Жаңалықтар

Қазақстанға АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лу келеді

АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лу 4-11 қарашада Қазақстан, Өзбекстан және Үндістанға барады. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаменті мәлімдеді.

Дональд Лу АҚШ-тың Орталық Азияға сапарлайтын делегациясына жетекшілік етеді. Делегация қыркүйекте C5+1 форматында өткен алғашқы саммиттің жетістіктерін бекітпек.

Астанада АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Қазақстанның бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларымен кездеседі, АҚШ пен Қазақстан арасында стратегиялық әріптестікті кеңейту бойынша диалогқа қатысады деп айтылады.

Хабарламада айтылғандай АҚШ пен Қазақстан саяси және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты, экономикалық әріптестік пен адам құқықтарын қорғауды қоса алғанда, өзара мүдделі бірқатар мәселелерді талқылайды.

Сондай-ақ, Дональд Лу сөз бостандығы және әйелдер мен балалардың құқықтарын арттыру мақсатында азаматтық қоғам өкілдерімен де кездеседі.

Қазақстаннан ейін Дональд Лу Өзбекстанға жол жүреді.

Мемлекеттік хатшының көмекшісі Дональ Лу қауіпсіздік серіктестігін кеңейту және аймақтық мәселелерді шешуді талқылау, адамдар арасындағы байланысты нығайту және әртараптандыру арқылы екіжақты байланыстарды дамыту жолдарын талқылау үшін Өзбекстанның жоғары лауазымды шенеуніктерімен кездеседі.

«АҚШ делегациясы Қазақстан және Өзбекстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын, тәуелсіздігін растайды және бұл ұстанымынан айнымайды» деп жазылған хабарламада.

Содан кейін Мемлекеттік хатшының көмекшісі Дональ Лу мен АҚШ делегациясы Үндістанға аймақтық және жаһандық мәселелер, таза энергетика және қауіпсіздік ынтымақтастығы бойынша стратегиялық үйлестіруді талқылау үшін АҚШ пен Үндістан арасындағы 2+2 министрлік диалогы қарсаңында серіктестермен кездесуге барады.