Ақпарат құралдары Болат Назарбаевтың денсаулығы күрт нашарлап, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенін хабарлады
Сенбі күні кейбір бұқаралық ақпарат құралдары экс-президенттің туған інісі, Болат Назарбаевтың денсаулығы күрт нашарлағаны туралы ақпарат таратты.
365info.kz порталының хабарлауынша, Болат Назарбаев жұма күні кешкі уақытта шұғыл түрде Орталық клиникалық аурухана жеткізілген. Миокард инфаркті қайталанған болуы ықтимал деп жазады, портал.
«Қазіргі таңда Болат Назарбаевтың жағдайы ауыр және бір қалыпты емес, бүйрек жеткіліксіздігі көрсеткіштері нашарлап бара жатқаны байқалады», деп жазады басылым.
Алайда, бұл ақпараттық портал ешбір дереккөзге сілтеме келтірмепті.
КазТАГ ақпарат агенттігі де Болат Назарбаевтың хәлі күрт нашарлағаны туралы ақпарат таратты.
КазТАГ агенттігі жағдаймен таныс дереккөзге сілтеме жасап: Болат Назарбаев инфаркт алып, ауруханаға қайта шұғыл жеткізілгені расталғанын жазады.
Агенттікке ақпарат берген жанның хабарлауынша, Болат Назарбаевтың жақын-жамағаты осы жағдайға байланысты сенбі күнге жоспарланған шараны өткізбеген.
Еске сала кетейік, Болат Назарбаевтың денсаулығы нашарлағаны туралы ақпарат бұдан біраз уақыт бұрын да ақпарат құралдарында жазылған еді.
«Болатқа пневмония мен тромбозбен асқынған көмей ісігі диагнозы қойылған деген болжам бар. Болат Назарбаевтың жағдайы қант диабетіне байланысты өте ауыр екені атап өтілді», деп жазған еді «Курсив», ақпарат құралдарына сілтеме жасап.
2023 жылдың наурыз айында Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Болат Назарбаевты «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ акцияларының 31,9 пайызын мемлекетке қайтаруға міндеттегенін хабарланған еді
«Б.А.Назарбаев «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ жарғылық капиталының 31,9 % мөлшеріндегі жай атаулы акцияларын ҚР Министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» мемлекеттік мекемесіне беру арқылы мемлекет меншігіне қайтару міндеттелсін», – делінген қаулыда.
Маусым айында мемлекет меншігіне өткен «Барыс» базарын қайтарып алуға арыз берген Болат Назарбаевтың шағымы аппеляциялық сотта қаралғанын да жазған еді, «Курсив». Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы Назарбаевтың талабын қанағаттандырмады. Бұл жайлы Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
«Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы жауапкер Н.-ның Қарасай аудандық сотының 2023 жылғы 17 сәуірдегі қаулысына қарсы апелляциялық шағымы бойынша азаматтық ісін қарады. Қарасай ауданының прокуратурасымен мемлекеттік мекемелерге, сондай-ақ азамат Н.-ға қатысты жер телімдерін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану, жер учаскесіне меншік құқығы туралы мемлекеттік актілерді жарамсыз деп тану және жеке меншік құқығын мемлекеттік тіркеудің күшін жою туралы талап арызбен сотқа жүгінді», делінген хабарламада..
Жақында Болат Назарбаев «Алтын Орда» базарының иесі емес екені анықталды. Сауда және интеграция министрлігінде өткен брифингте министр Арман Шаққалиев тексеру қорытындысы туралы мәлімдеді.
«Білесіздер ме, біз зерделеген құжаттарда ол базар иесі деп көрсетілмеген. Сондықтан мен оның тұлғасы туралы, Болат Назарбаев меншік иесі, оның «құлағы бір жерден қылтиып тұр» деп айта алмаймын. Заң бойынша айта алмаймын», – деді А. Шаққалиев.