ғана қалпына келіп, тұрақтала бастамақ. Қақтығыстың жаһандық шикізат нарығына әсері әзірге шектеулі деп бағалаймыз. Жанжал басталғаннан бері мұнайдың жалпы бағасы 6 пайызға қымбаттады. Ауыл шаруашылық өнімдері, металдардың көбі және өзге тауарлар бағасы өзгере қойған жоқ. Егер қақтығыс ауқымы артса, онда шикізат тауарлары бағасының перспективасы да күрт нашарлайды», делінеді баяндамада.
Дүниежүзілік банк мамандары үш сценарийді алға тартады.
Бірінші нұсқа. Жаһандық мұнай жеткізілімі тәулігіне 500 мың – 2 млн баррельге дейін қысқарады. Баға 3 және 13 пайызға өсіп, барреліне 93 және 102 долларды құрауы мүмкін.
Екінші нұсқа. Мұнай жеткізу күніне 3-5 млн баррельге дейін қысқарып кетеді. Баға 21-35 пайызға шарықтап шыға келуі мүмкін. Мұнай бағасы барреліне 109-121 доллардан кем болмайды.
Үшінші нұсқа. Қысқару деңгейі – күніне 6-8 млн баррель. Баға өсімі 56-75 пайызды құрап, «қара алтын» барреліне 140-157 доллардан саудалануы мүмкін.
Дүниежүзілік банктің бас экономисті Индермит Гиллдің болжамынша, Таяу Шығыстағы қақтығыс шикізат нарығы үшін ең үлкен шок (1970 жылдан кейінгі тіркеліп отырған) болып отыр. Оның сөзінше, бұл жаһандық экономикаға жойқын әсер етті, сондықтан ендігі ретте саясаткерлер мейлінше мұқият болуы керек. Егер қақтығыс ауқымы басқа аумақтарға ауысатын болса, әлем экономикасы соңғы он жылдықта алғаш рет күрделі энергетикалық соққыға ұшырауы әбден мүмкін.
«Мұнай бағасының жоғарылауы азық-түлік бағасының да өсуіне алып келеді. 2022 жылдың соңында 700 миллионнан астам адам аштық құрсауында қалды. Болып жатқан қақтығыстың эскалациясы тек өңір ішінде ғана емес, бүкіл әлемде азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді», дейді Дүниежүзілік банк бас экономистінің орынбасары Айхан Косе.
Ал қақтығыстың орасан ауқымды болып жатқанына қарамастан әлі күнге шикізат бағасына керемет әсер ете алмай жатуының себебі неде? Сарапшылардың айтуынша, әлем экономикасы әртүрлі шоктарға бой үйретіп алды және мұнай бағасының күйзелісін сіңіруге де дағдыланды. Сол себепті, баға өсімі қарқынды болып жатқан жоқ. Қазір әлем елдерінде мұнай экспорттаушылардың әртараптандырылған базасы және жаңартылатын көздерді қоса алғанда, кеңейтілген энергетикалық ресурстар молынан қалыптасқан.
«Кейбір елдер мұнайдың стратегиялық қорларын құрды, жеткізілімдерді үйлестіру тетіктерін жасақтады және мұнай тапшылығының бағаға әсерін азайту үшін фьючерстік нарықтарды дамытты. Осындай жақсартулардың нәтижесінде қақтығыстың күшеюі бұрынғыға қарағанда жеңілірек әсер етуі мүмкін. Дегенмен саясаткерлер көзжұмбайлыққа салынбауы керек. Кейбір шикізат тауарлары, мысалы алтын перспективасы туралы ойлануға тура келеді. Қақтығыс басталғалы алтын бағасы 8 пайызға өсті. Алтын бағасының геосаяси проблемалармен бірегей байланысы бар. Қандай да бір белгісіздік және жанжал кезінде оның бағасы өседі және бұл өз кезегінде инвесторлар сенімінің әлсірегенін білдіреді», дейді Дүниежүзілік банк баяндамашылары.
Биыл мамырда мұнай бағасы барреліне 70 доллар болып, біршама төмендеп кеткен еді. Кейін қайта өсе бастады, өйткені өндірушілер өндірісті қысқартып, нарықты қолдау ықыласын танытты. Ірі мұнай өндірушісі Сауд Арабиясы шілдеде өндірісті күніне миллион баррельге дейін қысқартатынын мәлімдеді. ОПЕК+ өзге мүшелері құлап бара жатқан бағаға байланысты өндірісті қысқартуға келісті. Қазіргі уақытта ОПЕК+ еншісіне әлемдік шикі мұнай өндірісінің 40 пайызға жуығы тиесілі. Сондықтан олардың қандай да бір шешімі әлемдік мұнай нарығына әсерін тигізеді.
Қарашаның алғашқы күндеріндегі мәлімет бойынша, Brent маркалы мұнай бағасы 0,6 пайызға өсіп, барреліне 85,13 доллар болса, West Texas Intermediate бағасы 0,8 пайызға өсіп, барреліне 81,04 долларға жетті.